29.10.2024, 10:45
Оқылды: 78

Үш дүркін әлем чемпионы: Қазақстан еркін күрес көшбасшысы Ризабек Айтмұхан ба?

Қазақстандық еркін күрес балуаны Ризабек Айтмұханның нәтижелері көңіл қуантарлық. Балуан – үш дүркін әлем чемпионы. Жас спортшы бұл жетістіктермен шектеліп қалмақ емес. Толығырақ Olympic.kz материалынан оқи аласыздар.

IMG_0202

Суреттер: UWW / Olympic.kz

Биыл Испанияда өткен 20 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы әлем біріншілігінде Ризабектің «алтын» алатынына ешқандай күмән болмаған және солай болды. Қазақстандық балуан әлем чемпионаты бойы қарсыластарынан басым екенін көрсетті.

Кеше, 27 қазан күні аяқталған жастар арасындағы әлем чемпионаты алдында азғантай күмән болғаны жасырын емес. Оған Париждегі Олимпиадада сәтті өнер көрсеткен 22 жастағы ирандық Амир Али Азарпира себеп еді. Ол бір рет қана жеңіліс тапқан. Али  кейіннен Олимпиада ойындарының жеңімпазы атанған Ахмед Тажудиновке (Бахрейн) ғана есе жіберген-ді. Оның өзінде жекпе-жек азулы болды, бахрейндік қарсылас ирандықты 3:4 есебімен жеңген.

Жұбаныш раундында Азарпира Әлішер Ерғалиға еш мүмкіндік қалдырмады, ал қола жүлде үшін таласта Олимпиада чемпионы, әлем чемпионатының жеті дүркін чемпионы Кайл Снайдердің (АҚШ) өзінен басым түсті. Сарапшылар жас балуанды бірден еркін күрестің болашақ жұлдыздарының тізіміне енгізді.

Осылайша жастар арасындағы әлем чемпионаты алдында ол басты фаворитке айналды. Ал көп жанкүйер оның Ризабекпен белдесуін асыға күтті.

Бұл салмақ дәрежесінде Азарпира ғана біздің балуанға төтеп беретіндей еді. Алайда жекпе-жек болған жоқ. Амир Али әлем чемпионатына жарақат  салдарынан бара алмай қалды. Кездесу тағы да кейінге шегерілді.

Ол жоқ кезде Айтмұхан да тиісті бәсекелес таппады. Жастар арасындағы әлем чемпионы ресейлік Шамиль Гаджиалиев те боз кілемде өзін көрсете алған жоқ. Ресейліктің физикалық дайындығы өте мықты. Алайда Ризабекке қарсы белдесуде ол өз әлеуетін толық аша алмады. Біздің балуан айтарлықтай қателік жібере қойған жоқ, салқынқандылық танытып, қарсыластың әр қатесін ұтымды қолданды.

Иә, финалда Азарпираны алмастырған Махди Марафа (Иран) ұпай ала алды.  Бірақ бұл біздің спортшының жеңісіне шүбә келтіруге негіз болған жоқ. Айтмұханның кілемдегі қимыл-қозғалысы жылдам әрі тиімді болды. Сәт өткен сайын ол өзінің басымдылығын дәлелдей түсті.

Марафа кілемдегі басымдықты өз қолына алған сәттер де болды. Алайда Ризабек қарсыласына мүмкіндік берген жоқ.

Жастар арасындағы әлем чемпионатында төрт белдесуде Ризабек тек он ұпайды қолдан жіберді. Ол жинаған жалпы ұпай саны 39-ға тең болды. Жартылай финалға дейін қарсыластарынан басым түсіп отырған ол барлық белдесуін дерлік мерзімінен бұрын аяқтады. Бұл оны өз салмағында көшбасшы етіп отыр.

Бір жылда Айтмұхан үш әлем чемпионатында жеңімпаз атанды. 2023 жылы ол ересектер арасындағы әлем чемпионатын жеңген тұңғыш қазақстандық ретінде тарихқа енді. Биыл күзде Ризабек 20 жастағы балуандар арасындағы әлем чемпионатында алтын медаль алды, ал енді жастар біріншілігінде алтын жүлдегер атанып отыр. Бұл да тарихи жетістік.

Қазірдің өзінде Ризабек 20 жасында еркін күрестен Қазақстан командасының негізгі көшбасшысы атанып отыр. Құрамада мұндай жетістікке ешкім жетіп жүрген жоқ. Одан бөлек оның әлемдік деңгейде жұлдыз атануға барлық мүмкіндігі бар. Бұл тұста бәсеке де жоғары болатыны анық.

Алайда қазақстандық спортшы техникалық базаны, балуан зиятын жақсы меңгерген, оған қоса күшке ие және жылдам шешім қабылдауға қауқарлы, икемді әрі батыл. Бұл қасиеттердің барлығы Ахмед Тажудинов (Бахрейн), Кайл Снайдер (АҚШ), Абдулрашид Садулаев (Ресей), Амир Али Азарпира (Иран) сынды азулы қарсыластарға қарсы жекпе-жектерде көмек болмақ.

Айта кету керек, Азарпирамен қатар, қазақстандық балуан атақты Тажудиновке сес көрсете білген санаулы спортшылардың бірі. Иә, Азия чемпионатында Айтмұхан оған есе жіберді, алайда олимпиадалық чемпион толық басым түсе алмады.

Жастар арасындағы біріншілік Ризабек үшін өткен шақ сияқты. Оған тағы бір мәрте қатысуға, әлбетте болады. Алайда дарынды еркін күрес балуанының бүгінгі мақсаты одан да биік.

Ол ересектер біріншілігін «алтынмен» аяқтаған. Бірақ ол кезде салмақ категориясы да басқа болатын. Ал енді қазақ балуаны әлем деңгейіндегі олимпиадалық дивизионда 97 келіге дейінгі салмақтағы балуан ретінде ойып орын алуды жоспарлап отырғаны анық.

Келесі Олимпиадаға «алтыннан» үмітті фавориттер қатарында баруға әлеует зор. Қазір ол 20-ақ жаста. Қазіргі жағдайды бағамдасақ, ол бабында. Бастысы, басқа жағынан сүрінбесе болғаны. Денсаулығын күтіп, ауыр жарақаттардан сақтанып, жаттығулардан қалыс қалмау маңызды. Дәл осылай жалғаса берсе, оның жетістіктеріне әлі талай мәрте куә боламыз. Бұл үшін оның шеберлігі, физикалық мүмкіндіктері де жетеді.

Жаңа маусымдағы түрлі турнирде басты қарсыластарымен белдескен  кезде бәрі де айдан анық болады.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале