30.05.2025, 10:30
Оқылды: 162

Ұжымдастыру кезіндегі наразылық және аштық оқиғалары

Батыс Қазақстан облысындағы Кеңес өкіметінің ұжымдастыру саясаты кедергісіз жүрді деп айта алмаймыз. Бүкіл Кеңес еліндегі, оның ішінде Қазақстандағы шаруалардың ұжымдастыруға қарсы наразылықтары Батыс Қазақстан облысында да болды. Мұны партия ұйымдарының архивте сақталған баяндамаларынан, жергілікті кеңестік атқарушы биліктің ресми хаттарынан, ОГПУ секілді құзырлы құрылымдардың ақпарларынан байқаймыз. БҚО архивінен ОГПУ-дың Орал округтік бөлімінің ұжымдастыру және сол кездегі тұрғындардың көңіл күйі туралы,  мемлекеттік аппараттағы тазалаулар, көктемгі егіс науқанына дайындық жөніндегі арнайы ақпарлары табылды. Сол құжаттарда келтірілген мәліметтердің бірқатарына  тоқталып  өтейік.  

WhatsApp Image 2025-05-29 at 14.54.33

1930 жылғы 15 қаңтардағы ОГПУ-дың өңірлік бөлімінің арнайы ақпарында жергілікті жерлерде көктемгі егістікке қажетті тұқымдық қорды жасақтау науқаны кезінде кулак, ауқатты, орта және кедей шаруалардың бидай тапсырудан үзілді-кесілді бас тартып отырғаны айтылған. Мұны олар астық дайындау  кезеңінде қолдарында барбарлық бидайды өкіметке тапсырғандарымен түсіндіріп, енді олардың өздерінде жейтін ештеңе қалмағанын жеткізген. Кейбірі, негізінен кедейлер мен орташалар, астық тұқымын мемлекеттен аламыз немесе көршілес Орынбор, Самара, Ақтөбе округтерінен астық тұқымын алуға рұқсат аламыз деп үміттенеді. Астық тұқымын тапсырудан бас тартқан кулактар дүние-мүлкін тастап, бір түнде тұрғылықты жерлерінен кетіп қалып отырған. Зауральный ауданының селолық кеңестерінің бірінде тұқым қорын жинау жөнінде құрылған комиссия мүшелері жұмыс істеуден өз еріктерімен бас тартқан. Жалпы тұрғындардың көңіл күйі өз есебімізден астық тұқымын жасақтау мүмкін емес, көктемде егістікке себетін ештеңе жоқ дегенге келіп тірелетінін  атап  көрсеткен.

ОГПУ-дың аталмыш ақпарында адамдардың аштықтан ісініп кеткені, селолық жерлердегі тұрғындардың  үдере көшіп жатқаны және саясаттың ауыртпалығы орташаларға да түсіп отырғаны баяндалған. Онда «Теплов ауданы, Шапошников селолық кеңесінің тұрғындары, малшы Василий Лукьянченко сегіз адамнан тұратын отбасымен бірге ашыққаннан денелері ісінген, батырақ Егор Рехт отбасындағы үш адамымен бірге дұрыс тамақтанбағаннан ісініп кеткен. Комбинат артельдерінде жұмыс істейтін адамдардың аштықтан ісінгендерінің саны 3-5 пайызға жеткен. 15-20 отбасы тек картоппен ауқаттанады, оның қоры да таусылуға жақын. Аштықтан қалжыраған оқушы балалардың мектепке баруы да азайып кеткен, оларға ешкім нан беріп көмектеспейді. Тұрғындардың өз қоныстарын тастап кетіп жатқаны да байқалады. Шамамен соңғы 2-3 аптаның ішінде сол селолық кеңестен 240 шаңырақ Сібірге, Орта Азияға, ал 10 шаңырақ Украинаға кеткен. Олардың басым бөлігі кедей және әл-ауқаты төмен орташалар. Селолық кеңестердің адамдардың тұрғылықты жерінен рұқсатсыз кетуіне тыйым салатынын білетін тұрғындар қулыққа барып, түнде үйлерінің шамын жағып, терезелерінен жарық түсіріп, мал-мүлкін тастап, жасырынып қашып шығады. Тұқым қорының ауыртпалығы тек ауқаттыларға емес, сонымен қатар бір жылқысы мен екі сиыры бар аз қамтылған орта шаруаларға да түсіп отыр. Бақылау көрсеткіштерін орындамағаны үшін жергілікті ұйымдар осындай 20 шақты шаруашылықтың мал-мүлкін сата бастады», – деп  жазылған.

1930 жылғы 25 ақпандағы ОГПУ-дың Орал округтік бөлімінің арнайы ақпарында округ тұрғындарының азық-түлік тапшылығына және аштық жағдайына байланысты жай-күйін баяндаған. Мысалы, Астық одағының

№5 диірменінің жұмысшылары күнделікті берілетін азық-түлік нормасының біркелкі еместігіне наразылықтарын білдірген. Григорий Выровщиков: «Биліктің адамның ішіп-жер тамағына араласуы не қылған нәрсе, нан мен етті алып, шетелге асырып жатыр, ал өздерінің жұмысшыларын аштықтан қырып жатыр. Бізге күніне 300 грамм нан, 100 грамм ет береді. Ал басқа қалаларда бір келі нан, май және тағы басқаларын береді. Бұл тек өзіміздің жеуімізден ауыспайды, ал отбасы аш қалады», – деп  айтқан.

Тағы бір жұмысшы Дмитрий Кузмин: «Бұлар бізден азамат соғысы кезінде ақ гвардияшылардың жағында болғанымыз үшін кек алып жатыр. Олардың сарқыншақтары билікке келіп алып, бізді мүйіздеп әкетіп барады. Екінші революция қажет», – деп айтқан. Осылайша бұлардан басқа да Орал қаласындағы және оның маңындағы диірмен, холодильник, мехзауыт және құрылыс жұмысшылары алалаушылыққа жол беріп отырған билікті сынға алып, әділдік, теңдік орнату үшін күрескен.

Құзырлы органның арнайы ақпары бойынша аудандық жерлердегі қызметкерлердің және шаруалардың жағдайы тым ауыр болған. Аудандарға астықтың уақытында жетпеуіне байланысты мекеме қызметкерлері күнделікті берілетін 300 грамм нанды да ала алмайтын.  Мәселен,  1929 жылы желтоқсан айында Ілбішін ауданы, Калмыков поселкесінің пошта-телеграф бөлімшесінің меңгерушісі, БКП (б) ұяшығының хатшысы Никитин округ орталығына телеграмма жіберуге мәжбүр болып, егер үш күн ішінде қызметкерлерді нанмен қамтамасыз етпейтін болса, олар жұмысты тастап, Оралға баратындарын айтқан. Дәл осындай жағдайға байланысты аудандық ауруханалардың бірқатар қызметкерлері (Жымпитыдағы дәрігер Чуриков және т.б.) жұмыстарын тастап, Окрздравотделдің рұқсатынсыз басқа қалаларға кетіп қалған.

Оралға кетпекші болғандардың бірі, Ілбішін тұтынушылар кеңсесінің меңгерушісі Сферовский: «Мен бір ай бойы нансыз отырдым, тек ет жедім, балалар жылап нан сұрайды, бірақ оны алатын жер жоқ. Мен жұмысымды тастап, басым ауған жаққа кетіп қаламын, мейлі мені тұтқынға ала берсін», – Астық тапшылығына байланысты шаруалар қолда бар бағылатын, сауынды және  жұмыс күші ретінде пайдаланатын малының көпшілігін сойып тастаған және тамаққа қолданған.  Осындай жағдай тіпті кейбір колхоздарда да болған. Мысалы, Зауральный ауданы, Федоровка поселкесіндегі «Интернационал» колхозында кедей 60 шаруашылық аштыққа ұшыраған. Иуда Рябоконь, Ульяна Калашников және басқалары колхоз басқармасының рұқсатымен етке мал сойған және тек 1930 жылдың қаңтар айының өзінде  тоғыз  жылқы  сойылған.

Азық-түліктің жетіспеушілігі салдарынан тоғыз орта шаруа колхоздан шығып, Ташкентке күнкөріс үшін кеткен. Кейбірі табыс табу үшін Донбасқа жұмысқа кеткен.

Ашаршылыққа ұшыраған халыққа бөлінген 70 пұт астықтың жетпейтіні айтылған. Ілбішін ауданы, Ілбішін поселкесіндегі және Орал қаласындағы балық аулау артельдерінің мүшелері арасында да дұрыс тамақтанбай жүргендердің бар екені  байқалған.

1930 жылғы мамыр айындағы ІІ Орал округтік партия конференциясының деректері бойынша 1928-1930 жылдары колхоз құрылысы кезінде өңірде таптық шиеленіс күшті болған. Ұжымдастыру барысында байлар мен кулактарды тап ретінде жою басым бағыт болғанын атап көрсеткен. Тазалау шаралары нәтижесінде колхоздардан шамамен 559 бай мен кулак шығарылған. Партия ұйымының баяндамасында байлар мен кулактарды, дін өкілдерін кеңес өкіметінің ұжымдастыру саясатына ашық қарсы шығып, саяси-шаруашылық науқандарына кедергі келтірді, кедейлер мен орташаларды колхоздан шығып кетуге көндірді, малын жаппай жойып жіберді және билікке қарсы үгіт-насихат жүргізді деп айыптап көрсеткен. Мұндай наразылықтар Сламихин, Азғыр, Талов және Жаңақала аудандарында болған. Партияның пайымдауынша, изолятордан босап шыққан кейбір байлар және колхозға қарсы үгіт-насихат тобының жетекшілері басқа да қылмыстық элементтермен бірігіп, өздерінің ойларын  жүзеге  асырған.

Талов, Жаңақала аудандарында және т.б. жерлерде колхозшылардың колхоздардан жаппай шығып кету фактілері жиі тіркелген. Талов ауданындағы бір колхоздан адамдардың топ-тобымен шығып кетуінің басты себебі – уәкілетті өкілдің колхозшыларға жасаған озбырлығы. Сонымен қатар шаруалардың наразылықтары егістік жұмыстарына шықпай қою және басқа да шаруашылық жұмыстарын орындамау сияқты  түрде  көрініс  тапқан.

Жаңақалада бір топ шаруа колхоздан шықпақшы болған кезде жергілікті органдар екі колхозшыны тұтқындап, қамауға алады. Мұны естіген колхозшылардың қалған бөлігі, барлығы 250 адам аудан орталығына келеді. Наразы топ изолятордың күзетшісінің қаруын тартып алып, екі колхозшыны босатып, қаруды кері қайтарып берген. «Изолятордағы басқа тұтқындарды не істесеңдер де өздерің біліңдер, біз өз адамдарымызды алып кетеміз», – деген. Аудан билігі бұл оқиғаны бүлік деп бағалап, округ орталығына телеграф арқылы хабар жіберген. Бұл наразылықты 1930 жылы көктемде Жаңақала ауданының №1 ауылының азаматтары ұйымдастырған. 1930-1931 жылдардағы Жаңақала көтерілісі тарихындағы  оқиғалардың  бірі.

Жымпиты ауданында да колхозшылардың бір бөлігі колхоздан шығатынын айтады. Алайда бұған жол бермей, оларды тұтқындайды. Колхозшылар мұндай заңсыздыққа наразылық білдіріп, арты жанжалға әкеліп соқтырады. Соның салдарынан билікке бағынбағандарды тыныштандыру үшін қару қолданылып, атыс болады. Ақырында үш колхозшы қаза  табады.

ОГПУ-дың Орал округтік бөлімінің 1930 жылғы 7 сәуірдегі ақпары бойынша Жымпиты ауданында шаруалардың наразылығы барысында атыс болғаны жөнінде тағы бір дерек бар. Онда «Жымпиты ауданының №20 ауылының байлары, барлығы 20 адам аңшы мылтықтарымен қаруланып, ауылдық кеңеске шабуыл жасады.  Олар «Қаруыңды таста! Кеңес өкіметі жойылсын!» деп ұрандатқан. Біздің отрядпен атыс кезінде қарсыласушылар жағынан бір адам өлді, екеуі жараланды және бесеуі тұтқынға алынды. Біз жақтан шығын жоқ», – деп  жазған.

Халық наразылығының бір формасы, әрі жан сақтаудың амалы үдере көшу болды. Тарихшы Т. Рысбековтің «Өскен өлке тарихы» еңбегінде келтірілген деректер бойынша 1930-1932 жылдары жалпы Батыс Қазақстан облысынан төменгі Еділ және орта Еділ өлкесіне, Түркіменстанға 35000 шаруашылық көшіп кеткен екен. Осы шаруашылықтардың 287-сі Жаңақала ауданынан және олар 1930 жылдың бір айы ішінде – тамыз айында ғана көшіп үлгерген. Бұл шаруашылықтардың 176-сы немесе 61,3%-ы кедей-батырақтар, 100 шаруашылық немесе 35%-ы орташалар, тек 11 шаруашылық немесе 3,9%-ы байлардың қатарына жатқызылғандар  болған.

1930 жылғы 15 тамыздағы мәлімет бойынша Талов ауданынан – 4000, Жәнібек ауданынан – 1545, Сламихин ауданынан – 400, Жымпиты ауданынан – 1833, Тайпақтан – 639 шаруашылық, ал Қаратөбедегі шаруашылықтардың 50%-ы көшіп кеткен.

Еділ өңіріне көшуді тоқтатпақ болып және көшіп кеткендерді кері қайтару ниетімен ол жерлерге аудан, округтен әдейі адамдар аттандырылып, осы бағытта жұмыстар істелгенімен, ол ешқандай нәтиже бермеді. Себебі кейін қайтып келушілерді колхозға алмай және ешқандай көмек бермей,  екі арада сабылған халық әбден күйзеліп, шарасыздыққа ұшырайды.

Қорыта айтқанда, біріншіден, Кеңес өкіметі шаруалардың наразылығына қарамастан, Қазақстанда, оның ішінде Батыс Қазақстан облысында ұжымдастыру саясатын күштеп жүзеге асырды. Мұндай өктем саясаттың артында «алып машина» сталиндік әкімшіл-әміршіл жүйе және оның Қазақстандағы өкілі, «шаш ал десе, бас алатын» Голощекиннің «Кіші Қазан» курсы тұрған болатын. Екіншіден, Кеңес өкіметінің ұжымдастыру саясаты шаруалардың әлеуметтік-экономикалық жағдайының күрт нашарлауына, дәстүрлі қазақ қоғамының ыдырауына, көшпелі мал шаруашылығының дағдарысқа ұшырауына алып келіп, жаппай ашаршылыққа әкеліп соқтырды. Бұған Батыс Қазақстан облысында да аштық жағдайларының орын алғаны дәлел болады. Аштықтың кесірінен халық күнкөріс үшін өздерінің қоныстарын тастап, босып  кетті.

деп айтқан. ОкрЗУ қызметкерлері, соның ішінде жер өлшеушілер де Орал округінен кетіп қалғысы келетіндерін білдірген, бірақ олар еңбек тәртібі бойынша ешқайда кете алмайды  екен.

Сламихин поселкесінің мұғалімі Быченкова екі фунт ұнды Ленинградтағы таныстарынан алдырғанын, бұған дейін оның азығы тек ет болғанын  мәлімдеген.

Шаруаларға нан Үкіметтен арнайы түрде мүлдем бөлінбейді. Сондықтан кедейлер тек ет жеуге, амалсыздан соңғы малын сойып тастауға, ал кейбірі қайыр сұрауға және шөп-шөңгелерді жеуге мәжбүр болған. Осындай адам төзгісіз жағдайлардан кейін шаруалар билікке наразылықтарын білдіріп, арыз-шағымдарын жеткізген. Нақтырақ айтар болсақ, Сламихин ауданы, Березов селолық кеңесі, Ялов хуторының кедейі Анна Глухова: «Аштан қатқанша, түрмеде отырғаным артық, әйтеуір онда нанмен тамақтандырады», – деген.

Ілбішін ауданы, Коловертный поселкесінің кедейлері Александра Нагибина, Г. Запрометов және Раиса Зрячкина: «Бір үзім нан жоқ, балалар аш, мына билік бізді аштан қырғысы келіп отырған сияқты», – деп айтқан.

Жымпиты ауданының №13 ауылындағы кедейлер Әбдірахман Көпжасаров, Хәкім Иманалиев және басқалары, барлығы сегіз адам аш жүрген. Себебі олар өздерінің алдындағы соңғы малын сойып тастап, енді ішерге ас болмағасын ауылды аралап, қайыр-садақа сұрап кеткен. Қаратөбе ауданының №13 ауылынан 8, №20 ауылынан 5 кедей адам тап осындай жағдайға душар  болған.

Қаратөбе ауданының № 13, 14, 15, 16, 17, 18, 19, 20, 21, 22, 23, 24 және 25 ауылдарының кедейлері мен батырақтары аштыққа ұшырап, әр ауылдан кемінде 10 шаңырақ мия тамыры сияқты жерден алынған шөп-шөңгені қорек еткен. Оның үстіне осы ауданның кейбір ауылдарындағы, мысалы №6 ауылындағы ашыққандардың қатары 50 пайызға  дейін  жеткен.

Теплов ауданы, Пылаев селолық кеңесі, Щучкин хуторында кедей Подпрыга ит терісін жеген,  Кожевников хуторында кедей Ефим Курохтин түйенің ботасын  сойып  жеген.

Зауральный ауданы, Покатиловка поселкесінде екі кедей отбасы, Алексеевка поселкесінде 3 отбасы аштықтан ісініп кеткен. Покатиловка поселкесінің кедейлері Тапешко мен Никонов бұл жерде аштан өлмеу үшін Орталық Азия жаққа бармақшы болған. Теплов ауданы, Сергиевск поселкесінде 5 отбасы аштықтан ісініп кеткен. Жаңақала ауданының №19 ауылындағы 318 шаруашылықтың тең жартысы, негізінен батырақтар мен кедейлер тек ұсақ балықтарды азық еткен.

Есқайрат ХАЙДАРОВ, 

Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың аға оқытушысы,

тарих  ғылымдарының кандидаты,

Орал қаласы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале