4.11.2025, 15:00
Оқылды: 385

«Үздік дәрігер болу үшін үзіліссіз ізденіс керектігін жиі айтамын»

Батыс  Қазақстан  жоғары  медициналық  колледжі  –  республика  бойынша  үздік  кәсіби  білім  беретін  және  түлектерінің  90%-ға  жуығы    жұмыспен  қамтылатын  (қалғандары  жоғары  оқу  орнына  түсіп,  білімін  жалғастырады, әскерге  аттанады немесе  қыздар  тұрмысқа  шығып,  декреттік  демалыста  отырады)  өңіріміздегі  іргелі  оқу  ордасы.  Бұлай  деуімізге  себеп,  ел  аумағындағы    медициналық  білім  беретін  84  колледж  түлектерінің  білім  сапасын  бағалайтын  Ұлттық  орталықтың  рейтингісі  бойынша  бұл  оқу  орны  алғашқы  үштіктің  сапында  тұр.  Батыс  Қазақстан  жоғары  медициналық  колледжінде  қандай  мамандар  даярланады,  қандай  мамандықтарға  сұраныс  басым,  жатақханамен  қамтылу  деңгейі  мен  арнайы  шәкіртақылар  туралы  білу  мақсатында  аталмыш  колледждің  директоры, «Құрмет»,   «Парасат»  ордендерінің  иегері, медицина ғылымдарының кандидаты  Қамидолла  Ирменовпен  аз-кем  тілдескен  едік.  Сұхбаттың  желісін  назарыңызға  ұсынамыз. 

WhatsApp Image 2025-11-04 at 15.22.43

Қамидолла Мутиғоллаұлы, сөзімізді аймақтың медицина саласындағы, оның ішінде сіз басқаратын оқу орнын­ың материалдық-техникалық әлеуеті туралы әңгімеден бастасақ. Студенттердің білім-білігін арттыру үшін кейінгі жылдары қандай заманауи құрал-жабдықтар сатып алынды?

–  Өздеріңізге мәлім,  Батыс Қазақстан жоғары медициналық колледжінің ғасырдан астам тарихы бар. Күн тәртібінде колледж ғимаратына жөндеу жүргізіп, оқу құрал-жабдықтарын жаңалау мәселесі тұрды. Кейінгі екі-үш жылда колледждің материалдық-техникалық әлеуеті едәуір артты. Оқу орнының есепшотынан арнайы қаражат бөлініп, оқу жиһаздары (парта, орындықтар, стол, компьютерлік жиһаз т. б.) сатып алынды. 27 оқу кабинеті жаңартылды. Ақпараттандыру құралдары бойынша да интерактивті тақтамен (14 дана), телемонитормен (30 дана), компьютер-ноутбуктармен толық қамтамасыз етілді. Симуляциялық оқу жабдықтары 90% жаңартылды. Заманауи үлгідегі роботталған манекен тренажерлар алынды. Мәселен, кардиологиялық манекен – жүрек-өкпе реанимациясы, әртүрлі кардиологиялық сырқаттар кезінде көмек көрсету нәтижесін бағалауға мүмкіндік беретін роботталған тренажер. Сондай-ақ ЭКГ аппараты, босану процесіндегі, соның ішінде асқыну жағдайларын сипаттайтын және көрсетілген көмекті бағалайтын оқу тренажерлер, мейіргерлік технологияларды меңгеруге мүмкіндік беретін муляждар сатып алынды. Анатомиялық Пирогов 3D үстелі, жаңа үлгідегі микроскоптар, тағы басқа жабдықтар оқу үрдісінің тиімділігін арттыруда. Кітапхана қоры да жыл сайын толықтырылуда. Колледж ғимаратына ағымдағы жөндеулер жыл сайын жүргізілуде, оның ішінде спорт залдары (ішкі алаң, сыртқы алаң) мен кітапханаға аса көңіл бөлінуде. Ғимараттың шатыры ауыстырылып, жылу беру, электр қуат жүйелері жаңартылып, терезелер жөнделді.

–  Маман даярлауда кәсіби білімді оқытушылардың алатын орны ерекше. Колледжде білім беретін оқытушылар құрамы мен олардың жетістіктері туралы айтып өтсеңіз.

–  Колледжде 80-нен астам оқытушы білім беру қызметін жүзеге асырады.  Олардың 75 пайызында санаттылық көрсеткіші бар, яғни  20 магистр, 10 педагог-зерттеуші, 20 педагог-сарапшы қызмет атқарады. Оқытушылар тек білім берумен ғана шектелмей, үнемі білімдерін жетілдіріп, біліктіліктерін арттырып отырады. Ғылыми-әдістемелік жұмыстармен  айналысады. Республикадағы медициналық колледждердің білім алушыларына арналған оқулықтар мен оқу құралдарын дайындайды. Біздің оқытушылар жазған 38 оқулық пен оқу құралдары баспадан жарық көріп, республика көлемінде таратылды. Оқытушылар көптеген халықаралық және республикалық басылымдарға мақалаларын жариялап отырады. Сонымен қатар жылсайын техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының педагогтері арасындағы «Денсаулық сақтау» саласы бойынша облыстық, республикалық деңгейде өткізілетін кәсіби шеберлік байқауларына қатысып, ел аумағындағы медициналық колледждер арасынан жүлделі орындарға ие болып жүр. Атап айтқанда, 2022 жылы медициналық оқу орындарының оқытушылары арасында өткен республикалық байқауда зертханалық диагностика мамандығы бойынша Нұрлы Темірәлиева гран-при иегері атанса, 2023 жылы Лаура Гусманова мейіргер ісі мамандығы бойынша жүлделі ІІ орынды иеленді. Биыл емдеу ісі мамандығы бойынша облыстық  деңгейдегі байқаудың жеңімпазы болған Махаббат Набиғалиева 3-4 қараша күндері Алматы қаласында өтетін кәсіби шеберлік байқауына жолдама жеңіп алды.

Қамидолла Мутиғоллаұлы, Батыс Қазақстан жоғары медициналық колледжінде жалпы қандай мамандар даярланады? Қандай мамандықтарға сұраныс басым?

– Колледжде алты мамандық, жеті біліктілік бойынша білім беру қызметі жүзеге асырылады. Емдеу ісі мамандығы бойынша фельдшерлер, акушер ісі мамандығында акушерлер даярланады. Сондай-ақ, мейіргер ісі (жалпы практика мейіргері және мейіргер ісінің қолданбалы бакалавры), лабораториялық диагностика (медициналық зертханашы), фармация (фармацевт)  медициналық-профилактикалық іс (гигиенист-эпидемиолог) мамандықтары бойынша білім беріледі. Сұраныс барлық мамандық бойынша бар, дегенмен акушер, фармацевт және мейіргер ісінің қолданбалы бакалавры мамандықтарына сұраныс басым. Сондай-ақ кейінгі жылдары мектеп бітірген түлектер ғана емес, 25-30 жастағы қыз-келіншектер де оқуға түседі. Олар сән салондары мен дәріханаларда қызмет ету үшін арнайы білім алады.  Тағы бір айта кететін мәлімет, дәрігерлер бес жыл сайын біліктілігін арттыруы тиіс. Бұрын біз біліктілікті арттыру үшін бірнеше айға Алматы қаласындағы медициналық оқу орындарына жолданатын едік. Қазір жоғары медициналық колледж базасында дәрігерлер біліктілігін арттыра алады. Симуляциялық кабинеттер заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Алматы қаласындағы Қазақстан медициналық университетімен әріптестік байланыс орнаттық, аталмыш оқу орнының оқытушылары келіп, дәрігерлерге біліктілігін арттыру бойынша дәріс оқиды, кейін сертификат береді.  Осылайша дәрігерлердің біліктілігін арттыру мәселесін реттедік.

– Соңғы үш жылда колледжден қан­ша түлек қанат қақты? Жұмысқа орналасу деңгейі бойынша статистикалық мәлімет келтірсеңіз.

– Батыс Қазақстан жоғары медициналық колледжді биыл 642 түлек тәмамдаса, былтыр 722 түлек дипломын алып шықты. Ал 2023 жылы  456 маман даярланды. Жұмысқа орналасу көрсеткіші: 2025 жылы 88%, 2024 жылы  85%, 2023 жылы 87%.

– Колледж меншігінде жатақхана бар ма? Студенттердің шәкіртақысына тоқталсаңыз. Мемлекеттік грант негізінде оқитын студенттердің шәкіртақысы қанша және үздік оқитын немесе белсенді студенттерге арнайы шәкіртақылар беріле ме?

Колледждің арнайы жатақханасы жоқ. Студенттер мемлекеттік-жеке меншік әріптестік аясында оқу ғимаратына жақын жерде салынған жеке жатақханада тұрады. Мемлекеттік тапсырыс негізінде білім алатын студенттер оқу үлгеріміне байланысты әдеттегі шәкіртақыны – 41 896 теңге көлемінде алса, оқуда үздік студенттер – 48 180 теңге көлемінде шәкіртақы алады. Сонымен қатар әлеуметтік санаттары бойынша әлеуметтік төлемдер де беріледі. Яғни жетім және ата-ана қамқорынсыз қалған студенттерге – 54 464 теңге көлемінде,  көпбалалы және аз қамтылған отбасынан шыққан студенттерге ыстық тамаққа  қаржы  бөлініп  отырады.

– Медколледж қандай медициналық мекемелермен әріптестік байланыс орнатты? Студенттер сараманнан қайдан өтеді?

– Колледж  облыстағы емдеу және фармацевтикалық  қызмет көрсететін 55 мекемемен әлеуметтік серіктестік жөніндегі келісімшарт  жасасты. Өндірістік және кәсіби оқыту (практика) облыстағы клиникалық базаларда жүзеге асырылады. Соңғы бес жылда дуалды оқыту жүйесі енгізілді, 300-ге жуық білім алушы 40 мекемеде дуалдық оқытумен қамтылды.

Колледж студенттеріне арналған бағдарламада қандай жаңашылдықтар бар?

– Студенттер дуалды оқыту жүйесімен білім алуда. Яғни теорияны колледжде оқып, содан соң ауруханалар мен емханаларға барып тәжірибе жинайды. Екіншіден,  клиникалық симуляциялық орталықтарда да сабақ өтеді. Арнайы манекендер мен жабдықтар арқылы студенттер науқастың жағдайын біліп, диагноз қойып, алғашқы медициналық көмек көрсетеді. Медициналық көмек дұрыс көрсетілмесе, манекендер белгі беріп, кейбірі «сөйлейді». Үшіншіден, студенттер цифрлық технологияларды да меңгереді. Электрондық журналдар, қашықтан оқыту платформалары (LMS), виртуалды анатомия, 3D модельдер арқылы ішкі ағза жүйесін көреді. Төртіншіден, коммуникация, стресс-менеджмент, этика, науқаспен қарым-қатынас дағдыларын «Soft skills» (жұмсақ дағдылар) бағдарламасымен үйренеді.

Сапалы, жүйелі жұмыс міндетті түрде нәтиже беретіні сөзсіз. Осы орайда, студенттердің кейінгі жылдары жеткен жетістіктеріне тоқталып өтсеңіз.

Жалпы колледж студенттері өте белсенді, облыстық, республикалық, халықаралық байқаулар мен «World Skills» кәсіби шеберлік шемпионаттарына, ғылыми-практикалық конференцияларға қатысып, жүлделі орындарды иеленіп жүр. Биыл Талдықорған қаласында өткен республикалық І «MedSkills» кәсіби шеберлік байқауына мейіргер ісі мамандығының ІІІ курс студенті Ақбота Кенесова қатысып, ІІІ орынға ие болды.  Емдеу ісі мамандығының студенті Данил Меренков Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі ұйымдастырған «ҚР колледждерінің ТОП 100 студенті» байқауының жеңімпазы атанды.  «Кербез би» ансамблі «Дала сазы» республикалық байқауында гран-при иеленді.

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа іс-қимыл  агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті және Атырау облыстық білім басқармасы ұйымдастырған І республикалық слетте колледжіміздің «Саналы ұрпақ»  студенттік клубы  І орын алды. Біздің студенттер спорттық сайыстардан да кенже қалып көрген жоқ. Жуырда облыстағы 26 колледж студенттері арасында өткен футзал додасынан бірінші орын алды.

– Қамидолла Мутиғоллаұлы, оқытушыларға қоятын басты талабыңыз қандай?

 Басты талабым кәсіби біліктілік пен жауапкершілік. Оқытушы тек өзінің пәнін жақсы білетін маман ғана емес, сонымен қатар студентке үлгі боларлық тұлға болуы тиіс. Студенттерге де қатаң талап қойыңыздар, өйткені олардың алдында адамның өмірі тұрады деп жиі айтамын. Жаңашылдыққа ұмтылу, педагогикалық этиканы сақтау, үздіксіз даму мен студенттерге шынайы жанашырлық таныту — маңызды талаптарымның бірі.

–  Студенттерге дәріс оқисыз ба? Оларға жиі айтатын ақыл-кеңесіңіз. 

– Студенттердің сабақтарына күн сайын қатысамын деп айта алмаймын. Қоғамдық жұмыстарым да бар. Ішінара қатысқан сабақтарымда студенттерге өз мамандықтарыңды шынайы жақсы көріңдер деймін. Сонда ғана табысты маман болады. Үнемі ізденіңдер, тақырыпты түсінбесеңдер сұраңдар,  жауапкершілікті сезініңдер, тек баға үшін емес, білім алу үшін оқыңдар деп те жиі айтамын. Медицина мамандарына қажет қасиеттер – кәсіби білім, үзіліссіз ізденіс, антқа адалдық пен адамгершілік.

– Әңгімеңізге рақмет! 

 

Гүлсезім Ерболатқызы,

«Орал  өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале