19.05.2022, 9:15
Оқылды: 367

Ұстаздардың ұстазы

Осы бір сұңғақ бойлы, талдырмаш келген, жайдары жан облыстық педагог кадрлардың біліктілігін арттыру және қайта даярлау институтының табалдырығын аттаған әрбір мұғалімнің есінде сақталып қалған шығар. Өйткені ол 1985 жылдан бастап, зейнеткерлікке дейін 27 жыл бойы аталмыш институтта математика кабинеті меңгерушісі, математика пәні мұғалімдерінің әдіскері, жаратылыстану-математика бөлімінің меңгерушісі қызметтерін абыроймен атқарды. Әңгіме облыс мұғалімдеріне  танымал әдіскер-ұстаз Любовь Мәжитова туралы болмақ. 

IMG-20220519-WA0001

Ол 1968 жылы Теректі ауданындағы М.Калинин атындағы орта мектепті күміс медальмен бітіріп, 1972 жылы А.Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтының физика-математика факультетін үздік дипломмен аяқтайды. Тұңғыш еңбек жолын Ақжайық ауданындағы Первомай орта мектеп-интернатында бастап, кейін сол аудандағы О.Исаев атындағы орта мектепте жалғастырады.

Институтты жаңа бітірген 20 жастағы жас мұғалимаға сабағымен қатар 8-сыныптың жетекшілігі қоса тапсырылды. Бір қызығы,  арада 50 жылдай уақыт өтсе де, сол алғашқы сыныбымен әлі күнге байланысы үзілмеген, шәкірттерімен үнемі кездесіп тұрады. Сол сыныпта оқыған алғашқы шәкірттерінің бірі, бүгінде еңбек ардагері  Жұматова Меңзипа Дүйсенбайқызы ұстазын былай деп еске алады: «Любовь Рамазанқызы өте еңбекқор, талапшыл ұстаз бола білді. Мектепті 19 оқушы бітірдік. Мемлекеттік емтиханда алгебра пәнінен соның 12-і «бес», «төрт» деген баға алды. Сабақ сұрағанда апай тақтаға бірден 4 оқушыны қатар шығаратын. Барлық баланы қамтуға тырысып,  әрқайсысына көңіл бөлетін. Бағаны да әділ қоятын еді».

Осындай еңбекқорлығы арқасында Любовь Рамазанқызы бүкіл облыстың математика пәні мұғалімдерінің жетекшісі, ақылшысы, әдіскері, озық іс-тәжірибелерін таратушыға айналды.

Әдістемелік жұмыстан басқа 1997-1999 жылдар аралығында облыстық «Жыл мұғалімі» байқауында жауапты хатшы болды. Тәжірибелі ұстаздың ҰБТ-ға дайындық мақсатында өткізген жылжымалы семинарлары мен қашықтан оқыту сабақтары мұғалімдерге зор көмек болғаны сөзсіз. Ол 2003 жылдан бастап өзінің ұстазы, білім жетілдіру институтын ширек ғасыр басқарған терең білімді математик, доцент Құспанов Өтебай Құспанұлымен бірге облыстық «Дарын» орталығы базасында өткізілетін «Математикалық регата» сайысындағы қазылар алқасының  тұрақты  мүшесі.

Любовь Рамазанқызы тәрбиелеп қанаттандырған математика пәні мұғалімдерінің бірі Гүлзада Әбілхайырқызы ұстазының еңбегін жоғары бағалайды. «Төрткүл дүниенің мектептерінде оқытылатын пәндердің бірі де бірегейі – математика. Ал осы пәннің мектептегі іргетасы мықты қаланса, адам өмір жолында көп қиналмайтыны ғылымда дәлелденген. Облысымызда ұстаздардың ұстазы атанған Любовь Рамазанқызы – математика пәнінің қыры мен сырын жете меңгеріп қана қоймай, оны оқытудың жаңа әдіс-тәсілдерін әріптестеріне үйретіп, үйренуге жетелей білген қадірлі, сыйлы әріптес. Мен Любовь Рамазанқызымен 30 жылға жуық қатар жүріп, қанаттас қызметтес болғанымды мақтан етемін. Облыстық әрбір семинарға қатысып, курстан өтіп, оқып білімін жетілдірген ұстаздар үлкен қуанышпен қайтушы еді. Атақты философ И.Кант XVIII ғасырда «Қандай ғылым болмасын онда қанша математика болса, сонша шындық болады» деген екен. Любовь Рамазанқызы – әділ де талапшыл, үздік әдіскер. Облыстық пән мұғалімдері арасында өткен олимпиадада әділ-қазылар құрамында бола отырып, сан мәрте осы қасиетіне қатты риза болдым».

2011 жылы математика мамандарының республикалық I сиезінің делегаты болды. Білім саласына сіңірген ерен еңбегінің арқасында «ҚР білім беру ісінің үздігі», «Жоғары санатты әдіскер» деген құрметті атақтарға ие болды. Ол – жанұяда үш қыз, бір ұл тәрбиелеп өсірген аяулы ана. Балаларының бәрі де жоғары білімді.  Әрқайсысы түрлі салада қызмет атқарып жүр.

Ұстаздардың ұстазы болып, қиын да қызықты математика пәнінің жілігін шағып, майын ішкен, көптің құрметіне бөленіп жүрген әріптесіміз, ұстазымыз Любовь Рамазанқызын мерейлі 70 жасымен құттықтап, мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр, ұрпақ амандығын тілейміз!

Күләш Бисәлиева 

зейнеткер әріптесі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале