Жуырда Астанада «Үздік педагог – 2022» республикалық байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Байқауға қатысқан мектептер мен колледждерде сабақ беретін 64 педагог жеңімпаз атанып, әр мұғалімге 3 млн теңгеден ақшалай сыйақы берілді.
Жеңімпаздар қатарында батысқазақстандық үш педагог бар. Солардың бірі – Жаңақала жалпы орта мектебінің тарих пәні мұғалімі Саид Әлиев. Педагогикалық өтілі – 25 жыл. Педагог шебер, мектеп көшбасшысы, «ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісінің иегері, аудан, облыс, республикаға танымал Саид Әлиев – әр кез мектеп мерейін асырып жүрген білікті ұстаз. Ол әрдайым мұғалімдердің басын қосып, жаңа жобалар бастап, өзінің кәсіби шеберлігімен көш бастап келеді. Бірнеше жобаның авторы. 2020 жылы ауторлық жоба жасап, «Сингапурлық оқыту әдістерін» өз сабақтарында шеберлікпен көрсете білген. Мектеп мұғалімдеріне әртүрлі семинар, фасилитация, Workshop, коучинг, т.б. іс-шараларды жиі өткізіп жүр. 2021 жылы «Іс-әрекеттегі зерттеу» жобасы нәтижелі аяқталса, биыл «Көшбасшының ізімен» жобасын бастады. Саид Әлиевтің шәкірттері – түрлі олимпиада мен байқаулардың жеңімпаздары.
Тағы бір жеңімпаз Зәуреш Қошанова – Ж.Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледжіндегі педагогика және психология кафедрасының оқытушысы. Жалпы еңбек өтілі – 29 жыл. Педагогтің шәкірттері аудандық, облыстық, республикалық, халықаралық олимпиадаларда, түрлі білім байқауларында жүлделерге ие болған. «Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру жүйесінің жаңартылған үлгілік оқу жоспарлары мен бағдарламалары бойынша оқу-әдістемелік кешендерді әзірлеуді ұйымдастыру қызметтері» мемлекеттік тапсырмасын орындау аясында «Критериалды бағалау технологиясы» оқу құралының авторы.
Республика бойынша үздік педагогтің бірі Эльмира Қазиханова – дарынды балаларға арналған С.Сейфуллин атындағы №11 облыстық мамандандырылған мектеп-лицей-интернаттың химия пәні мұғалімі. Педагогикалық еңбек өтілі – 14 жыл. Эльмира Бейсембайқызының шәкірттері – әл-Фараби атындағы халықаралық олимпиаданың, жаратылыстану-математикалық бағытындағы пәндерден президенттік және республикалық пәндік олимпиадалардың жүлдегержеңімпаздары. Педагогтің өзі де химия пәні бойынша мұғалімдерге арналған түрлі республикалық, облыстық олимпиадалардың, турнирлердің, кәсіби конкурстардың жеңімпазы. Мұғалімнің ауторлық бағдарламалары, әдістемелік құралдары республикалық, облыстық деңгейде таратылған. Цифрлық технологияларды, заманауи әдіс-тәсілдерді сабақтарында шебер қолданатын білікті педагог семинар, конференцияларда өз тәжірибесімен бөлісіп, ұстаздардың кәсіби дамуына зор үлесін қосуда. Ол мектептің дарынды оқушыларының зияткерлік әлеуетін дамытуда «Іntellectual capital» жобасын бірнеше жыл нәтижелі жүргізіп келсе, бүгінгі таңда «Рedagogical skills» кәсіби қоғамдастығының жетекшісі. Педагог – республикалық, облыстық шығармашылық және сараптамалық топ мүшесі.
Байқаудың республикалық кезеңінде 123 мұғалім «Үздік педагог – 2022» атағы үшін сынға түскен.
Гүлжамал Жолдығали,
zhaikpress.kz