21.01.2022, 9:50
Оқылды: 126

Үсік шалған кездегі алғашқы көмек

Үсу – суықтың әсерінен денедегі тіндердің зақымдануы. Үсу ауа райының аязды күні ғана емес, сондай-ақ температура нөлге жуық кезде де (ылғалдылық жоғары болып, күн ұзақ уақыт суытқанда) болуы мүмкін.

slide-38

Үсікке көбінесе саусақ, башпайлар, мұрын, құлақ шалдығады. Үсік шалған кезде көрсетілетін алғашқы көмек төңірегінде Орал қалалық №5 емханадағы салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының маманы Ләззат Қожагелдинамен аз-кем тілдескен едік.

InShot_20220121_081207416

Оның айтуынша, үсудің төрт дәрежесі бар. Бірінші дәрежелі үсу кезінде терінің сезімталдығы нашарлап, бозарады, үсіген жер ісінеді, ауырып қышиды. Екінші дәрежелі үсу біршама ауыр өтеді, терінің асты суланып, күлдірейді. Үшінші дәрежелі үсу түрінде терінің астына қанды су жиналып, күлдірейді, бірнеше күннен соң олардың орны жансызданып, жарылады да, тыртық пайда болады. Егер саусақ­тың тырнақтары түссе, өспейді, ал өскен жағдайда деформацияға ұшырайды. Өліп қалған тері қабаты 2-3 аптада түседі. Төртінші дәрежелі үсу кезінде барлық жұмсақ тіндер, кейде тіпті сүйек тіндері де жансызданады. Бұл – үсудің ең ауыр түрі. Жансызданған жер тырысып, кеуіп қалады, қара қоңыр түске боялады. Ет пен терінің  барлық қабаттары өледі және сүйек пен буындардың зақымдануы жиі кездеседі. Зақымданған қол-аяқтар ерекше көк түсті, кей кезде мрамор секілді  сұр түсті болады. Жылытқаннан кейін ісік пайда болып, өте тез ұлғая бастайды.

Үсік шалған адамға алғашқы көмек көрсеткенде бірден жылы жерге кіргізіп, жылытып, ыстық шай беру керек. Жансызданған жерін жылы суға (температура 37-40°C) малып, денесі қызарып, жылынып, сырттан тиген қолды сезетін болғанша жайлап ысқылайды, содан соң таңып тастау қажет.  III, IV дәрежелі үсікке шалдыққан адамды алғашқы көмек көрсетіліп болғаннан кейін жылы орап, ауруханаға апару қажет. Сондай-ақ  Ляззат Мәтниязқызы үсік кезінде жасауға болмайтын «ем-домдарға» да тоқталған болатын. Солардың бірқатарына тоқталып өтсек.

 Науқас адамды жылыту мақсатында кофе және  спиртті ішімдіктерді беруге болмайды.

 Үсіген адамды жылы температурада алдымен жылытып алмай, ыстық су толтырылған ваннаға түсіруге болмайды.

 Үсіген тері аумақтарын интенсивті түрде қармен, маймен және спиртті ерітінділермен уқалауға болмайды.

 Тері аумағында пайда болған көпіршікті түзілістерді қолдан жаруға болмайды.

 Науқасты жылыту үшін ашық лаулап тұрған отты пайдалануға болмайды.

Осы  аталған  «жылыту  әдістері» үсіген  денедегі  температураны бірден  көтеріп, ол өз кезегінде кіші капиллярлардың  жарылуына алып келеді екен.

Гүлсезім  Бияшева,

zhaikpress.kz 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале