17.01.2023, 9:30
Оқылды: 44

Үшемдер үйге шықты

Кеше облыстық перинаталды орталықта қаңтар айының үшінде жарық дүниеге көрінген үшемдер үйге шығарылды. Перзентхананың алдына сәбилердің ата-әжелері, әкесі және туыстары бар, бір қауым ел жиналған екен. Біз қуанышы қойнына симай, қолына гүл ұстап, тыным таппай жүгіріп жүрген үшемдердің әкесін әңгімеге тарттық.  

IMG_6607

-Қатты қуанып, толқып тұрмын. Бүгін қыздарымды үйге алып шығамыз. Біздің оныншы сыныпта оқитын баламыз, жетінші сыныпта оқитын қызымыз және биыл бірінші сыныпқа барған ұлымыз бар. Енді олардың қатарына үш қызғалдағымыз қосылмақ. Негізінен өзім Теректі ауданына қарасты Шағатай ауылында туып-өстім.  Ата-анам сол ауылда тұрады. Алғашында УЗИ-ден тексерілгенде егіз деді, одан үшем болады деді. Біз қуансақ та, көз, сөз тиер деп ырымдап, ешкімге айтпадық. Туыстарымыз үшемдер өмірге келген соң бір-ақ білді. Балаларым бірден үш бауыры болатынын естігенде қатты қуанды. Қыз бала сезімтал келеді ғой.

Әсіресе қызым қуанғанынан жылап жіберді.  Қыздарыма жұбайыммен ақылдасып, Айдана, Айзада, Айназ деген есім бердік, – дейді енді алты перзенттің әкесі атанған 43 жасар Талап Боранғалиев.

Облыстық перинаталды орталықтағы нәрестелер патологиясы бөлімшесінің меңгерушісі Әсел Нығметова  ана мен сәбилердің жағдайы бірқалыпты, жақсы екенін атап өтті.

– Қаңтар айының үшінші жұлдызында өмір есігін ашқан бұл үш сәби – биылғы жылдың алғашқы үшемі. Олар 34 апталық кезінде әрқайсысы екі келіден астам болып дүниеге келді. Енді үшемдер №6 емхана дәрігерлерінің бақылауында болады. Статистика бойынша 2022 жылы 6116 сәби дүниеге келді. Олардың  507-сі шала туған балалар. Оның ішінде ең төмен салмақпен 28 апталық болып туылған 48 бала бар. Ең төмен салмақпен 700 грамм болып туған сәби де болды.  Өткен жылы жалпы егіз, үшем болып 78 сәби өмір есігін ашқан екен. Соның 76-сы егіздер болса, екеуі үшем, – дейді Әсел Нығметова.

Үшемнің анасы Жадыра Іңкәрованың жасы 39-да. «Қыздарым бір-біріне қатты ұқсайды. Оларды өсіріп алғанша қиындығы да болады ғой. Бірақ мен оның бәріне дайынмын. Бөпелерімді бағысуға ата-аналарымыз көмекке келмек. Біз қатты қуаныштымыз!» - дейді ол.

Гүлжамал Жолдығали, 

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале