Бүгін Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде осыдан 35 жыл бұрын үлкен өмірге жолдама алған түлектердің кездесуі өтті.

1990 жылы сол кездегі Батыс Қазақстан ауыл шаруашылық институтының «Ауыл шаруашылығын механикаландыру» (қазіргі Политехникалық институт) факультетін бітірген түлектер ертемен білім ордасының ауласына жиналып, бір-бірімен қауышып, университет аумағын ерекше салтанатқа бөледі.
Жоғары оқу орнының үлкен залына жиналған түлектерді құттықтаған университеттің басқарма төрағасы-ректор Асқар Наметов оларға ризашылығын білдірді. – Өмір жолында әр адамның жүріп өткен белестері мен тағылымды тұстары болады. Соның ішінде білім алған ордасының орны ерекше. 35 жылдың ішінде елімізде де, университетімізде де сан түрлі өзгерістер орын алды. Бірақ өзгермейтін бір ақиқат – ол ата-анаға, білім мен тәрбие берген ұстазға, алтын ұя – оқу орнына деген құрмет. Әр адам ең алдымен өзіне өмір сыйлаған ата-анасына қарыздар. Ал өмірлік жолды нұсқап, болашаққа бағыт берген мектеп пен университетке деген алғыс – әр жүректегі орны бөлек сезім. Бүгін сіздер де осы игі дәстүрден жаңылмай, Жәңгір хан университетіне келіп, өз ықыластарыңызды білдіріп отырсыздар. Бұл – нағыз адамдықтың, шынайы алғыстың белгісі, – деді Асқар Мырзахметұлы.
Бұдан соң мінберге көтерілген ғалым-ұстаз, Жәңгір хан университетінің профессоры, техника ғылымдарының докторы Ермек Айталиев 1990 жылғы түлектерге дәріс бергенін, олардың білімді, белсенді, ұлтжанды болғандарын мақтанышпен айтып өтті. Түлектер атынан сөйлеген Темірғали Ескендіров, Есенгелді Арыстанғалиев сол кездегі «Ауыл шаруашылығын механикаландыру» факультеті ұстаздары шәкірттерін жан-жақтылыққа, әр салаға бейімділікке үйреткенін жеткізді. Аталған факультетті бітірген мамандардың бүгінде ғылым-білім, ауыл шаруашылығы, мұнай-газ, құқық қорғау, ішкі істер, қорғаныс, бизнес салаларында жемісті еңбек етіп жүруі – сонын дәлелі.
Түлектер өздері оқыған Политехникалық институтта болып, ғимарат ішін аралап, бүгінде оқу орнында еңбек етіп жүрген Ермек Айталиев, Бекет Нуралин, Алтынбек Дәулетияров секілді ұстаздарымен жүздесті. Ақтөбе қаласынан келген ұстаздары Ахмет Мырзағалиев те шәкірттерінің ортасынан табылды. Содан кейін түлектер институт ауласына өз қолдарымен отырғызған аққайың ағаштарына су құйып, арнайы тақтайша орнатты.
Облыс аудандарынан бөлек Астана қаласынан, Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау өңірлерінен келген түлектер университеттің вокалды ансамбліне музыкалық аспаптар тарту етті. Ал Политехникалық институттың төрт студентіне 100 мың теңгеден бір реттік шәкіртақы сертификатын табыстады.
Салтанатты кездесуден соң қонақтар БҚАТУ-дың «Мәдениет және өнер студиясы» өнерпаздары дайындаған концерттік бағдарламаны тамашалады.
1990 жылы «Ауыл шаруашылығын механикаландыру факультетін» тәмамдаған 126 түлектің 112-сі бүгінгі «Түлектер кездесуіне» арнайы келіп қатысты. Қазіргі таңда бұл факультет жаңа заман талабына сай қайта құрылып, Политехникалық институт атауын иеленді. Бүгінде аталмыш институтта бакалавриат, магистратура және докторантураны қамтитын 18 бағыт бойынша білікті мамандар даярланып, жыл сайын 200-ден астам жас түлек үлкен өмірге жолдама алуда.Ұрпақтар сабақтастығының жарқын үлгісін көрсетіп келе жатқан бұл институттың әр жылғы түлектері білім нәрімен сусындатқан алтын ұясына, ұстаздарына деген алғысын ешқашан ұмытқан емес. Бүгінгі кездесу де – сол тағзым мен құрметтің айғағы.
БҚАТУ медиа орталығы