Үндістанда Казиранга ұлттық саябағында суық ауа райына байланысты жануарларға көрпе жамылдырып, оларды үрлемелі жылытқыштар көмегімен жылытып жатыр.
Жабайы табиғатты қалпына келтіру және сақтау орталығының жануарларына көрпе мен жылытқыштар таратылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат NDTV сайтына сілтеме жасап.
«Біз, әсіресе, мүйізтұмсықтар мен пілдердің төлдеріне қамқорлық көрсетеміз, оларды жылы киіндіреміз», - деді Жабайы табиғатты қалпына келтіру және сақтау орталығының мал дәрігері Самсул Али.
Қазіргі кезде ұлттық саябақ қарауында тоғыз піл, бес жылқы және бір жолбарыс төлі, сонымен қатар басқа да жануарлар бар. Билік олардың тамақтануына ерекше көңіл бөлуде, оларға қоректік заттарға бай тамақ береді.
Ұлттық саябақтағы құстар қыс айларында суықтан қорғау мақсатында инкубаторларда ұсталады.
Сәрсенбі күні Казирангада ауа температурасы 10 градус жылы болды, бұл – рекордтық төмен температура.