4.10.2021, 13:18
Оқылды: 46

Ұстаздардың мерейі тасыған күн

 Х.Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрында ұстаздар мерекесіне арналған «Егемен елдің ұстазы» атты салтанатты жиын өтті. Мерекелік кешке арнайы келген облыс әкімі Ғали Есқалиев бәсекеге қабілетті шәкірт тәрбиелеу жолында аянбай еңбек етіп жүрген ұстаздар қауымын мерекемен құттықтады.

F27D3DAE-BDA2-40B6-930C-F6D3B6FDD66D

 – Мұғалім өткен мен бүгінді жалғайтын алтын арқау, келешекке жөн сілтейтін шамшырақ. Білікті  маман, білімді кадр қай заманда да елдің мықты тірегі. Білім саласының дамуы, ұстаздар мен оқушыларды қолдау біз үшін қашанда ең  маңызды міндеттердің қатарында. Осы себептен еліміз тәуелсіздік туын тіккен күннен бастап жастардың білім алуына тиісті жағдай жасалып келеді. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев биылғы Жолдауында білім беру саласын одан әрі дамытып және қолжетімді сапалы білім алуы үшін жағдай жасауды бәрімізге тапсырды. Биылғы жаңа оқу жылы орта білім беру ұйымдарында оқушылар мен педагогтердің қауіпсіздік шараларын сақтай отырып, оқыту штаттық форматта қамтамасыз етілді. 20 мыңнан астам педагог 160 мыңнан астам оқушыға білім беруде. Мемлекет басшысының қолдауымен  мұғалімдердің жалақысы көбейтіліп, жұмыс жүктемелері азайтылды. Мемлекеттің тікелей қамқорлығының арқасында 2021 жылы 409 педагог көтермеақы, 167 педагог үй алу үшін арнайы несиеге қол жеткізді. Педагогтердің қоғам алдындағы міндеті – бәсекеге қабілетті тұлға тәрбиелеу. Бұл ретте күнбе-күн бала тәрбиесімен айналысып, адами жақсы қасиеттерін дамыту қажет, – деп атап өткен облыс басшысы  білім саласында күрмеуі шешілмей тұрған бірқатар мәселе бар екенін де жасырмады. Атап айтсақ, облыста 4 үш ауысымды және 8 апатты жағдайдағы мектеп бар. Бұл мәселені шешу мақсатында қаржыландыру есебінен 2216 орындық 8 мектептің құрылысы жүруде. 1300 орындық екі мектептің құрылысы жеке инвесторлар қаражаты есебінен салынуда.
F068509A-6545-40AD-BB04-B83F18FB20C6

Биыл республикалық пән олимпиадасында 29 оқушы жеңімпаз атанса, оның бесеуі «Алтын белгі» иегерлері. Облыс командасы олимпиада қорытындысы бойынша үздік үштіктің қатарында.  8 оқушы халықаралық деңгейдегі олимпиадалардың жеңімпазы атанған. Ауыл оқушыларының сапалы білім деңгейін арттыру үшін I-Qanat қоры жыл сайын 9-сынып оқушыларына тегін олимпиада өткізіп келеді. Олимпиаданың үш жылдық нәтижесі бойынша облыстың 39 оқушысы Бурабайда орналасқан мектепке қабылданса, биылғы жылы  10 оқушы мектеп бітіріп, мемлекеттік грантқа ие болды. Жаңа оқу жылында облыс орталығында «Fizmat Primary» мектебі ашылып, бастауыш сыныпқа 64 шәкірт қабылданған.

6EEC0CF6-9DA3-4410-8F5F-00CF4D6A8474

   Салтанатты шарада жылдар бойы еселі еңбек еткен үздік ұстаздарға ҚР Білім және ғылым министрлігінің  Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгісі, ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері төсбелгісі  және облыс әкімінің алғысхаты табыс етілді. Олардың қатарында Сырым ауданындағы Қадыр Мырзалиев атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Гүлжан Тұржігітова, облыстық көру қабілеті бұзылған балаларға арналған арнаулы мектеп-интернатының бастауыш сынып мұғалімі Бибігүл Гусманова, Қаратөбе ауданы, Қаратөбе мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Анар Мұқанова және басқа педагогтер бар. Сондай-ақ  «Педагог мәртебесі туралы» заңына сәйкес облыс әкімінің қаулысымен бекітілген «Батыс Қазақстан облысының білім беру саласына қосқан үлесі үшін» төсбелгісі мен куәлігі және 300 АЕК мөлшеріндегі бір реттік сыйақы  Тасқала ауданы «Сәулет» мектеп-лицейінің мұғалімі Айнұр Дүйсеноваға табысталды.

F2E686E8-3B54-43CC-9CE9-88E50C308662

Ұстаздардың мерейі тасыған әдемі кеште республикалық «Үздік педагог-2021» байқауының жеңімпаздарына құрмет көрсетіліп, біраз педагог «Жасампаз жаршысы», «Шабыт шалқары», «Парасат жолымен», «Тәуелсіздік құрдастары», «Педагогикалық әулет» аталымына ие болды.

Ән бимен айшықталған мерекелік шарада ардагер ұстаздарға арнайы құрмет көрсетіліп, шәкірттер гүл шоқтарын сыйлады.      

 Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығымен тұспа-тұс келген ұстаздар мерекесіне арналған салтанатты кеш «Жәңгір хан жаңғырығы» театрландырылған би қойылымымен ашылып, «Қазақстаным  - ұлы Отаным» әдеби мюзиклімен қорытындыланды.

 Гүлжамал Жолдығали,

zhaikpress.kz

 

.

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале