Қазақстанда Астана-Түркістан бағыты бойынша «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесінің екінші маусымы өтеді.
Жоба 6 қыркүйекте сағат 14.00-де Қаражар (Ильинка) ауылында басталады. Осы шара қарсаңында – 5 қыркүйекте елордадағы «Қазанат» ипподромында 18.00-де республикалық ұлттық спорт түрлерінің фестивалі аясында Жорықтың салтанатты тұсаукесері өтеді. Бұл туралы joryq.kz хабарлады.
Ұзындығы 1300 шақырым болатын маршрут Ақмола, Қарағанды, Ұлытау, Қызылорда және Түркістан облыстарын басып өтіп, 19 қыркүйекте Түркістан қаласында мәреге жетеді.
Марафон 14 бөлікке (бірінші және соңғы күні 50 шақырымнан; қалған күндері 100 шақырымнан) бөлінген.
Жобаның жүлде қоры – 65 млн теңге (демеушілердің есебінен). Жеңімпаз команда 30 млн теңге, екінші орын иегерлері – 20 млн теңге, қола жүлдегерлер – 15 млн теңге алады (Регламентке сай).
Марафон жұмысына екі халықаралық, екі қазақстандық судья және екі халықаралық, екі қазақстандық ветеринар шақырылған.
«Ұлы дала жорығы» жобасын республикалық «JORYQ» ат спорты федерациясы Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің, «Аманат» партиясының, ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының қолдауымен жүзеге асырады.
Фото: joryq.kz