14.11.2019, 18:59
Оқылды: 51

Ұлттық валютада берілген несие 28,3%-ға өскен

Әдетте көпшілік Ұлттық банк пен екінші деңгейдегі банктерді шатыстырады. Орталық банк, яғни еліміздің бас банкі еліміздің несие жүйесін бақылайды, реттейді және оның басшылық рөлі мемлекет берген өкілеттіліктермен анықталады. Ал екінші деңгейдегі банктер болса, халық шаруашылығына тікелей қызмет көрсетеді, коммерциялық негізде кең көлемді қаржылық қызмет жасайды, несиелейді. Бүгін ҚР Ұлттық банкі Батыс Қазақстан филиалында өткен Ұлттық валюта – теңге күніне арналған іс-шаралар барысында осындай тақырыпта әңгіме қозғалды.
DSC_0353

Филиал директорының орынбасары Сергей Родин жоғары аграрлық-техникалық колледж және Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің студенттерімен кездесуде осы мәселенің ара жігін ашып түсіндіріп, «Батыс Қазақстан облысы банк жүйесінің тарихы» тақырыбында дәріс оқыды. Сонымен қатар "Теңге – тәуелсіз Қазақстанның валютасы" тақырыбында өткен дөңгелек үстелде филиал мамандары теңгенің тарихынан, оның еліміздің экономикалық негізі екендігіне нақты мысалдар келтіре отырып, жиналған жастарға, қатысушыларға валюта, теңге тарихынан қызықты деректерді келтіре әңгімеледі. Басқосудың қорытындысы Елбасының: «Теңге – еліміздің тәуелсіздігінің нақты белгісі. Қазақ теңгесі халық игілігіне қызмет етіп, еліміздің байып, өркендеуіне әр уақытта қызмет етсін!» деген сөзімен аяқталды.

DSC_0364

Бұдан кейін студенттер, ашық есік күні шарасына қатысушылар Ұлттық банк филиалы музейін тамашалады. Бұл музей 1998 жылы қараша айында ұлттық валюта – теңгенің айналымға енгізілуінің бес жылдығына орай ашылған еді. Ондағы жәдігерлер облыстағы банк жүйесінің құрылу және даму тарихынан, бағалы мәнеттер мен теңге жайынан сыр шертеді. Мерекелік іс-шара аясында келушілер музейдегі жәдігерлермен танысып, әр елдің валютасының сол елдің өткенінен, бүгінінен, экономикалық дамуынан хабар беретіндігін түйсінді. Ақшаның шығу тарихын, теңгенің дизайны жайында әңгімеленді. Қазақстан валютасының әдемілігі, дизайнының тартымдылығы түрлі халықаралық конкурстарда дәлелденгені сөз болды. Мысалға, теңгенің 20 жылдығына орай шығарылған 20 000 теңгелік банкнот «2016 жылғы үздік өңірлік банкнот», номиналы 1000 теңгелік түркі жазба ескерткіші «Күлтегінге» арналған банкнот «2013 жылдың үздік банкноты», номиналы 10000 теңгелік «Бәйтерек» сериясының банкноты Халықаралық валюта қауымдастығының «2007 жылдың үздік жаңа банкноты», ұлттық валютаның 15 жылдығына орай шығарылған 5000 теңгелік банкноттағы «SPARK» қорғаныс элементі банкноттарды қорғауда үздік инновация деп танылған.

Ашық есік күні шарасы барысында қоғамдық қабылдауға келген азаматтарды филиал қызметкерлері жеке мәселелерімен қабылдады. Олардың көпшілігін банктерден алған несие түйткілі мәселелері толғандырады. Биылдың өзінде қоғамдық қабылдауға 285 азамат келген.

 «Адам өмірі қан айналымына байланысты жүреді, ал халықтың өмірі қаржы айналымының заңына байланысты жүреді» демекші, жалпы өңір түрғындарын, экономиканы несиелендіруде облыстағы екінші деңгейдегі банктердің жұмысы айтарлықтай.

Ашық есік күні филиал ұсынған мәліметтерге сүйенсек, биылғы 9 айдың қорытындысы бойынша 237,8 млрд. теңге көлемінде несие берілген. Бұл өткен жылғы осы мерзімдегі көрсеткіштен 27,7%-ға артық. Соның ішінде ұлттық валютада берілген несие шамасы (237,7 млрд. теңге) 28,3%-ға өсті. Ал шетелдік валютадағы берілген несие (0,1 млрд. теңге) 98,3%-ға кеміді. Жеке тұлғалар 112,3 млрд. теңге көлемінде несие алған, ол өткен жылғы сәйкес мерзімдегі көрсеткіштен 24,5%-ға артық, заңды тұлғаларға берілген несие шамасы 125,5 млрд. теңге, бұл өткен жылғы сәйкес мерзімдегі көрсеткіштен 30,8%-ға артық.

Екінші деңгейдегі банктер шағын кәсіпкерлік саласына 22,6 млрд. теңге, облыс тұрғындарына құрылысқа, баспана сатып алуға 18,4 млрд. теңге, тұтынушылық мақсаттарға 86,1 млрд. теңге көлемінде несие берген.

Биылғы 1 қазандағы жағдай бойынша несие бойынша жалпы бережақ 288,2 млрд. теңгені құрап, өткен жылғы сәйкес мерзімдегі көрсеткішпен салыстырғанда, 18,9 %-ға өсті. Жеке тұлғалардың несиелік берешегі 176,9 млрд. теңгені құрап, 15,4%-ға өсті. Ал заңды тұлғалардың несие бережағы 111,3 млрд. теңге болды және ол 7,5%-ға өсті.

Гүлбаршын Әжігереева

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале