10.01.2023, 9:15
Оқылды: 214

Ұстаз ұлағаты: бөкейордалық Қуанғали Ақтаев туралы бір үзік сыр

Өнегелі ғұмыр кешіп, кейінгі ұрпаққа өшпестей із қалдырған бірегей тұлғалар ел ішінде аз емес.

Солардың бірі – Бөкей ордасы ауданының Бисен ауылдық округіндегі қазіргі Жиекқұм ауылында тұрған соғыс және еңбек ардагері Қуанғали Ақтаев.

8C4C4167-3149-4609-A444-6F94E2712A53

Биыл оның туғанына  100 жыл  толмақ.  Тура  бір  ғасыр  бұрын  Бөкей  ордасы  ауданының  Бөрлі  ауылында  кіндік  қаны  тамған  Қ. Ақтаев  1941  жылы  Орда  ауылындағы  сол  кездегі  М. Горький  атындағы  орта мектепті  бітірген.

Қырғыннан аман келген

Өз қолымен өмірбаянында жазғанындай, әкесі Ақтай Әбдешев пен анасы Ханым – өз еңбектерімен күн көрген жандар екен. Әкесі 1936 жылы дүниеден озыпты да, анасы өзімен бірге тұрыпты. Ес біліп, етек жапқан бойда мұғалімдікті қолай көрген жас жігіт еңбек жолын Сайқын ауылдық кеңесіндегі Ленин бастауыш мектебінде бастады. Алайда қанқұйлы соғыстың кесірінен бәрі де аяқсыз қалып, 1942 жылдың маусым айында әскерге алынды.  Өзінің көптеген тұстасы секілді Сталинград майданындағы қанды қасаптан бір шықты. Сталинград жеріндегі жан алып, жан беріскен шайқасқа қатысқан жауынгердің су ішерлігі бар екен. Ұлы Нияздың айтуынша, қазіргі Волгоград облысының Калач ауданында ауыр жараланып жатқан жерінен әкесін жау басып алған Беларусь елінен қашқан босқындар тауып алып, ең жақын госпитальға тапсырады. Сөйтсе, бұл өзіміздің Сайқын стансасы екен. Осында емделіп шыққаннан кейін мұғалімдік жұмысын жалғастырып, 1945 жылдың наурыз айында қайтадан майданға аттанды. Содан қараша айында елге Жеңіспен бір-ақ оралады. Бірақ өзі соғыс туралы айтқанды ұнатпайды екен. «Несін айтасыңдар, Сталинград майданы біз үшін білекпен шайқасу болды ғой» деп отыратын» дейді ұрпақтары. Шынында да, Сталинград майданына еш дайындықсыз тоғытылған қазақтардың қолына қару берілмей, шыбынша қырылғаны тарихтан мәлім. Бір үйден соғысқа үш бірдей ағайынды жігіт аттанса, ағасы Нәси Сайқын поселкелік кеңесінің төрағасы болып жүрген жерінен майданға аттанып, лейтенант шенімен елге аман-сау қайтқан. Тағы бір ағасы Сәрсенғали фин соғысына бастан-аяқ қатысқан. Кейін екінші дүниежүзілік соғыс кезінде хабар-ошарсыз кеткен.

«Тілі бай, келісті адам еді»

Макар жетіжылдық мектебінде (Большевик деп те аталған, қазір Темір Масин атында) химия, биология және география пәндерінен сабақ берген Қуанғали Ақтаев өзінің ұлағатты ұстаз екендігін таныта білді. Ол өзінің білімін жетілдіру керектігін де ұмытқан жоқ. Әуелі А. Пушкин атындағы мұғалімдік институтын оқып бітірді. Кейін А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтының химия-биология, жаратылыстану факультетінің сырттай бөлімін үздік тәмамдап, жоғары білім алған ұстаз 1952-1965 жылдары мектеп директоры міндетін де абыроймен атқарды. Осы жылдар ішінде оның алдынан талай шәкірт қанаттанып, түлеп ұшты. Солардың бірі, өзі де кейін сол мектепке басшылық еткен, қазіргі кезде Оралда тұратын ардагер-ұстаз Шайхолла Елемесовтің сөзіне қарағанда, Большевик жетіжылдық мектебінде Қуанғали Ақтаев он жылдан астам уақыт бойы директор болды. Химия, биология, география пәндерінен дәріс берген ол кісі сабақты өте жақсы түсіндіретін. Тілі бай, келісті адам еді. Мектепте жүргенінің өзі бір әлемді. Мысалы, сабақ түсіндіргенде тақтадағы физикалық картаға теріс қарап тұрып, «Волга өзені бастауын Мәскеудің батыс жағындағы Валдай қыратынан алады» деп сілтеу таяқшасымен көрсеткенде, үстінен дәл түсетін. Жазуы да керемет еді, кейде оң қолымен, тақтаға қалай тұрса, ыңғайына қарай кейде тіпті сол қолымен де жаза беретін. Ол кісінің аудан көлемінде де беделі жоғары еді. Аудандық оқу бөлімінің әдістемелік кабинетінде бірнеше жыл география, биология, химия секциясына жетекшілік етті. Әдістемелік кітапшалары да шықты. Газеттерге үнемі мақала жазатын.

«Қуанғали ұстазымыз мектепті алдыңғы қатарға шығаруда аянбай еңбек етті. Білім ордасы жанынан оқу-тәжірибе учаскесін ашып, жеміс ағаштарын өсірді, бау-бақша салды. Еңбекқор, өзінің қолы да шебер еді. Қолына балта, балға, арасын алып, жол-жөнекей қоршаудың бүлінген жерін қалпына келтіріп жүретін. Тағы бір қыры, өнерлі адамды. Арнаулы білім алған маманнан кем емес, оң қолы мен сол қолы бірдей жүретін мықты домбырашы болды. Ол кісі клуб сахнасында күй тартқанда, жұрт сілтідей тынып тыңдайтын. Скрипка да тартатын. Жалпы, ол тұстағы ұстаздардың көпшілігі өнерлі болды. Мектеп директоры болған Таңат Айтжанов мандолин, скрипкада ойнап, «Көкжар» деген биік әнді орындайтын. Сағат Арыстанғалиев «Көкшетауды» келістіріп шырқаса, Мархаба Әбділманова әншілігіне қоса рөлдерде ойнады. Мектеп ұжымы «Шұғаның белгісі», «Қыз Жібек» сияқты пьесаларды сахналап, Бисенге барып қойып жүрді. Қуақаң қашанда халықпен бір болды, беделі сондай, ол келе жатқанда тұрған жұрт қақ айырылып, жол беретін. Зайыбы Меңдіғаным апай да мұғалім, бастауыш сыныпта сабақ берді. Бала кішкентайында біреуге ұқсағысы келеді ғой, мен осы Қуақаңа көп еліктедім. Өзі де ақкөңіл, ақжарқын адам еді», – деп еске алады Ш. Елемесов. Қ. Ақтаевтың тағы бір шәкірті, еңбек ардагері, Қазақ КСР халық ағарту ісінің үздігі Қайролла Сабыров ұстазының жас ұрпақты білім шыңына жетелеп қана қоймай, өнер мен спортқа баулығанын жеткізді. Домбырашылар әулеті атанған Ерболат, Бекболат, Ғиният, Райхан Құбиевтер осы кісіден дәріс алды. Сондай-ақ ауылдан Бекболат Құбиев, Меңдіғұл Құрманғалиев, Атанбек Арыстанғалиев, Құрманғазы Машотовтай спортшылар тәрбиеленіп  шықты.

«Жиекқұмда осы күнге дейін елдің ыдырамай, ірге ажыратпай отыруы Қуанғали Ақтаевтай аға буын өкілдерінің арқасы деп есептейді жергілікті халық. Мұның себебін айтайын, сол кезде ағамыз құм көшкінін тоқтату үшін бақ өз алдына, жиде, ошаған шөбін егуді қолға алды. Мектепте метеорологиялық станса ұйымдастырды. Сол кезде институттарда жоқ ылғал өлшейтін гигрометр, желдің күшін анықтайтын анемометр, ауа райы қысымын көрсететін барометр, термометр секілді зерттеу құралдары сол біздің орталықта болды. Оқушылар сонымен жұмыс жасап, деректер жинайтын. Сондай-ақ мектеп жанынан жануарлар бұрышын ашып, үй қоянын  өсірді. Оның еті интернат балаларына тағам есебіне беріліп жүрді. Қоян өсіруді тіпті ауыл тұрғындары қолға алды. Колхоз төрағасы Жұмағұл Сақауовпен келісіп, еңселі мектеп салдыртты. Қорыта айтқанда, ел құрметтейтін Қуанғали Ақтаевтың туғанына биыл 100 жыл толғалы отыр. Біздің мектеп бітіргенімізге 60 жыл болмақ. Осыған орай мамыр айында мектепте музей ашып, ұстазымызды еске алғымыз келеді. Бұл бастамамызды аудан әкімдігі қолдап отыр», –деді Қ. Сабыров.

Иә, «Қазақ КСР халық ағарту ісінің озық қызметкері» атанып, «Жауынгерлік еңбегі үшін», «Тың жерді игергені үшін» және басқа медальдармен марапатталған, ауылдың қоғамдық өміріне де белсене араласқан ұлағатты ұстаз есімі ұмытылмақ емес. Қуанғали Ақтаев зайыбы, «Батыр ана» Меңдіғаным Бөзекеевамен бірге он бала тәрбиелеп, өсірді. Олардың бәрі де жоғары білім алып, өмірден өз орындарын тапты. Тұңғышы Айман физика, ал жиені Анатолий медицина ғылымдарының кандидаты атанды. Саратов политехникалық институтын бітірген ұлы Асуан (бүгінде марқұм) Тольяттиде «АВТОВАЗ» АҚ-ның вице-президенті ретінде қызмет етті, өнертапқыш ретінде авторлық куәлікке де ие болды. «Соғыстың салған салмағы болар, әкеміз 1977 жылы небәрі 54 жасында дүние салды. Ел қатарлы зейнетке шығып, еңбегінің жемісін көре алмады. Дегенмен өмір бойы ұстаздық етіп, қатарластары мен кейінгі ұрпақтың құрмет-қошеметіне бөленді. Ұстазына еліктеп, жолын қуған 100-ден астам шәкірті химия, биология және география пәнінің мұғалімі мамандығын меңгерді. Әкеміз селолық кеңес депутаты, халық заседателі сияқты қоғамдық қызметтерді абыроймен атқарды. Еңбегі ескерусіз қалмай, суреті облыстық, аудандық құрмет тақтасына ілінді. Негізгі ұстанымы – «Қолыңнан келсе, адам баласына жақсылық жаса, жамандық істеме» деуші еді. Өзі де тура жолдан айнымай өтті» дейді Қуанғали Ақтаевтың ұрпақтары.

Ғайсағали Сейтақ,

Бөкей ордасы ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале