«Жасыл ел» жасақтары белсенді жастарды біріктіріп, оларды еңбекке баулып келеді. Өмірлік маңызды әлеуметтік дағдыларды меңгеруге ықпал етіп, ең белсенділері үшін кәсіби мансап жолында өрлеуге әлеуметтік лифт болуда.
Ел жастарының арасында экологиялық дүниетанымды, табиғат пен қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауды қалыптастыру мақсатында құрылған қозғалыс қатысушылары осы жылдар ішінде 40 миллионнан астам ағаш отырғызып, саябақтарды, алаңдарды, аулаларды абаттандыруға үлкен үлес қосты.
Жуырда Астана қаласында «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары республикалық штабы XVIII еңбек маусымының аяқталуына байланысты салтанатты іс-шара өткізді. Оған еліміздің барлық аймағынан келген «Жасыл ел» сарбаздары мен қозғалыс жетекшілері қатысты.
Қашанда игі істің басы-қасында жүретін жастарды марапаттауға арналған салтанатты жиында Берман Исаев жетекшілік ететін БҚО «Жасыл ел» штабы «Үздік онлайн штаб» аталымына ие болса, Аманжол Бақтығалиев «Үздік сарбаз» атанды. Сонымен қатар Сұлтан Аманов «Жасыл ел» еңбек жасағының республикалық штабы атынан арнайы алғысхатқа ие болды.
Өз тілшіміз