Бүгін Орал қаласында 30 маусым күні дүниеге келген үшем облыстық перинаталдық орталықтан шығарылды. Жас ата-ана Елдос Сағадат пен Ақмарал Жұмазованың қуанышты сәтіне куә болу үшін тума-туыстары орталықтың алдына жиналды.
Үш нәрестені шығарар алдында облыстық перинаталдық орталықтың нәрестелер патологиясы бөлімшесінің меңгерушісі Әсел Негметовамен сұхбаттасудың орайы келді.
- Жүктілік мерзімі 35 апта болған кезде Жәнібек ауданының тұрғыны Ақмарал атты келіншек ауруханаға түсті. Ананың жасы 28-де, үшінші жүктілігі, бірінші жүктілігі 2016 жылы, екінші жүктілігі 2018 жылы болған. Балалар үшем екені 10 апталық уақытта анықталады, сол кезден әйел тексеріліп, тіркеуге алынады. Балалар 35 апталық мерзімде дүниеге келді. Үш баланың да жағдайы жақсы. Бірінші бала 2,4 кг, екінші бала 2,65 кг, үшінші бала 1,9 кг салмақта дүниеге келді. Салмағы аз болғандықтан олар осы уақытқа дейін нәрестелер патологиясында болды. Үшінші баланың физиологиялық салмағы түсіп кетті. Қазіргі уақытта сәбилердің жағдайы тұрақты. Ең кішісінің салмағы 2,18 кг, біріншісі 2,7 кг, екіншісі 2,9 кг. Дүниеге келген уақыттан 23 күн орталықта бақылауда болды. Анасының жағдайы да, денсаулығы да жақсы, сәбилер аналарының омырауын емеді. Бұл биылғы бірінші жағдай, ана Жәнібек ауданынан. Былтыр жылдың аяғында желтоқсан айында Шыңғырлау ауданында үшем дүниеге келген еді, - деді Әсел Негметова сәбилер мен ананың жағдайы туралы.
Ақмаралдың Гүлнафис атты нағашы апасы, кіндік анасы Елдос пен Ақмаралдың қуанышын бөлісуге келген. Елдостың отбасында әкесі жағынан да, анасы жағынан да егіздер болғаны туралы айтады. Алайда үшемдер алғаш рет дүние есігін ашып тұр.
Сәбилердің әкесі Елдос үшем болатынын естігенде сенер-сенбесін білмей, қатты қуанған.
– Өзім екі күндей таң қалып жүрдім. Алланың бергені, аман-есен дүниеге келіп, жолдасымның жаны аман қалғанына қуаныштымын, шүкірлік етемін. Аман-есен өсіп кетуін тілеймін. Қыздарымның есімдерін анасымен ақылдасып, қойдық. Өзім – Жәнібек ауданында Мектептен тыс жұмыс орталығында еңбек пәнінің мұғалімімін, жасым 29-да, қолөнермен айналысамын, жеке кәсібім бар. Жолдасым Ақмарал физика пәнінің мұғалімі. Осындай жаста көп балалы ата-ана боламыз деп ойлаған жоқпыз. Қуаныштымыз, үйіміз бар, жағдайымыз жақсы, - деді қуанышты әке.
- Балаларымның денсаулығы жақсы. Оларды ажырата аламын. Үшеуі үш түрлі, мінездері де үш түрлі. Пысығы ең кішісі, бәрінен сол озады-ау деймін. Есімдері Әмина, Мәдина және Рамина. Әмина мен Мәдина салмақты. Ал ең Рамина оларға қарағанда пысық. Өзімнің жағдайым өте жақсы, - дейді үшемнің анасы Ақмарал Жұмазова.
БҚО ішкі саясат басқармасының өкілі көп балалы жанұяға раушан гүлдерін сыйға тартты.
Құшағы гүлге толған, жүздері қуаныштан бал-бұл жайнаған Елдос пен Ақмарал бөпелерін ортаға алып ата-ана, жақын, туыстарымен табысып, үйлеріне аттанды.
Альфия Шамаева,
zhaikpress.kz