Абай облысында үшемдердің отбасына пәтер табысталды. Бұл туралы Абай облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Абай аймағы жаңадан құрылғалы бері дүниеге келген алғашқы үшемнің отбасына Семей қаласынан баспана берілді. Облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев үшемді қосқанда сегіз балалы болған жас отбасын құттықтап, үш бөлмелі пәтер сыйға тарту етті.
- «Бала – көңілдің гүлі, көздің нұры» деген дана халқымыз баланы байлық пен берекеге балаған. Сіздер қасиетті Абай жерінде дүние есігін ашқан тұңғыш үшемнің ата-анасы атанған бақытты жансыздар. Келешекте Бегімай, Бек-Мұхаммед пен Бегайым үміттеріңізді ақтап, мерейлеріңізді үстем ететін ұлтымыздың ардақты азаматтары болатынына сенімдімін», – деді Нұрлан Ұранхаев құттықтауында.
Айта кетсек, жас отбасы осы уақытқа дейін Жарма ауданының орталығы Қалбатау ауылында пәтер жалдап тұрған. Үшем дүниеге келмес бұрын Амангелді және Аида бес баласын тәрбиелеп келген. Олар облыс орталығынан баспаналы болғанына риясыз қуанышты екенін жеткізді.
- Қуанышымызда шек жоқ. Облыс әкіміне алғыс білдіреміз. Осыдан бірер апта бұрын өзіміздің өтінішімізді айтқан едік. Көп ұзамай міне үш бөлмелі пәтерге ие болып отырмыз. Кішкене бөбектеріміз үшін бұл үлкен қуаныш. Еліміз, облысымыз дами берсін. Шексіз алғыс айтамыз, – деді көпбалалы отбасы.