2.02.2023, 9:00
Оқылды: 79

«Үміткерлер орындай алмайтын уәде бермеуі керек»

«...Сайлау науқанын ұйымдастыру және оны өткізу ісінде аумақтық сайлау комиссиялары маңызды рөл атқарады. Енді облыстық сайлау комиссиялары кәсіби түрде тұрақты жұмыс істейді. Бұл шешім сайлауға қатысты іс-шаралардың сапалы атқарылуын қамтамасыз етеді.

Алдағы сайлаудың заңға сәйкес өтуіне, әділ әрі ашық болуына қатаң бақылау жасалады.Бұған Орталық сайлау комиссиясы және Бас прокуратура жауапты.Сайлау науқанын отандық және халықаралық байқаушылар жіті қадағалайды. Осы тұста азаматтарымыздың байқаушы ретінде белсенділік танытуы маңызды. Заңға сай барлық кандидат пен партияның бұқаралық ақпарат құралдарына шығуына бірдей мүмкіндік беріледі. Осы сайлау науқаны еліміздегі саяси мәдениеттің жоғары екенін айқын көрсетіп, қоғамымызды ұйыстыра түседі деп сенемін».

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Парламент Мәжілісі және мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы мәлімдемесінен.

Ақпан айының алғашқы бейсенбісі –Дүниежүзілік сайлау күні. Бұл атаулы күн 2005 жылы Венгер халық республикасында өткен сайлау науқанын ұйымдастырушылардың конференциясында бекітіліп, сол жылы Біріккен ұлттар ұйымының қолдауымен сайлау құрылымдарының кәсіби мерекесі ретінде аталып өтілді. Елімізде сайлау жүйесін оңтайландыруға жіті көңіл бөлініп келеді. Бірнеше рет өзгеріске ұшыраған аталмыш жүйе бүгінде  өзінің демократияға негізделген үлгісін қалыптастырды.  Бастысы, Ата заңда көрсетілген ел  азаматтарының құқығы сақталып, сайлау жүйесі жемісін беруде. Айтулы күн қарсаңында облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Ғайса Қапақовпен сұхбаттасудың сәті түскен еді.

Г.Капаков_2023

– Ғайса Хамидоллаұлы, бүгін – Дүниежүзілік сайлау күні. Атаулы күннің жай-жапсарына тоқталып өтсеңіз... 

– Иә, ақпан айының алғашқы бейсенбісі – Дүниежүзілік сайлау күні. Нақтырақ айтсақ, 2005 жылдың 4-17 қыркүйегінде Венгрияның Шиофок қаласында Дүниежүзілік сайлау конференциясы өтті. Жиынның басты шешімдерінің бірі – Дүниежүзілік сайлау күнін бекіту болатын. Содан бері бұл мереке жыл сайын ақпанның бірінші бейсенбісінде атап өтіледі. Дәл сол күні әр елдің Мемлекет және Үкімет басшылары бұқаралық сайлау туралы келісімшарттарға қол қойды. Атаулы күннің негізгі мақсаты – азаматтардың назарын сайлау құқығын қамтамасыз етуге аудару, сайлаушылардың белсенділігін арттырып, сайлау үдерістерін жетілдіру. Қазақстанның 18 жасқа толған кез келген азаматы жергілікті мәслихаттар, Парламент депутаттары мен Мемлекет басшысын сайлау арқылы таңдау жасау құқығына ие. Осылайша сайлаушылар конституциялық құқығын пайдаланып, мемлекетті басқару саласына тікелей араласа алады. «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» заңына сәйкес, кәмелеттік жасқа толған қазақстандықтар тегіне, жынысына, әлеуметтік жағдайына, нәсіліне, ұлтына және дініне қарамастан, сайлауға қатысып, дауыс беруге құқы бар. Тек соттылығы бойынша түрмеде отырғандар сайлауға қатыса алмайды.

– Мемлекет басшысы Мәжілістің және түрлі деңгейдегі мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауын биыл 19 наурызда өткізу туралы Жарлыққа қол қойды. Осы орайда «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» заңына бірқатар өзгеріс енгізілген. Бұл сайлаудың ерекшелігі қандай? Толықтыруларға тоқталып өтсеңіз...

– Дұрыс айтасыз, «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» конституциялық заңға көптеген өзгеріс енгізілді. Бірқатарына тоқталайын. Бұрын Мәжіліс және барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары тек партиялық тізім бойынша сайланатын. Қазір Мәжіліс депутаттарының 70 пайызы (69-ы) партиялық тізім бойынша, ал қалған 30 пайызы (29-ы) бір мандатты округтерден сайланады. Облыстық және республикалық маңызы бар қалалардағы мәслихаттардың депутаттары да аралас жүйемен сайланады. Депутаттардың 50 пайызы бір мандаттық жүйе арқылы, 50 пайызы партиялық тізім бойынша сайлауға түседі. Облыста 449 мыңнан астам сайлаушы бар. Соған сәйкес 15 сайлау округі, 504 учаскелік комиссия  құрылды. Сайлау комиссиясында 4101 мүше бар.  Бұл – бір.

Екіншіден, партия ұсынған депутаттардың 30 пайызы міндетті түрде қыз-келіншектер, жастар және мүмкіндігі шектеулі жандар болуы қажет. Ал Мәжіліс депутаттығына үміткерлерді тіркеуде Батыс Қазақстан облысы бір округ болып есептеледі. Яғни үміткерлерді тіркеумен облыстық сайлау комиссиясы айналысады. Ақпанның 8-іне дейін үміткерлер тіркеледі. Өңірімізде тіркелген жеті саяси партияның филиалы бар. Олар – «Amanat», «Ақ жол», «Ауыл» және жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы мен Қазақстан халық партиясы, «Байтақ» және «Республика» партиялары. Қалалық және аудандық мәслихаттың депутаттары бір мандат бойынша сайланады. Яғни жергілікті тұрғындар халық қалаулыларын өздері таңдап, сайлайды. Депутаттыққа үміткерлерді тіркеу таңғы сағат 09:00-ден кешкі сағат 18:00-ге дейін қабылданады. Сенбі-жексенбі күндері де сайлау комиссиясы жұмыс істейді.

Үшіншіден, сайлау бюллетенінде «Бәріне қарсымын» деген баған бар. Егер ұсынылған депутаттарға сеніміңіз болмаса, сол бағанды таңдайсыз. Аудандық, қалалық, облыстық мәслихат депутаттығына үміткерлер, алдымен, өтініш жазады. Содан соң 350 000 теңге жарна төлеп, салық декларациясын толтырады. Ал Мәжіліс депутаттығына үміткерлер 1  миллион 50 мың теңге сайлау жарнасын төлейді. Үміткер сайлаушылардың 5%-ға дейінгі дауысына ие болса, жарналары қайтарылады. Егер одан аз дауыс жинаса, төлеген жарнасы қайтарылмайды.

Сол себепті сайлауалды бағдарламасы халықтың қолдауына ие болатынына сенімді адам ғана депутаттыққа үміткер  болғаны  жөн.

Төртіншіден, егер Мәжіліске және түрлі деңгейдегі мәслихатқа сайланған халық қалаулылары сайлауалды бағдарламаларын орындамаса немесе халықтың аманатын билікке жеткізбесе, жергілікті тұрғындар кері қол жинап, ол депутатты мандатынан айыра алады. Сол себепті  үміткерлер орындай алмайтын  уәде  бермеуі  керек.

– Депутаттыққа үміткерлерге қандай талаптар қойылады? 

– Парламент Мәжілісінің депутаттығына соңғы 10 жыл бойы Қазақстан аумағында тұрған, 25 жасқа толған азамат үміткер бола алады. Ал мәслихат депутаттығына 20 жасқа толған Қазақстан Республикасының азаматы үміткер болуға мүмкіндігі бар. Заңда белгіленген тәртіппен өтелмеген немесе алынбаған соттылығы бар немесе сыбайлас жемқорлыққа жол берген адам ҚР Парламенті Мәжілісінің және мәслихатының депутаттығына кандидат  бола алмайды.

– Ғайса Хамидоллаұлы, сайлаушылар нені білуі керек? Тұрғындарға қандай кеңес айтар едіңіз? 

– Тұрғындарға айтарымыз, 4 наурыздан бастап тұрғындар тіркелген мекенжайы бойынша өзінің сайлаушылар тізіміне еніп-енбегенін тиісті әкімдіктің сайты немесе 109 колл-орталығы арқылы тексеріп алғаны абзал. Сонда сайлау күні реніш болмайды. Сондай-ақ дауыс беру күні өзінің тіркелген жері бойынша сайлау учаскесіне келе алмайтын әр азамат дауыс беру күніне 30 күн қалғанда, яғни 2023 жылғы  17 ақпаннан кешіктірмей тиісті әкімдікке өтініш беріп, өзінің нақты орналасқан жері бойынша сайлау учаскесінде тіркелуге құқылы. Аталған құқықты дауыс беру күні тіркелген жерінде болмайтын азаматтар, басқа қаладан келген, арнаулы жоғары және орта оқу орындарында оқитын, жатақханадан тыс тұратын студенттер, вахталық әдіспен жұмыс істейтін азаматтар да пайдалана алады.

Сайлауға қатысып, өз таңдауын жасау – әр азаматтың конституциялық құқығы. Облыстық сайлау комиссиясы үшін сіздің кімге дауыс бергеніңіз немесе «Бәріне қарсымын» бағанын таңдадыңыз ба, маңызды емес. Ең бастысы, елдің болашағына бей-жай қарамай, саяси науқанға белсене қатысыңыз. Ұсыныс-пікіріңізді жеткізіңіз. Аудан-ауылдарға қарағанда, қала тұрғындарының сайлауға қатысу белсенділігі төмен. Мажоритарлық жүйе сайлауға жаңа сипат беріп, азаматтардың құлшынысын арттырады деп ойлаймын.  Ең бастысы, өңір тұрғындары Жаңа Қазақстанды өзіміз құратынымызды және оның ең бірінші қадамы – сайлаудан басталатынын ұқса деймін.

Гүлсезім Бияшева,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале