3.09.2021, 9:46
Оқылды: 43

Ұстазды ардақтайтын көрме

Жақында облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Ұстаз – ұлы есім» атты көрменің ашылуы өтті. Салтанатты шарада музей директоры Мирболат Ерсаев Қазақ КСР Халық ағарту ісінің озық қызметкері, Казталов ауданының құрметті азаматы, ардагер ұстаз Сәндеш Жақашеваға жас ұрпақ тәрбиелеудегі жылдар бойғы жемісті еңбегі және музей қорын жаңа жәдігерлермен толықтырғаны үшін ризашылығын білдіріп, құрмет көрсетті.  

1

– Ұстаз – мемлекет пен қоғам арасындағы алтын көпір тәріздес. Қоғамның дәстүрі мен рухани құндылықтарын, адамзаттың асыл қасиеттері, ғылым мен өнердің мұралары ұстаздар арқылы ұрпақтан ұрпаққа жол тартады. Сол себепті бұндай көрмелердің ұйымдастырылуының тәрбиелік мәні зор, – деп сөз сабақтаған музей директоры шараның маңыздылығын атап өтті.

Сәндеш Жақашқызы тарихи-өлкетану музейінің қорына 90-ға жуық өзінің тұтынған заттарын, құжаттарын, фотосуреттерін тапсырған. Соның негізінде «Ұстаз – ұлы есім» атты көрме көпшілік назарына ұсынылды.

92 жасқа келген ұстаз Казталов ауданындағы А.Оразбаева атындағы мектепте оқу ісінің меңгерушісі, мектеп директоры болып еңбек еткен. Кейін Алматы қаласына қоныс аударған Сәндеш Жақашқызы ол жақта да іргелі білім ошағын басқарды. 1995 жылы елге оралған ұстаздың өмір жолы  өнегеге толы.

Шараға Сәндеш Жақашқызының 20 жыл қызметтес болған әріптесі Тұрғаным Жанболатқызы, шәкірттері Баян Шынтемірова, Тұяқбай Рысбеков, Құтты Алтаева, Сағынгерей Кабушев, Сатыбалды Таспихов және  тумауыстары, замандастары қатысып, әсерлі естеліктерімен бөлісті.

 

Гүлжамал Жолдығали,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале