Ғылым – адамзат өркениетінің басты қозғаушы күші. Ал осы жолда аянбай тер төгіп, білім мен ізденісті өмірінің мәніне айналдырған жандар – қоғамның нағыз шамшырақтары. Айсұлу Тасимова – ұлттың рухани дамуына, педагогикалық ғылымның өркендеуіне, жастардың сапалы білім алуына өлшеусіз үлес қосқан тұлға. Ол – педагогика мен психология ғылымының терең иірімдеріне бойлаған, халықаралық деңгейде мойындалған білікті маман.
Айсұлу Ахмадқызы 1949 жылы 1 мамырда Шыңғырлау ауданының Сегізсай ауылында қарапайым, еңбекқор адамның отбасында дүниеге келді. Ата-анасы адал еңбегімен елге сыйлы жандардың қатарында болды. Балалық шағы кең далада, қазақы дәстүрге бай ортада өтті. Ол ауыл мектебінде білім алып, кейін Лубен совхозы орталығындағы орта мектепті үздік тәмамдады. Білімге деген құштарлығымен ерекшеленген талабы таудай жас қыз ұстаздық мамандықты жүрек қалауымен таңдаған. Болашақ ғалымның Орал қаласындағы А. Пушкин атындағы мемлекеттік педагогикалық институтында білім алуы кездейсоқ таңдау емес. Мұғалім болу – білімнің негізін қалап, адам тағдырын қалыптастырумен тең. Осы жауапкершілікті сезінген жас түлек өз саласының үздігі болуға бел буды. Ол жоғары оқу орнын аяқтаған соң, республикалық мектептерде ұстаздық етті. Жас мұғалім ретінде өз ісіне аса жауапкершілікпен қарап, ағылшын тіліндегі әр сабағын инновациялық әдіспен өткізді. Жоғары білімі мен біліктілігінің арқасында білім беру саласында үлкен қадамдар жасады.
– 1980 жылы Орал педагогикалық колледжінде оқытушы болып қызмет еттім. Бұл кезеңде жас педагогтермен жұмыс істеп, оларға бағыт-бағдар бердім, студенттермен тәрбиелік іс-шаралар ұйымдастырып, болашақ ұстаздарды дайындауға кірістім. Еңбегімнің бағаланғаны шығар, 1983 жылы Орал қалалық халық депутаттары кеңесінің атқару комитетіне жауапты қызметке шақырылдым. Бұл кезең – Кеңес өкіметінің соңғы жылдары, қайта құру кезеңімен тұспа-тұс келген уақыт. Қоғамда үлкен өзгерістер болып, басқару жүйесі түбегейлі өзгере бастады. Мемлекеттік басқару құрылымдарында қызмет еткен жылдары қаладағы білім беру жүйесін жетілдіруге үлес қостым. Кеңестік басқару жүйесі ыдырап, нарықтық экономикаға көшу кезеңі басталғанда жаңа бағытта, ғылыми-әдістемелік салада еңбек етуге кірістім. Алғашқылардың бірі болып жолдамамен қызметке барған Батыс Қазақстан облыстық мұғалімдер білімін жетілдіру институтында Ресей Ғылым академиясының ересектерге білім беру орталығының филиалын ашып, филиалдың атқарушы мүшесі ретінде қызмет атқардым. Осы ауқымды жобалар аясында облыста жұмыссыз жүрген жастарға арналған қазақ тіліндегі бірнеше оқу орталығының ашылуына ұйытқы болып, балабақша тәрбиешілері мен бастауыш мектеп мұғалімдерін даярлау бағдарламасын жүзеге асыруға күш-жігерімді сарп еттім, – деді әңгіме барысында А. Тасимова.
Кәсіби шеберлігін үнемі шыңдауға ұмтылған Айсұлу Ахмадқызы 1994 жылы Санкт-Петербург қаласындағы Ресей білім академиясында педагогика ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін диссертация қорғады. «Ересектерге білім берудің көпсалалы институттарын ұйымдастырудың әлеуметтік-педагогикалық шарттары (Қазақстан материалында)» тақырыбындағы ғылыми жұмысы білім беру саласына жаңаша көзқарас әкелді. Ғылымдағы жетістіктері оның кәсіби биіктерді бағындыруына мүмкіндік берді. 1993 жылы Қазақстан Республикасының ағарту саласындағы ерекше еңбегі үшін «ҚР ағарту ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталды. 1996 жылы Қазақстан Республикасы жаратылыстану ғылымдары академиясының корреспондент-мүшесі болып сайланды. Ал 1997 жылы орыс тілінде «Сенситивные образовательные модели в условиях трансформации» монографиясын жариялады. 1997 жылы Қазақстан Республикасы жоғары аттестациялық комиссиясының шешімімен оған «доцент» атағы берілді. 2002 жылы Орталық Азия университетінің профессоры атанса, 2011 жылы Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінде «профессор» ғылыми атағына ие болды. Ғалымның ізденісі шекара асып, халықаралық деңгейге көтерілді. 2015 жылы Францияның халықаралық Конкорд академиясының корреспондент-мүшесі ретінде танылды.
– Мен оқытушылық қызметпен шектелмей, білім беру жүйесін дамыту жұмыстарына араласуды жөн көрдім. «Life long learning», яғни «Оқы, оқы және оқы» деген ұстаныммен үздіксіз білім беру жүйесінің барлық деңгейінде қызмет атқардым. 1987-1998 жылдары Орал мемлекеттік педагогикалық институтында оқытушы, Батыс Қазақстан гуманитарлық университетінде кафедра меңгерушісі, 1998-2000 жылдары Орталық Азия университетінің Орал филиалында оқу жұмысы жөніндегі проректор қызметін атқардым. 2000-2002 жылдары осы филиалдың ректоры болып, оқу орнының дамуына атсалыстым. Кейін 2003-2005 жылдары Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінде профессор, 2006-2019 жылдары сол университеттің гуманитарлық зерттеулер институтында директордың орынбасары лауазымында қызмет еттім. Бұл кезеңде әріптестеріммен білім саласын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған зерттеулер жүргіздік. 2006-2018 жылдары аралығында Ақтөбе облысы бойынша мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасына қатысып, ел тарихы мен руханиятын, мәдениетін зерттеп, зерделеуге үлес қостық. 2014 жылы Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінде қызмет етіп жүргенде «Болашақ» президенттік бағдарламасының грантын жеңіп алып, Нидерландының Лейден және Гаага қалаларында білімімді жетілдірдім. Елге оралғаннан кейін 2019 жылдың қыркүйегінен бастап Батыс Қазақстан инновациялық технологиялық университетінде педагогика және психология кафедрасының профессоры қызметіндемін. Осы оқу орнында «Инновациялық педагогикалық технологиялар ЖОО оқытушысының педагогикалық шеберлігін және болашақ мамандардың құзыреттілігін қалыптастырудың негізі ретінде» жобасын басқарамын, — дейді ол.
Ғалымның ғылыми-зерттеу еңбектері Қазақстанмен қатар Болгария, Түркия, Чехия, Франция, Нидерланды сынды елдердің ғылыми бірлестіктерінде жоғары бағаланды. Оның зерттеу нәтижелері халықаралық конференциялар мен симпозиумдарда талқыланып, ғылыми қауымдастықтың назарына ұсынылды. 2017 жылы Францияда «Modernization of Education» атты ағылшын тіліндегі монографиясы жарық көрді. Оның еңбектері тек теориялық зерттеулермен шектелмей, білім беру тәжірибесіне де тікелей ықпал етті. А. Тасимова ҚР Білім және ғылым министрлігінің оқу-әдістемелік бірлестігінің ұсынысымен «Тәрбие жұмысының теориясы мен әдістемесі» (2019) және «Заманауи білім беру технологиялары» (2017, 2019) атты оқу құралдарын әзірледі. Сонымен қатар Ресейдің Мәскеу, Санкт-Петербург, Саратов, Тамбов, Омбы, Қазан қалаларында ғылыми зерттеулер жүргізіп, білім беру жүйесін жетілдіруге арналған маңызды еңбектер жазды. 2015-2017 жылдары ғалым Францияда ғылыми тағылымдамадан өтіп, Бельгияның жоғары оқу орындары мен ғылыми қауымдастықтарымен тығыз байланыс орнатты. Оның халықаралық білім беру жүйесін дамытудағы үлесі жоғары бағаланып, Францияның халықаралық Конкорд академиясының Гёте және Мария Аньези атындағы медальдарымен марапатталды. 2017 жылдан бастап Бельгияның заманауи білім беру және зерттеу институтының мүшесі атанып, білім беру саласындағы жаһандық үрдістерді зерттеуге белсенді түрде атсалысып келеді.
Айсұлу Ахмадқызының ұзақ жылғы қажырлы еңбегі елеусіз қалған жоқ. 2015 жылы Білім және ғылым министрлігінің республикалық конкурсына қатысып, «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағына ие болды. 2017 жылы Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің «Үздік оқытушысы» атанды. 2023 жылы конкурстық негізде Bilim-өркениеті ұлттық инновациялық ғылыми орталығы мен «Жаңа Қазақстан» республикалық қоғамдық бірлестігінің шешімімен «Ел егемендігіне сіңірген еңбегі үшін», «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қызметкері» төсбелгілеріне ие болды. Сондай-ақ сол жылдың қорытындысы бойынша осы ұйымдар ұйымдастырған «Жаңа Қазақстанның жыл адамы» республикалық конкурсының жеңімпазы атанды.
Қай салада болмасын, тұлғаның шын мәніндегі еңбегі – оның кейінгі буынға қалдырған рухани мұрасы. Алпауыт мемлекеттермен тең дәрежеде иық теңестіру үшін, алдымен, тіл білудің маңызы зор. Полингвист ғалым, үш тілді еркін меңгерген Айсұлу Ахмадқызының еңбектері мен білім саласына сіңірген үлесі ұлттың өркендеуіне бағытталған шамшырақ іспетті. Ол шәкірттеріне тек білім-ғылым үйретіп қоймай, жүректеріне нұр ұялатып, үлкен өмірге жол сілтеді. Бүгінде А. Тасимова ғылым жолындағы ізденісін жалғастырып, жастарды білімге жетелеуде. Ол үшін ұстаздық – жай кәсіп емес, жүрек қалауымен таңдалған өмірлік жол.
Аружан Аманжол,
«Орал өңірі»