Өңірдегі киік санын реттеу бойынша әлі күнге нақты шешім қабылданбады. Жергілікті тұрғындардың біразы ақбөкендердің көбеюі жайылым тапшылығын тудырып жатқанын айтса, экосақшылар киікті көздің қарашығындай сақтау керек деп дабыл қағуда. ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі құрған жұмыс тобы бұл мәселені талқылау деңгейінен аспай отыр.
Былтыр киікті азайтуға қатысты Президент сынынан кейін министрлік әлі де зерттеу жұмысын жүргізу керек деп арқаны кеңге салды. Жақында облыс әкімдігінде өткен кеңес отырысында осы мәселе тағы талқыланды. Оған ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының орынбасары Андрей Ким, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің егіншілік департаменті директорының міндетін атқарушы Айхан Сұлтан, «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамының басқарушы директоры Ерлан Молдашев, облыс әкімінің орынбасары Ержан Балтаев және сарапшы-мамандар қатысты.
Көкейкесті мәселені шешу үшін бұған дейін Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің (2022 жылғы 3 маусымдағы №27-5/94-НҚ) бұйрығына сәйкес арнайы жұмыс тобы құрылып, киік санын реттеу мақсатында жол картасын, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті және Ғылым комитетінің «Зоология институты» республикалық мемлекеттік кәсіпорны Орал киік популяциясын реттеу бойынша биологиялық негіздеме әзірлеген. 2022 жылдың 1 шілдесінде Казталов, Жәнібек, Бөкей ордасы және Жаңақала аудандарының аумағында 657 мың гектар алаңда «Бөкейорда» мемлекеттік табиғи резерваты мен «Ащыөзек» мемлекеттік қаумалы ашылды. Алайда бұл шаралар мәселені толығымен шешпейді.
Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының орынбасары Андрей Ким басқа елдердегі киікке қатысты түйткілді шешуге мамандарды да тарту маңызды екенін айтты. Себебі әлем бойынша Қазақстанда киік популяциясының 90%-ы шоғырланған. Осыған байланысты биыл ақпан айының аяғында СИТЕС-ке, Дүниежүзілік табиғатты қорғау одағының шартына және Жануарлардың қоныс аударатын түрлері туралы конвенцияға сай халықаралық және ұлттық сарапшылар онлайн байланыс арқылы елдегі киік санын реттеу мәселесін талқылаған. Халықаралық ұйымдардың сарапшылары мамыр айында талдау жүргізу үшін Батыс Қазақстан облысына келуді ұйғарыпты. Андрей Ким жыл соңына дейін жұмыс тобы бұл бағытта нақты шешім ұсынатынын хабарлады. Басқосуда ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Қазыбай Бозымов киік тағдырын талқылауға бірнеше мәрте оралу еш нәтиже бермейтінін, есесіне жыл сайын ақбөкендер көбейіп келе жатқанын, мал бағып отырған шаруалардың наразылығын ескеріп, дереу нақты іске көшіп, ғылыми негіздеме бойынша нақты тоқтамға келудің маңызы зор екенін айтты. Бозымовтың сөзін қостаған қоғам қайраткері Табылғали Cапаров былтыр Экология және табиғи ресурстар министрлігі, облыс әкімдігі өкілдерінің қатысуымен дайындалған тұжырымдама бойынша не атқарылатынын сұрады. Андрей Ким барлық ұсыным егжей-тегжейлі зерттеліп жатқанын айтып, бірақ бәрібір дүниежүзілік қауымдастықтар пікірін ескеру керек деген сыңайда жауап қатты.
– Киік санын реттеумен қатар өңірде қордаланған бірнеше мәселе қозғалуда. Кейінгі жылдары далалық аймақта су тапшылығы анық сезілуде. Соның кесірінен шұрайлы жерлер азайып, қуаңшылық жайлап барады. Оңтүстік аудандарда су көздерінің азаюына байланысты сайғақтар да солтүстік беткейге қарай жылжуда. Су көздерін барлау арқылы киіктердің бұрынғы ареалына оралуына ықпал етуді көздеудеміз. Шаруалар да ақбөкендер жайылым мен шабындықты таптап, егін өсіруге зиянын тигізіп отырғанын айтып, дабыл қағуда. Бірақ киіктердің ауыл шаруашылығы өндірісіне келтірген залалын өтеуге байланысты нақты әдістеме жоқ. Мұндай механизм әлемдік қауымдастықтар тәжірибесінде де қарастырылмаған. Киік аулауға рұқсат берілгеннен кейін оның дериваттарын өңдеу жайын әлі пысықтай түсуіміз керек. Сондықтан халықаралық сарапшыларды тартып, киік популяциясын реттеуге байланысты үшжылдық бағдарлама қабылдауды жоспарлаудамыз, – деді облыс әкімінің орынбасары Ержан Балтаев.
Нұртай Текебаев,
«Орал өңірі»