Орал қаласында «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг б. в.» компаниясының және ҚР Энергетика министрлігінің, БҚО әкімдігінің, облыстық мамандандырылған табиғатты қорғау прокуратурасының бастамасы және қолдауымен "Uralsk Green Forum" – І халықаралық экологиялық форумы өтуде. Басқосу 5 маусымда бүкіл әлемде өткізілетін Дүниеүзілік қоршаған ортаны қорғау күніне орай өткізілуде.
Форумға қатысушылар «ЭКСПО-2017» көрмесінің қарсаңында «Жасыл экономика» тұжырымдамасын ілгерілету аясында экологияның және энергия үнемдеудің өзекті мәселелерін талқылады. Сонымен қатар қалдықтарды өңдеу саласындағы заманауи әдістер мен шешімдерді қарастырып, талқылады.
Экологиялық форумға 150-ден астам делегат және қоршаған ортаны қорғау, жасыл технолиялар, энергияның тиімділігін арттыру, қалдықтарды өңдеу саласының сарапшылары, салалық министрліктер мен ведомстволардың, мемлекеттік құрылымдардың өкілдері, мұнайгаз компанияларының топ-менеджерлері, қоғамдық бірлестіктердің және салалық қауымдастықтардың басшылары қатысты.
«Біз Орал қаласында жұмысын бастаған «Uralsk Green Forum» бірінші халықаралық экологиялық форумында барлық мүдделі тараптарды қарсы алуға қуаныштымыз. Экологиялық форум жұмысы барысында қоршаған ортаны қорғау, энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру мәселелерінде бизнес пен мемлекеттің ашық диалогының бірегей мүмкіндігі беріледі», - деді «КПО б.в.» компаниясының бас директоры Ренато Мароли.
Облыс әкімі Алтай Көлгінов форумға қатысушыларға «қош келдіңіздер» айта келе: «Uralsk Green Forum» халықаралық экологиялық форумы жер қойнауын пайдаланушылар мен уәкілетті органдар арасындағы өзара байланыстың тиімді жүйесін қалыптастыруға септігін тигізеді», - деді. Облыс басшысы форумға қатысушыларды экологиялық форумды жыл сайын Орал қаласында өткізуді ұсынған «ҚПО б.в.» компаниясының бастамасын қолдауға шақырды. Форум бұл ұсынысты мақұлдады.
Форум аясындағы сессия жұмыстарында қоршаған ортаны қорғау саласында зерттеулердің ғылыми тәжірибесі, ең жаңа технологиялар, энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру арқылы экономикалық өсімге қол жеткізу, мұнайгаз саласындағы қалдықтарды басқару саласындағы инновациялық шешімдер және өзге тақырыптар сөз болып, қатысушылармен талқыланды. Жиынға қатысушылар Ресей Федерациясының экология, энергетика және тұрақты даму бойынша комиссиясының төрағасы Евгений Гоша, БҚО табиғат қорғау прокуроры Асылан Жанатауов, ҚР жобалық менеджерлер одағының президенті Алексей Цеховой, «Фин Бизнес Хаб» халықаралық инвестициялық компаниясының директоры Мұхтар Манкеев және өзге де спикерлердің күн тәртібіндегі тақырыптары бойынша әңгімелерін тыңдап, пікір алмасты.
Басқосу тәжірибе алмасудың және «Жасыл экономика» тұжырымдамасын жүзеге асыру аясында кейінгі өзара ынтымақтастық үшін тұғырнама құрудың тиімді алаңына айналды.
Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА
«Орал өңірі»
zhaikpress.kz