Таяуда оралдық шебер Михаил Аманқұловтың «Шабыт» атты сурет көрмесі өтті. Аталмыш көрмені Орал қалалық көрме залы мен «Тең қоғам» әлеуметтік қолдау орталығы ұйымдастырды.

Бұл іс-шараға қалалық көрме залының басшысы Ахмет Ғиниятов, өнерсүйер жұртшылық пен студент жастар қатысты. Айта кетелік, көрме залына суретшінің гауһар мозаикасы арқылы жасалған туындылары қойылды. Бір портретті салу үшін аутор 2 айға жуық уақытын сарп етеді екен. Көз майын тауысып, екі мыңнан аса моншақтан туынды құрау өнерге деген махаббат екенін айтады М. Аманқұлов.
– Сурет салуды, ағаш пен басқа да заттардан туындылар жасауды бала күнімнен ұнатамын. Бірақ тағдырдың жазуымен жұмыс кезінде мертігіп, І топ мүгедегі атандым. Осы орайда, үзілген үмітімді жалғап, жігерімді жаныған өмірлік серігім Мастура Шапиғоллақызына алғыс айтамын. Менің туындыларымда көбіне шаһар сұлулығы, табиғат әсемдігі, ішкі жан сырым суреттеліп, бейнеленеді. Өзім өзгелерге үлгі болып, адамдардың өмірге деген құштарлығын арттырғым келеді. Өмір болғасын адам жолынан түрлі қиындық кездеседі. Тек оған мойымай, еңсере білуіміз керек, – дейді шебер.

Іс-шара барысында жас талант Жанерке Төлеген ән шырқап, көпшіліктің қошеметіне бөленді. Ахмет Тілегенұлы шебердің қолынан шыққан туындыларына танданысын жеткізіп, оған шығармашылық табыс тіледі.
Нұрым Ғұмар,
«Орал өңірі»