Қазан айының алғашқы жексенбісі – Мұғалімдер күні. Осы айтулы мерекенің қарсаңында “Ұстаз – ұлт ұстыны” деген арнайы айдар ашып, әлеуметтік сауалнама жүргізіп, көптің назарына ұсынып отырмыз.
Қатимолла БЕРДІҒАЛИЕВ,
әнші, жыршы-термеші, айтыскер ақын, ҚР еңбек сіңірген қайраткері:
- Қазталов ауылындағы А. Оразбаева атындағы орта мектеп табалдырығын аттағанда қолыма алғаш қалам ұстатқан ұстазымның есімі Ұлғаным Қуанышқалиева еді. Бірінші сыныпты аяқтаған жылы апайымыз бала күтіміне байланысты демалысқа кетіп, орнына бастауыш мектепті бітіргенше сабақ берген Әмина Шадиярова апайым келді. Екеуі де сыныптағы әр баланың тілін тауып, айналып-толғанып тұратын өте мейірімді жандар болатын. Сөйте тұра, сабағымыз бен тәртібімізге келгенде талапты қатал қоятын. Бесінші сыныптағы класс жетекшім Фаузия Ғайсина болды, ол кісі әрі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беретін. Фаузия Маннапқызына өтірік айтуға қысылатынбыз, ешқайсымыз ұстазымыздың алдында жалған сөйлей алмайтынбыз. Баламыз ғой, бірдеңе бүлдіріп қойып, өтірік айтсақ, тек ұстазымыздың ғана емес, сыныптың алдында өзімізді кінәлі сезінуші едік. Ол заманда мұғалімнің мәртебесі үйде де, мектепте де өте жоғары болатын. Фаузия Маннапқызы – менің ғана емес, көптеген сыныптасымның әдебиетке деген ықыласын оятқан бірден-бір ұстаз.
8-сыныпты бітіріп, Оралға келгенімде С. Сейфуллин атындағы №11 мектептегі ұстазым, музыка пәнінің мұғалімі Александр Культюшнов менің болашақ мамандық таңдауыма, яғни өнер саласына біржола бет бұруыма ықпал еткен жан еді. Әуелден музыкаға қызығушылық зор болып, музыка училищесіне түсуді армандайтынмын. Александр Николаевичтің сабақтарынан соң өмірімді музыкасыз елестете алмайтынымды түсіндім. Мектепте кәсіби деңгейі өте жоғары төрт дауысты оқушылар хоры болды, вокалды ансамбль өнер көрсетті. Тоғызыншы сыныпты бітірген соң, еш ойланбастан, музыка училищесіне құжаттарымды тапсырдым. Ал өнердегі алғашқы ұстазым деп төрт жыл бойы вокалдан сабақ берген, дауысымды қойған Анна Муравьеваны әрдайым зор құрметпен еске аламын.
- Қазіргі заманның мұғалімі «Менен кетті, ізденсе, ізденер, болмаса өзі білсін» демей, алдына келген оқушыға талап қоя отырып, өзі де соған сай болуға ұмтылуы тиіс. Талантты шәкірттерді тәрбиелеумен қатар, қазақ музыкасының кең қанат жайып дамуына зор үлес қосып жүрген Сәуле Таудаева, Еркін Нұрымбетов, Жәмила Нұрымбетова сынды педагогтарды бүгінгі күннің ұстазы деген атқа лайық деп ойлаймын.
Жақында Оралда «Жайық сазы» деген концерт өтті. Сонда өнер көрсеткен қыз-жігіттердің 90 пайызы менің шәкірттерім екен. Мен соған қатты қуандым.
- Алғашқы еңбек жолымды 1975 жылы Қазталов ауылындағы А. Оразбаева атындағы орта мектепте мұғалімдіктен бастап, бес жыл ауыл балаларына музыка пәнінен сабақ бердім. Одан кейін 18 жыл табан аудармастан, Орал қаласындағы музыка училищесінде ұстаздық еттім.
Ізгілік пен жақсылық атаулыға, сауаттылық пен білім-ғылымға тәрбиелейтін ұстаз – адам жанының, жалпы бұл дүниенің инженері. Өз басым, мұғалімнің еңбегі өте ауыр деп ойлаймын. Сондықтан, өзіме салса, әскери қызметкерлердің 45 жастан зейнеткерлікке шығатыны сияқты, мұғалімдерді де 55 жастан зейнет демалысына шығарар едім.
Ұстаздар қауымын келе жатқан төл мерекелерімен құттықтап, зор денсаулық, қажымас қайрат тілеймін!
