Оралдағы Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығында «Елеулі есімдер» жобасы аясында ұлағатты ұстаз Бекжан Сұлтанғалиевті еске алуға арналған «Жадымда тұрар жаңғырып» атты кеш өтті.
Ұлағатты ұстаз, білікті басшы бола білген Бекжан Ақшаұлы ғұмырының қырық бес жылын ұстаздықпен өткізген жандардың бірі. Ол 1937 жылы Сырым ауданы Қособа ауылында дүниеге келген. Қособа орта мектебінде, Орал қаласындағы С.Сейфуллин атындағы №11 мектеп-интератында білім алған ол 1956 жылы А.Пушкин атындағы Оралдың педагогикалық институтына түседі. Математика мамандығы бойынша бітіріп шығып, алғашқы еңбек жолын Жосалы мектебінде бастап, туған жері Қособа ауылында жалғастырған. Өзі туып өскен жері Қособа ауылында он бес жылдай ұстаздық қызмет атқарып, математика пәнінен сабақ береді. Қособа орта мектебінде оқу ісінің меңгерушісі қызметін де атқарған. 1979 жылы Бұлан орта мектебінің директоры боп қызметін ауыстырған Бекжан Ақшаұлы осы мектепте жиырма жылға жуық ұстаздық қызметте боп, зейнет жасына шығады.
-Білім беруде бүгінгідей оқушыға жұмсақ қарамайтын. Білімді шынайы бағасын алады, білмейтін оқушы сыныптан-сыныпқа көшпейтін болса, қала беретін. Оқушыларға қатаң талап қоятын. Сол талабы көпке талапшылдықтан гөрі қатаң ғып көрсететін. Қатаң талап талантты шыңдайды деген қағидадан болса керек. Ал арасында оқушылармен сабақтан тыс уақытта еркін сөйлесіп, өмірлік сабақ болар өнегелі әңгімелерін қызықты айтып жатқанын көргенде, таң қалатынмын. Бүгінгі күні ол тәрбиелеген шәкірттері жолын қуып, көбі математика пәнінен сабақ беріп жүр. Ұстаз еңбегінің жанғаны да осы шығар,-дейді ұстаздың қызы, М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың қауымдастырылған профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Рита Сұлтанғалиева.
Кеңестік кезеңнің білім жүйесінде өзін мойындатқан жанның бірі Бекжан Ақшаұлының ұстаздық қызметтегі елеулі еңбегі өз кезінде бағасын алған. Қазақ ССР халықтық білім министрі Шайсұлтан Шаяхметовтің қолымен Құрмет грамотасымен марапатталған ұстаздың шәкірттерінің арасында жолын қуып, білікті ұстаз атанғандардың алды бүгінде зейнеткер.
Кешке келген Бекжан Ақшаұлының №11 мектептегі мұғалімі, «КСРО Халық ағарту ісінің үздігі», «Қазақ ССР-і халық ағарту ісінің озық қызметкері», ардагер ұстаз Мария Абдушева, ардагер ұстаз Мерует Жолдықайырқызы, әріптес інісі, ардагер ұстаз Ахмет Батыршин, жерлес інісі Марат Оңғарбеков, Бұлан орта мектебіндегі әріптесі Қуаныш Таубаев, Қособа орта мектебіндегі шәкірті, Орал қаласындағы №50 мектептің математика пәнінің жоғары санатты мұғалімі Әлия Губашева сөз сөйлеп, еске алды.
Бекжан Ақшаұлының ұлы - математика пәнінің мұғалімі, Ұлттық тестілеу орталығы БҚМУ филиалының сарапшысы Шыңғыс Ақшиев еске алу кешіне келген ұстаздың әріптестері мен шәкірттеріне алғысын білдірді.