20.05.2025, 16:30
Оқылды: 307

Ұлы жеңіске біздің де үлес зор

Сұрапыл да қатыгез Ұлы Отан соғысында немісфашист басқыншыларын талқандап, Жеңіске жетуде қазақстандықтар, соның ішінде Бөкей ордасы ауданының халқы да зор үлес қосты.

WhatsApp Image 2025-05-20 at 16.42.02

Жоғарғы қолбасшы Сталиннің ставкасы Сталинградты жаудан қорғау және неміс әскерін осы жерде талқандау үшін Сталинград аумағында 3-соғыс майданын құрды. Соның бірі – Сталинград майданы 1942 жылдың 12 шілдесінде құрылды. Осылайша тарихта теңдесі жоқ 200 отты күндер мен түндерге созылған Сталинград шайқасы басталды. Сталинград шайқасына екі миллионнан астам адам, 26 мың зеңбірек пен миномет, екі мыңнан астам танк және соншалықты ұшақ қатысқан. Бұл майдан – дүниежүзілік соғыстың барысына түбегейлі өзгеріс жасаған тарихи оқиға болды.

Міне, осындай зор шайқаста бүкіл қазақстандықтармен бірге ордалықтар да ерекше көзге түсті. Тек 1942 жылдың 18 маусымында Батыс Қазақстан облысында дайындықтан өткен 26 225 жауынгер Сталинград майданына жіберілді.

Қазақстан Сталинград облысының 300 шақырымға жуық жерімен шектесетіндіктен, жаудың Еділ өзеніне шығуына байланысты Қазақстанның батыс облысының екі ауданы Сталинград майданының жақын тылына айналды. Мемлекеттік Қорғаныс комитетінің бұйрығына сәйкес 1942 жылдың тамыз айынан бастап Орда ауданы Сталинград майданының қарамағына енгізіліп, «Соғыс жағдайы» жарияланды. Оның барлық шаруашылығы мен тіршілігі соғыстың жағдайына, майданның қажетіне бейімделді.

Неміс командованиесі майданды орталықпен, Мәскеумен, жалпы елмен байланыстырып тұрған жалғыз жолды үзіп, Астрахан – Урбах – Орал бағытындағы теміржолды істен шығару үшін оның бойындағы стансаларды және оның маңындағы қозғалысты дамылсыз бомбалады. 1942 жылғы қазан айының 25-інен бастап, КСРО Халық комиссарлар кеңесінің шешімі бойынша біздің ауданның жері Кеңес елінің әуе қорғанысы пункттерінің қатарына қосылды. Сол жылдың қазан-қараша айларында Сайқын, Шоңай стансаларына 22 рет топталған, 11 рет жекеленген түрде 138 жау ұшағы ұшып келіп, 538 бомба тастаған. Орда, Жәнібек аудандарының жерлеріне жау авиациясының бомбалауынан келген зиян Мемлекеттік төтенше комиссиясының актісі бойынша 7 161 693 сомға жеткен.

Сталинград шайқасы кезінде Қазақстанның Жәнібек, Сайқын, Шоңай сияқты теміржол стансалары Сталинград майданының соғыс қимылына тікелей қатысты. 1942 жылдың бірінші жартысында-ақ бұл жолдарға Сталинград үшін барлық қажетті жүкті тасу салмағы түсті. Жау авиациясының жиі-жиі шабуылы теміржол учаскелеріне көптеген қиындық келтірді. Әсіресе, Урбах – Астрахан теміржол линиясында, Сталинградқа жақын жердегі стансаларда жағдай ауыр болды. Соғыстың бастапқы кезінде неміс авиациясына қарсы біздің ұшақтар қауқарсыз болатын, бірақ кейін келген жаңа «ЯК-2» истребительдерімен аспанда батыл айқасып, жауға қырғидай тиіп, келген жағына кері қуатын болған. Қосапан елді мекенінде жаяу әскер бөлімдері тұрды. Осының бәрі жаудың назарынан тыс қалмайтын.

Бөкей ордасы ауданынан Ұлы Отан соғысында үш бірдей Кеңес Одағының Батыры шықса, Әбухан Еляев сияқты ағаларымыз партизан қозғалысына да қатысты. Атап айтқанда, қатардағы жауынгер Украина жеріндегі бір ұрыста ауыр жараланып, жау тылында қалып қояды. Сондықтан партизандар да сақтық жасап, мұны қабылдамайды. Амалсыз тегін Михайлов деп сендіріп, партизандар қатарына алынады. Бұл – аты шулы Кеңес Одағының Батыры Ковпактың партизан құрамасы болатын. Ол немістермен соғысып, Қарпат тауына дейін барады.

Барлық Кеңес халқы сияқты Орда ауданы еңбекшілері де майданға көмек берді. Ордалықтар Сталинград майданындағы жауынгерлерге 280 пұт ет, 22 пұт май, 220 пұт астық, 245 дана құс етін және жылы киімдер мен темекіні арнаулы делегация арқылы апарған. Оны сол кезде аудандық партия комитетінің әскери бөлімінің меңгерушісі болған, 1-дәрежелі Даңқ орденінің иегері Мұхтар Сәрсенғалиев бастап барған. Облыстық «Екпінді құрылыс» газетінің 1943 жылғы 11 қаңтардағы санында жарияланғандай, Бөкей ордасы ауданының еңбекшілері танк колоннасын құруға 3 миллион 500 мың сом ақша берген. Сондай-ақ аудандық өндіріс комбинатында фуфайка, қолғап, бөрік, күрте, шалбар тіктіру ісі ұйымдастырылған. Өндіріс комбинаты жанында тері илеу, байпақ цехтары болған. Ал Орда орман шаруашылығы мекемесінде жиде, акация тамырларынан ер-тұрман жасалып, майданға қолма-қол тапсырылған. Бұған қоса атты әскер дивизиясына арнап, ауданның 48 ұжымшар мен 67-жылқы зауыты майданға бірнеше жүздеген таңдаулы жылқысын жөнелткен. Аудан еңбекшілерінің майданға көмек берудегі осынау еңбектері Кеңес қолбасшылығы мен Үкімет тарапынан лайықты бағаланып, соғыс жылдары Бөкей ордасы ауданы Мемлекеттік Қорғаныс комитетінің Қызыл Туымен екі дүркін марапатталды.

Су мунарасы (2)

Ұлы Отан соғысы кезінде қолына қару ұстап, майданға аттанып кеткен азаматтармен қатар, еңбек майданында да нағыз ерлер жұмыс жасады. Кейіннен олардың еңбектері жоғары бағаланып, аудан бойынша 25 адам Социалистік  Еңбек  Ері  атанды.

Сөйтіп, майдан мен тыл біртұтастай біте қайнасып, барлық қиыншылықтарды бірлесе жеңді. Орда (қазіргі Бөкей ордасы) аудандық әскери комиссариаты арқылы 1941–1945 жж. соғысқа 4613 адам алынып, соның 3028-і оралмаған. Оның 2963-і – қатардағы жауынгерлер мен кіші командирлер, 651-і – офицерлер.

Осындай ерліктері мен еңбектерін ескере отырып, Бөкей ордасы ауданына «Жауынгерлік» және «Еңбек даңқы» атағын беруді сұраймыз. КСРО-ның Бас қолбасшысы Сталиннің өзі №0444 бұйрық шығартып, арнайы режім бекітіп, майдан тылы танылған Бөкей ордасы ауданы күні бүгінге дейін өз дәрежесінде лайықты  бағасын  ала  алмай  келеді.

Тілеген Арыстанбеков,

аудандық ардагерлер кеңесінің  төрағасы,

Бөкей ордасы  ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале