31.10.2022, 9:45
Оқылды: 46

Университеттер әріптестігі нығаюда

2010 жылдан бері Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті мен Уфа мемлекеттік мұнай техникалық университеті әріптестік-ынтымақтастық қарым-қатынаста жұмыстанып келеді. Осы жылдар ішінде қос университет біліктілікті арттыру курстары мен бірлескен оқу практикаларын өткізіп, студенттер мен профессор-оқытушылар құрамының академиялық ұтқырлығын арттыру жұмыстарын да сәтті жүргізді. Яғни ғылыми-білім беру саласындағы әріптестік байланыс кеңейе түсті. 

DSC03194 (1)

Биыл осы ынтымақтастық шеңберінде магистранттарға қос дипломды білім берудің «Табиғи көмірсутектер кен орындарын игеру және пайдалану» бағдарламасы әзірленді. Бұл бағдарлама жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларының тізіліміне енгізіліп мақұлданды. Аталған білім беру бағдарламасы БҚАТУ-дың индустриалды-технологиялық институтындағы «Мұнай-газ және химиялық инженерия» жоғары мектебінің базасында әзірленді. Нәтижесінде «Техника ғылымдарының магистрі» академиялық дәрежесін бере отырып, ғылыми және педагогикалық кадрлар даярланады. Сонымен бірге «Қос дипломды білім беру» бағдарламасына сәйкес студенттерге білім туралы екі құжат алуға мүмкіндік туды.

Аталмыш ынтымақтастық осы күні одан әрі дами түсті. Соның арқасында БҚАТУ-дың базасында Уфа мемлекеттік мұнай техникалық университетінің өкілдігі ашылды. Интеграцияланған, ғылыми-білім беру кеңістігін құру арқылы халықаралық байланыстарды кеңейту және нығайту мақсатында құрылған жаңа білім базасының ашылуына ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев, Батыс Қазақстан облысының  әкімі Ғали Есқалиев, Уфа университетінің ректоры Олег Баулин мен проректоры Наиль Чанышев және өңіріміздегі жұмыс беруші серіктес компаниялардың басшылары қатысты.

DSC03118 (1)

Алдымен келген қонақтар мен өңір басшылығы университетке қарасты жаңа кабинетті салтанатты түрде ашып, лентасын қиды. Одан соң жиынға бейнебайланыс арқылы қосылған РФ Федерация Кеңесінің ғылымы, Білім және мәдениет жөніндегі комитетінің төрағасы Лилия Гумерова сөз алып, аталмыш өкілдіктің ашылуы екі ел арасындағы ынтымақты күшейтіп, қазақ елі мен ресейлік ғалымдардың байланысы нығая түсуіне үлкен септігін тигізетінін айтты.

-Уфа қаласындағы мұнай техникалық университетінде Қазақстаннан келген студенттер сонау КСРО кезінде де оқыды. Сондықтан біздің университеттің өкілдігі Қазақ елінің батыс қақпасы саналатын Орал шаһарында ашылып жатқаны қуантады. Өйткені бұл осы кезге дейін қалыптасқан достық қарым-қатынасты одан әрі нығайта түсуге сеп болады. Біздің университетте әлемнің 52 елінен келген 1 мыңнан астам студент білім алып жатыр. Олардың 25 пайызы – қазақстандық жастар. Жәңгір хан атындағы БҚАТУ біз үшін таңсық оқу орны емес. 2010 жылдан бері аталған білім ордасы мен Башқұрт елі астанасындағы мұнай техникалық университет тығыз қатынаста жұмыстанып келеді. Соңғы жылдары мұнай-газ саласында жұмыс жасайтын 5 мыңнанастам қазақстандық біздің университетте білімін жетілдірді. Жылдар бойы екі оқу орны ғылым саласындағы ынтымақтастықты нығайта білді. Болашақта да бұл жоба үзіліп қалмай, өз жемісін бере түсетініне сенімдімін, – деді өкілдіктің ашылуында бейнебайланыс арқылы сөйлеген Башқұртстан Республикасы Білім және ғылым министрінің бірінші орынбасары  Ильдар  Мавлетбердин.

Одан соң Уфа мемлекеттік мұнай техникалық университетінің ректоры Олег Баулин сөз алып, ЖОО-лар арасындағы байланыс нығая түсетінін айтты. Сонымен қатар облыс әкімі Ғали Есқалиевқа Башқұртстан Республикасының басшысы Р. Ф. Хабировтың алғысхаты мен кәдесыйын  тарту етті.

– Ел Президенті ҚасымЖомарт Тоқаев өз Жолдауында 2025 жылға дейін елімізде үздік деген шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарын ашуды тапсырған болатын. Қазіргі таңда Петропавл қаласында АҚШ-тың Аризона университеті өз филиалын ашса, Атырау және  Алматы қаласында екі ресейлік жоғары оқу орнының филиалы жұмысын бастады.

Бүгін салтанатты түрде тұсауы кесілген өкілдік – Президент тапсырмасының тыңғылықты орындалып жатқанының кепілі. Енді біздің жастардың әлемдік деңгейдегі білім алуға мүмкіндігі кеңейе түседі дегенге сенеміз, – деді ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш  Ерғалиев.

Жиында  облыс әкімі Ғали Есқалиев жаңа деңгейге шыққан екіжақты келісім жергілікті жастардың ғылымға деген ынтасын арттырып, білім деңгейінің өсуіне де сеп болатынына  сенім  білдірді.

– Былтыр Башқұрт еліне барған кезде сол жақта білім алып жатқан қазақстандық студенттермен кездескен болатынмын. Олар Орал мен Уфа арасында әуе байланысын ашып, екі қалаға қатынау үшін жағдай жасауды ұсынған еді. Сонымен қатар «Елден жырақтамай, өз туған жерімізде жүріп-ақ әлемдік стандартқа сай келетін білім алсақ» деген ойларын да жеткізген-ді. Бұл бағытта басты мәселелер шешілді. Болашақта Уфа университетінің филиалы ашылады деген де үміт бар. Осы өкілдік арқылы бауырлас қос ел арасындағы байланыс одан әрі дами түсетініне сенемін, – деді облыс әкімі.

Енді халықаралық ынтымақтастық шеңберінде батысқазақстандық университетте және өңіріміздегі мұнай компанияларының, сондай-ақ Уфа университетінің оқу-ғылыми-өндірістік полигонының базасында өндірістік практикалар ұйымдастыру жоспарланған. Сондай-ақ Жәңгір хан атындағы университеттің студенттерін Уфа университетінің жазғы мектебі базасында оқыту ұйымдастырылмақ.

Салтанатты жиыннан соң қонақтар «Ғылым – аймақтың экономикасы үшін» атты өндіріске енгізуге дайын ғылыми жұмыстардың көрмесін тамашалап, «Erasmus+» жобасы бойынша ашылған робототехника зертханасының ашылуына қатысты. Ол жерде Жәңгір хан атындағы университет студенттері мен оқытушылары жасаған жаңа заманғы технологиялық бұйымдар таныстырылды. Іс-шара соңы негізгі серіктес жұмыс берушілер мен университет түлектерінің кездесуіне  ұласты.

Түгелбай  Кенжеғалиұлы,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале