Хадиша Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрының шығармашылық құрамы «Дина» деректі драмасының премьерасын өткізді.
Тұсаукесер қойылымға пьеса ауторы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, жазушы-драматург Маржан Ершу, «Халықаралық театр сыншылары бірлестігінің» президенті, өнертану кандидаты, театртанушы Анар Еркебай, сондай-ақ зиялы қауым өкілдері және театрсүйер қауым қатысты. Қойылымның режиссері әрі сценография ауторы – Хадиша Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрының бас режиссері, өнертану магистрі Алмат Шәріпов. Бұл деректі драма әйгілі күйші, Қазақстанның халық әртісі Дина Нұрпейісоваға арналған.
– Дина күйші түсіме енді. Содан кейін мен оның шығармашылығын, өмір жолын зерттей бастадым. «Дина» атты поэма жаздым. Поэма түрік тіліне аударылды. 2006 жылы «Шырақ» деген жыр кітабымды оқыған белгілі режиссер Болат Атабаев «Сен поэзияда неғып жүрсің?! Сен драматургияның адамысың ғой, маған бір драма жазып берші» деді. Мен жаздым. Бұл тұңғыш драмалық шығармам еді, 2012 жылы жазылды. «Мына «Динаңды» сахнаға шығарамын» деп жүргенімен, ол кісі өкінішке орай Германияға кетті. «Келер, сосын қолға алар деп күттім, үміттендім. Болат Атабаев аға өмірден өткен соң ойлана бастадым. Ақырында осы қойылымды Оралдағы Хадиша Бөкеева атындағы қазақ драма театрына ұсындым. Спектакльдің Оралда сахналанғанына қуаныштымын. Әртістерге, қойылым режиссеріне дән ризамын, – деді Маржан Аманқосқызы.
Көпшіліктің жадында Дина күйшінің кемелденген шағындағы бейнесі сақталып қалған. Қойылымның бір ерекшелігі – пьеса барысында көрермен қауым тарихи тұлғаның жұртшылық біле бермейтін балалығы, жастығы және кемелденген шағы туралы біраз дерек-дәйекке қанығады. Өмірдің осы бір үш кезеңі бір-бірімен байланыстырылып, көркем суреттелген. Бұтақтарды қолына ұстаған әртістер алып домбыра ағашын құрастырады. Бұтақтар – Динаның шашыраған ойлары секілді. Киіз үйлердің әуеде қалқып тұруы – қойылым суретшісінің ұтымды шешімі. Бұл көрініс күйші өмір сүрген кезеңді көз алдыңа әкеледі. Бір сәтте бұтақ сынады, бір сәтте бұтақтар аспапқа айналады. Сұңғақ бойлы Құрманғазы... Ол Дина ауылына келеді. Қашағанның рөлін сомдаған әртістің «Боқтағаның қай ағаш?!» жырын сахнада орындауы, әрине, әсерлі болды. Дина күй тарта бастағанда Құрманғазының маңындағылар азая бастайды. Ақыр соңы сахнада тек Құрманғазы мен Дина қалады. Бұл арқылы режиссер екі алыптың арасындағы терең байланысты аңғартқандай. Спектакльде – қазақ музыкасын зерттеуші көрнекті ғалым, әйгілі композитор, дирижер, қазақтың әнін, қазақтың күйін сақтап қалуға бар күш-жігерін жұмсаған Ахмет Жұбанов та бар.
– Қадірлі театрсүйер қауым, алтын уақыттарыңызды бөліп, жаңа қойылымды тамашалауға келгендеріңізге мың рақмет! Дина анамыздың қилы тағдырын бір сағатқа сиғызу мүмкін емес. Бұл кісі – 13 құрсақ көтерген ана. Ол азамат соғысын да, ашаршылықты да, Ұлы Отан соғысын да бастан өткеріп, әлгі үш нәубет-зұлматтың да тақсыретін жан-тәнімен сезінген жан. Өйткені осының бәрі Дина шешей өмір сүрген кезеңде орын алды. Дина образы арқылы қазақ қызының қайсарлығы, төзімділігі ашыла түсті. Күйші өмірде қаншама қиындық көрсе де, сынбады, тек қана алға ұмтылды. Әйгілі композитор Ахмет Жұбановтың шақыруымен 75 жасында Алматы қаласына барды. Сол шаһарда 19 жыл тұрды. Дина Кенжеқызы 1955 жылдың 31 қаңтарында 94 жасында Алматы қаласында қайтыс болды. Биыл күйшінің өмірден өткеніне – 70 жыл. Қойылымды Дина Нұрпейісованың жиен шөбересі Бағила Бисаева бізбен бірге тамашалады. Ол кісіге амандық-саулық тілейміз, – деді облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Қуанышбек Мұханғалиев.
Қойылым соңында өнерпаздарға облыс әкімінің ықылас гүлі табыс етілді. Көрермендер әртістерге құрмет-қошемет көрсетіп, гүл шоқтарын ұсынды. Қойылым режиссері Алмат Нұрланұлы спектакльді дайындау барысында біраз ізденгенін жеткізді. Күй өнері жайында кітаптар оқып, осы өңірдегі күйші-домбырашылармен бірнеше мәрте сұхбаттасқанын айтты. Бастысы, спектакль жөнінде көрермендер де жақсы пікірде.
– Қойылым ұнады. Дина күйші жайында көптеген маңызды мәлімет қамтылған. Театр әртістері өз рөлдерін жоғары деңгейде сомдады. Олар өз рөлдерін жауапкершілікпен алып шықты. Бас кейіпкердің өмірінің түрлі кезеңін үш әртіс кезектесе бейнелесе де, сюжеттер бір-бірімен байланыстырылған. Дина – қыз, Дина – жар, Дина – күйші... Сахнадағы безендірулер де өте орынды. Таңдалған түстер көріністерге ерекше әсер беріп тұр. Режиссерден замауи минимализм стилін байқағандай болдық. Қойылым көрерменнің көңілінен шықты, – деді Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің аға ғылыми қызметкері Нұрбек Ғиниятов.
Мәрлен Ғилымхан,
«Орал өңірі»