21.11.2018, 18:31
Оқылды: 77

Ұлттық құндылығымыз жандана түспек

Жылқы – көшпенділер үшін ең киелі жануар. Әсіресе, қазақ халқының дүниетанымында жылқыға қатысты өзгеше философиялық-мәдени жүйе қалыптасқан.

арайгуль

Жылқы қазақтың ұлттық сана-сезім, рухани болмыс, тұрмыс-салт, әдет-ғұрып, мәдениет пен өнерінің тұтас бір айырылмас бөлігіне айналып кеткен. Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын оқып отырып, қазақ пен жылқы егіз екеніне тағы бір мәрте көз жеткіздім. Өйткені атқа міну мәдениетіне автор қазақтың ең бірінші ерекшелігі ретінде айрықша мән береді. Атқа міну мәдениеті мен жылқы шаруашылығы ең алғаш Қазақстан аумағында пайда болғаны туралы құнды дерек келтіреді. «Еліміздің солтүстік өңіріндегі энеолит дәуіріне тиесілі «Ботай» қонысында жүргізілген қазба жұмыстары жылқының тұңғыш рет қазіргі Қазақстан аумағында қолға үйретілгенін дәлелдеді. Жылқыны қолға үйрету арқылы біздің бабаларымыз өз дәуірінде адам айтқысыз үстемдікке ие болды. Ал жаһандық ауқымда алсақ, шаруашылық пен әскери саладағы теңдессіз революцияға жол ашты. Жылқының қолға үйретілуі атқа міну мәдениетінің де негізін қалады. Бес қаруын асынған салт атты сарбаз айбарлы көшпенділер империялары тарих сахнасына шыққан дәуірдің символына айналды» деп жазады.
Қазақтың тарихын жылқы жасаған деген де пікір бар. Өйткені ұлан-ғайыр жерін жаудан қорғаған ата-бабаларымыздың бүкіл ғұмыры ат үстінде өткен. Етін ас, қымызын сусын еткен, тіпті терісі мен қылына дейін тұрмыста пайдаланған. Елбасы қазіргі қазақтың сана-сезімінде, тұрмысында атқа міну мәдениетін қайта жаңғырту арқылы ұйықтап жатқан ұлттық рухты оятуды, ұлттық жадымызды серпілтуді көздеп отырғандай көрінеді өзіме.

Арайгүл ЖҰМАЕВА,
Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың оқытушысы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале