Орал қаласындағы «Дарын» қосымша білім беру орталығында 7-8-сынып оқушылары арасында география пәнінен өткен ұлттық олимпиаданың өңірлік кезеңі қорытындыланды. «EcoForming» экология және білім қоры ұйымдастырған олимпиаданың облыстық кезеңіне Орал қаласы мен өңіріміздің әр ауданынан 70-ке жуық оқушы қатысты. «Шеврон» компаниясы пән сайысына демеуші болса, «National Geographic Qazaqstan» журналы контенттік қолдау көрсетті.
Дәл осындай пәндік олимпиада Батыс Қазақстан облысына қоса, Астана және Алматы қалаларында да өткен. Басты мақсат – білім сапасын жақсарту, оқушылардың зерттеушілік қабілеттері мен дағдыларын шыңдау, сондай-ақ әлем бойынша маңызы артып келе жатқан география пәнінің мәртебесін тиісті деңгейге көтеру.
– Біз олимпиаданы өткізу мақсатында Астана қаласынан арнайы келдік. Білімділер сайысы теориялық және практикалық деп аталатын екі айналымнан тұрды. Теориялық кезеңде қатысушылар географиялық нысандар мен құбылыстарды анықтауға бағытталған тест сұрақтарын орындаса, практикалық кезеңнің ерекшелігі – бұл кезең тақырыптық жағынан біріктірілген тапсырмалар тобынан тұрды. Қатысушылардың географиялық эрудициясының болуы, мектепте алған білімін талдап, өз бетімен шығармашылық тұрғыдан дамыта алу дағдылары басты назарға алынды. Тапсырмаларда ішінара «National Geographic Qazaqstan» журналының материалдарынан дайындалған сұрақтар кездескенін де атап өткен жөн. Бұған қоса олимпиада аясында география пәнінің мұғалімдеріне «National Geographic ресурстарын сабақ барысында тиімді қолдану» атты семинар өткізіліп, түрлі мәдени шаралар, тимбилдинг ұйымдастырылды. Өз тарапымнан «Дарын» қосымша білім бе-ру орталығының ұжымына, олимпиадаға қатысушылар мен олардың жетекшілеріне келіп, қатысқандары үшін ризашылығымды білдіремін, – дейді ұйымдастырушылардың бірі, «National Geographic Qazaqstan» журналы редакциясының жоба-менеджері Айжан Оқас.
Айта кетейік, олимпиадаға қатысушылар, алдымен, мектепішілік деңгейде бақ сынап, кейін ауданаралық кезеңде үздіктер іріктелді. Аталмыш шарада облыстық кезеңнің жеңімпаздары сертификаттармен және «Шеврон» компаниясының бағалы сыйлықтарымен марапатталды. Сонымен қатар марапаттау рәсіміне оқушыларға қоса, олардың жетекшілері – әр аудандағы мектептерден келген география пәнінің мұғалімдері, қазылар алқасы – М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің аға оқытушылары да қатысты.
Оқушыларға өңіріміздегі іргелі оқу орнының оқытушылары баға беріп, қазылық етті. Мәселен, БҚУ-дың аға оқытушысы, география ғылымдарының кандидаты Мирас Ғалымов география пәнінің мән-маңызы мен өзектілігіне тоқталып, мұғалімдерге осы ғылымды дамытудағы үлестері үшін алғысын айтса, осы университеттің аға оқытушысы, география ғылымдарының кандидаты Серік Рамазанов оқушылардың дайындықтарына тоқталып, ұстаздарға сабақ барысында практикалық тапсырмаларға әлі де басымдық беру керектігін ескертті.
– Жаңақала ауданындағы М. Жүнісов және Д. Нұрпейісова атындағы мектептерден екі оқушыны олимпиадаға қатыстыруға алып келдім. Мектеп ұжымы балаларға үміт артып, күтіп отыр. Облыс орталығында өткен олимпиада оқушылардың таным көкжиегін кеңейтіп, ғылымға деген ынта-ықыласын арттырды деп ойлаймын. Жетекшілерге арналған семинардан да жаңа ақпаратқа қанығып, жақсы әсер алып шықтық. Ришат Халел деген оқушым осы облыстық кезеңнен 3-орын алды. Біз үшін бұл – әжептәуір жетістік. Қазір ауданға жолға шығып, ұстаздарды жүлдемізбен қуантпақпыз, – дейді жаңақалалық Ділбар Ерболатқызы.
Олимпиада қорытындысы бойынша 2 оқушы І орын, 10 оқушы ІІ орын, 20 оқушы ІІІ орын алды. Барлығы 32 оқушы жеңімпаз бен жүлдегер атанды.
Аружан Аманжол,
«Орал өңірі»