28.08.2025, 17:00
Оқылды: 112

Үш жылда әлеуметтік салаға бюджеттен 7,4 млрд теңге бөлінеді

Облыстық мәслихаттың кезекті 20-сессиясы өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары Тілепберген Каюпов қатысты.

 WhatsApp Image 2025-08-27 at 12.12.32 (1)

Сессияның күн тәртібінде үш мәселе қаралды:

біріншісі – «2025-2027 жыл-дарға арналған облыстық бюджет туралы» 2024 жылғы 13 желтоқсанда қабылданған №16-1 шешімге өзгерістер енгізу,

екіншісі – облыстық тексеру комиссиясының жаңа мүшесін тағайындау,

үшіншісі – облыстың су объектілерінде ортақ су пайдалану қағидаларын бекіту.

Қаржы басқармасының басшысы Нұрлан Есенғалиев 2025-2027 жылдары облыстық бюджет қаражаты қай салаларға жұмсалатыны жөнінде баяндады.

Облыстық бюджетті нақтылау нәтижесінде оның көлемі 541,8 млрд теңгеге жетті. Қосымша бөлінген 31,9 млрд теңге өңірдің әлеуметтік, коммуналдық және инфрақұрылымдық жобаларын іске асыруға бағытталмақ.

Әлеуметтік саланы дамытуға 7,4 млрд теңге қарастырылды. Оның ішінде білім саласына 4,2 млрд теңге бөлінген. Бұл қаражат мектептер мен балабақшаларды күтіп-ұстау, жаңа пәндік кабинеттер сатып алу, білім беру нысандарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету сияқты бағыттарға жұмсалмақ. Сонымен қатар әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардан шыққан мектеп жасына дейінгі балаларды тегін тамақпен қамту да осы қаражат есебінен жүзеге асады. Орал қаласындағы Медколледж ауданында 600 орындық мектеп құрылысына қажетті сыртқы инженерлік желілерді аяқтау үшін 164,5 млн теңге бөлу қарастырылған. Бұған қоса, екі білім беру нысанын күрделі жөндеуді аяқтап, тағы үш жаңа нысанның құрылысын бастауға 550,8 млн теңге бағытталды.

Денсаулық сақтау саласы да назардан тыс қалған жоқ. Бұл бағытқа 1,9 млрд теңге қарастырылды. Оның 1,2 млрд теңгесіне Казталов аудандық ауруханасының ғимараты жаңғыртылады. Сондай-ақ дәрі-дәрмек пен медициналық жабдықтар сатып алуға да қаражат бөлініп отыр.

Мәдениет пен спорт саласының «еншісі» 1,3 млрд теңге. Бұл қаражаттың бір бөлігі Ақжайық ауданындағы Көнеккеткен ауылында салынып жатқан 100 орындық мәдениет үйін аяқтауға жұмсалса, тағы бір бөлігі Х. Бөкеева атындағы қазақ драма театрының ғимаратын ғылыми-реставрациялық жөндеуді жалғастыруға бөлінбек.

Әлеуметтік қолдау шаралары да ұмыт қалмады. 95 млн теңге Бөрлі ауданындағы Ақсай арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының бас корпусын күрделі жөндеуден өткізуге бағытталды. Әсіресе әлеуметтік осал топтар үшін қолайлы жағдай жасау көзделген.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласына 18,7 млрд теңге бөлініп, оның негізгі бөлігі өңірдің инфрақұрылымын жақсартуға жұмсалады. Атап айтқанда, Орал қаласында жылу, су және кәріз жүйелерін реконструкциялау және жаңадан салу үшін 11,9 млрд теңге көлемінде несие төленеді. Сонымен қатар Бөрлі, Шыңғырлау, Қаратөбе, Жаңақала, Тасқала, Жәнібек аудандары мен Орал қаласындағы электр желілерін қайта құруға 3 млрд теңге бөлінді.

Әлеуметтік тұрғыдан әлсіз отбасылар мен апатты үйлердің тұрғындарын баспанамен қамтамасыз етуге де айрықша назар аударылған. Осы мақсатта апатты үйлердің кезегінде тұрған азаматтарға жаңа пәтерлер сатып алуға 1,9 млрд теңге, ал әлеуметтік әлсіз топтарға коммуналдық тұрғын үй қорынан баспана алуға 687,2 млн теңге қарастырылды.

Су жүйелерін жетілдіру бағытында да нақты қадамдар жасалуда. Теректі ауданының Магистральный, Шыңғырлау ауданының Сегізсай, Ақжайық ауданының Чапаев және Бөрлі ауданының Димитрово ауылдарындағы су құбырларының құрылысын аяқтауға 375,8 млн теңге бөлінді. Бұдан бөлек, Орал қаласының жаңа шағынаудандарында электр желілерін тарту үшін 397,8 млн теңге жұмсалынады.

Ауыл шаруашылығы мен қоршаған ортаны қорғау бағытында 1,2 млрд теңге бөлініп, оның ішінде 1 млрд теңге әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыруға бағытталады. Бұл қаражат арнайы мамандандырылған ұйымдарға жеңілдетілген несие ретінде беріледі.

Көлік инфрақұрылымын дамытуға 1,8 млрд теңге белгіленді. Бұл қаражат есебінен негізінен облыстық және аудандық маңызы бар жолдарды жөндеу мен жолаушылар тасымалы субсидияланады. Атап айтқанда, ауданаралық жолаушылар тасымалын субсидиялауға 125 млн теңге, Бөкей ордасы мен Бәйтерек аудандарының ауылішілік аутомобиль жолдарын күрделі жөндеуді жалғастыруға 560,8 млн теңге, облыстық маңызы бар Теректі–Ақсай аутомобиль жолын күрделі жөндеуге 384,5 млн теңге, сондай-ақ Чапаев–Жаңақала–Сайқын бағытындағы жолды орташа жөндеуге 700 млн теңге бөлінді.

Жиында облыстық мәслихаттың депутаттары Борис Лаврентьев, Самат Хасанов білім нысандарын жөндеу, колледж жатақханасы мәселелерін көтерді. Депутаттар сауалына облыстық білім басқармасының басшысы Елдос Сафуллин жауап берді.

WhatsApp Image 2025-08-27 at 12.12.32 (3) (1)

Облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Мұқаев сессия барысында облыстық тексеру комиссиясының жаңа мүшесін таныстырды. Сонымен бірге облыстың су объектілерінде ортақ су пайдаланудың қағидалары бекітілді. Бұл қағидалар су ресурстарын тиімді пайдалануға және экологиялық теңгерімді сақтауға мүмкіндік береді.

Нұртай Алтайұлы,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале