Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығында «Күйшілер одағы» РҚБ төрағасы Асқар Кенжеғалиев жергілікті өнерпаздармен жүздесіп, алдағы жұмыс жоспары жайында әңгімеледі.
– Ақпанның 4-і күні республика бойынша күйшілер құрылтайы онлайн байланыс арқылы өтті. Оған елуге жуық өнерпаз қатысты. Жеті адам «Халық күйшісі» төсбелгісімен, төрт күйші «Құрманғазы Сағырбайұлы» төсбелгісімен марапатталды. Күй өнерін дәріптеу мақсатында ауқымды іс-шаралар өткізу жоспарлануда. ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына байланысты күйші-композиторлар байқауын өткізу жөнінде хат жолдадым. Күйші Құрманғазы Сағырбайұлының туған жылына байланысты туындап отырған дауды түбегейлі шешу үшін әрқилы деректерді саралап, нақты ғылыми зерттеу жүргізу керек. Жаңа жылдан бастап республикалық қоғамдық бірлестіктің Нұр-Сұлтан қаласы және 12 облыс бойынша филиалдары ашылып жатыр. Батыс Қазақстан облысындағы филиал төрағасы болып Асылхан Қазиев тағайындалды, – деді дөңгелек үстелде Асқар Кенжеғалиев.
Мәдениет орталығында өткен басқосуда облыстық мәдениет басқармасының басшысы Сайран Дүйсенов тарланбоз өнер иелері – Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, дауылпаз күйші Ермек Қазиев пен «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, домбыра жасау шебері Едіге Нәбиевті «Халық күйшісі» төсбелгісімен марапаттады. Күйшілер одағының төрағасы Асқар Кенжеғалиев ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері Асылғаным Құсмағанбетова, ҚР Мәдениет саласының үздігі, дирижер Еркін Нұрмыбетов, Құрманғазы колледжінің директоры Нұржан Сертековке «Күйшілер одағының құрметті мүшесі» куәлігі мен құрмет грамотасын және бір топ домбырашыға мүшелік кітапша мен алғыс хат табыстады.
Нұртай Текебай,
zhaikpress.kz