Шолпан ҚАДЫРОВА,
облыстық білім басқармасының басшысы:
- Жақсылық атаулыны шәкірттерінің санасына дарытуды мақсат еткен, өз мамандығының білгірі, алғашқы ұстазым – Эмма Георгьевна Графтың менің өмірімдегі орны ерекше. Эмма апайдың мейірімге толы жанары, жұмсақ үні, ақжарқын мінезі әлі күнге есімде. Оқушылармен өте мәдениетті сөйлесетін, әрқайсымызға жеке-жеке көңіл бөлетін Эмма Георгьевнаның сырт келбеті қандай сұлу болса, ішкі жан-дүниесі де сондай нұрлы болатын. Ашуға еш берілмейтін, өте сабырлы және байсалды мінез иесі еді.
Сыныптағы қыздар апайымыздың жарасымды киім киісіне, үйлесімді жүріс-тұрысына қызыға да тамсана қарайтынбыз, ұқсағымыз келетін. Табиғатынан психолог, бала жанын терең түсіне білетін, өзі де мейірбан ана әр баланы өзінің ұлы мен қызындай көрді. Сондықтан біздің сыныптағы оқушылардың барлығы дерлік жақсы оқыды. Бір-екі күн көрмей қалсақ, сағынып, ұстазымыздың әр сабағына асығып жететінбіз. Алғашқы ұстазымыз – біздің сыныптың кітап оқуға, жалпы әдебиетке, соның ішінде әлем әдебиетіне деген балалық қызығушылығын оятқан абзал жан. Мектепті бітірген соң біздің сынып оқушыларының көпшілігі мұғалім мамандығын таңдады. Егер өмірде, еңбек жолында жетістіктерге жетіп, адал адам бола білсек, мұнда біздің аяулы ұстазымыз Эмма Графтың да зор үлесі бар.
Мектепке келген сайын екінші анамыздай құшақ жайып қарсы алатын Эмма апай кейін отбасымен бірге өзінің тарихи атамекеніне – Германияға қоныс аударды. Арада жылдар жылжып өтсе де, бақытты балалығымның куәсі – сүйікті ұстазымды сағынышпен еске аламын.
- Қай заманда да ұстаз өз мамандығына адал болуы керек. «Ақырын жүріп, анық бас, Еңбегің кетпес далаға» деп дана Абай айтқандай, ұстаз ізденгіш болуы, жаңаша ойлай білуі, қандай істі болсын, бар ынтасымен атқара білуі тиіс. Сәт сайын жаңарып отыратын ақпарат ғасырында өмір сүріп жатқан қазіргі оқушылар өте талапты әрі талантты, жан-жақты біліммен қаруланған, қызығушылықтары да сан алуан. Олар үнемі ізденіс үстінде жүреді, ғаламтордың мүмкіндігін кең пайдаланады. Кейде тіпті ұстаздың өзін жаңылдыра алатын зерек те дарынды ұрпақ өсіп келеді. Сондықтан мұғалім әр сабағына тыңғылықты дайындықпен келіп, шәкірт жүрегінен жол таба отырып, бала жанына тәрбие мен білімді қатар сіңіруге ұмтылғаны жөн. Мұғалімге жүктелетін міндет қашан да зіл батпан, жауапкершілік жүгі өте ауыр.
- Мен алғашқы еңбек жолымды Жымпиты орта мектебінде тарих пәнінің мұғалімі болып бастағанмын. Оқушылармен пікірлесу, бірге уақыт өткізу арқылы қуаттанамын. Балалармен жұмыс істеу ерекше бақыт сезімін сыйлайды. Егер мүмкіндік болып жатса, бір минут та ойланбастан, мұғалім болар едім. Өйткені мен үшін мұғалім – ең қадірлі мамандық. Мұғалім – барлық мамандықтың анасы.
Раниль РАХИМОВ,
Орал қалалық №5 емхананың фельдшері:
- Алғашқы ұстазым – Теректі ауданына қарасты Шағатай ауылдық округіндегі Ы. Алтынсарин атындағы орта мектептің орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Хасанова Дариға апай. Ол кісі өте жайлы, ешқашан оқушыларына дауыс көтермейтін сабырлы, салмақты қалпында ойымда қалды. Жүректі толқытқан ең керемет естелік – мектеп бітіру кешімізде Дариға Аяпқызының біздің «Өскенде кім боламын?» деген тақырыпқа орай 1-сыныпта жазған шығармаларымызды оқып бергені. Дәл осы сәтте ұстазымыз үшін біздің әр қадамымыз, әр балалық арманымыз қымбат екендігін ұғындым.
- Мұғалімнің бәрі менің алғашқы ұстазым секілді болуы керек деп санаймын.
- Ұстаз болу кез келгеннің қолынан келмейді. Зор жауапкершілік арқалап, болашағымыздың иесі – ертеңгі ұрпақты тәрбиелеу оңай емес. Мұндай ауыр міндетті арқалау, ер-азамат болсам да, менің қолымнан келмейді деп ойлаймын.
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтары біздің Telegram-парақшамызда. Жазылыңыздар!