Соңғы үш жылда облыста 30 мектеп салынды. Оның ішінде «Келешек мектептері» жобасы аясында тоғыз, «Білімді қолдау» қорының қаражаты есебінен төрт, «ҚПО б. в.» компаниясының қаражаты есебінен «Әлеуметтік-инвестициялық жобалар» бағдарламасы бойынша 16, су тасқыны салдарынан төтенше жағдай желісі бойынша бір мектеп ғимараты бой көтерді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте облыстық білім басқармасының басшысы Елдос Сафуллин баян етті. 
– 2025 жылғы қараша айында «ҚПО б. в.» компаниясының қаражаты есебінен «Әлеуметтік-инвестициялық жобалар» бағдарламасы аясында 7 мектептің құрылысы басталды. Жәнібек ауданының Жәнібек және Ұзынкөл ауылдарының әрқайсысында 108 орындық, Ақжайық ауданындағы Кеңсуат, Қаратөбе ауданының Сәуле, Тасқала ауданындағы Айнабұлақ, Сырым ауданының Құспанкөл ауылдарының әрқайсысында 60 орындық шағын жинақты мектептің құрылыстары қолға алынды. Бәйтерек ауданының Озерный ауылында 108 орындық шағын жинақты мектептің құрылысы басталып отыр. Аталған нысандарды 2026 жылғы шілде айына дейін аяқтау жоспарлануда, – деді облыстық білім басқармасының басшысы Елдос Сафуллин.
Брифингте мәлім болғандай, 2027 жылы «ҚПО б. в.» компаниясының қаражаты есебінен алты мектептің құрылысын бастау жоспарлануда:
Мемлекет басшысының 2024 жылғы 2 қыркүйектегі «Әділетті Қазақстан: Заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауы ауқымында 2025-2027 жылдар аралығында облыстағы 86 мектепке күрделі жөндеу өтеді. Соның ішінде 2025 жылы – алты, 2026 жылы – 33, 2027 жылы 47 мектепте күрделі жөндеу жоспарланды.
Биыл 33 мектепте жөндеу жұмысы жүргізіледі. Олар: Ақжайық ауданында – төрт, Бәйтерек ауданында – төрт, Бөкей ордасында – екі, Жаңақалада – бір, Сырым ауданында – екі, Жәнібекте – екі, Казталовта – екі, Қаратөбеде – екі, Тасқалада – үш, Теректіде – бір, Шыңғырлауда – бір, Орал қаласында – 8 мектеп.
Сондай-ақ зияткерлік бұзылыстары бар балаларға арналған «Зерде» облыстық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжі жөндеуден өтеді.
Гүлнар Шәңгерей,
Орал қаласы