7.11.2025, 16:45
Оқылды: 183

«Вейптер мен дропперлік қауіпті»

Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында ақпараттық дәріс өтті. Шараның негізгі мақсаты – жастардың құқықтық және қаржылық сауаттылығын арттыру, қоғамдағы заң мен тәртіптің маңызын түсіндіру.

WhatsApp Image 2025-11-07 at 17.11.35

Дәріске Батыс Қазақстан облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің өкілдері қатысып, бірінші курс студенттеріне заманауи қоғамда кең таралып келе жатқан вейптер мен дропперлік қызметтің қауіптілігі туралы жан-жақты түсіндірді. Департамент мамандары атап өткендей, бүгінде білім алушылар – қауіп-қатер тобына жататын азаматтардың қатарында. Цифрлық технологияның дамуы, интернет пен әлеуметтік желілердің қолжетімділігі алаяқтарға өз әрекеттерін оңай жүзеге асыруға мүмкіндік беріп отыр. Сондықтан бұл дәріс жастар арасында қаржылық және құқықтық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған.
– Қазіргі кезде алаяқтардың айласы әлдеқайда күрделеніп кетті. Олар жалған сайттар ашып, тұрғындарға банк немесе мемлекеттік орган қызметкерлері атынан хабарласады. Сондықтан әрбір жас өз құқықтарын қорғаудың жолдарын білуі керек. Осындай түсіндіру және алдын алу шараларын жиі өткізу – жастардың қауіпсіздігі мен болашағы үшін маңызды, – дейді БҚО бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің бөлім басшысы Нұрлыбек Жақсығалиев.
Маманның айтуынша, елімізде соңғы жылдары «дропперлік» деп аталатын құбылыс кең тарала бастаған. Бұл – жеңіл табыс табу мақсатында өз банк картасын немесе жеке деректерін бөтен адамдарға беріп, алаяқтық әрекеттерге қатысу дерегі. Мұндай әрекеттер заң алдында қылмыстық жауапкершілікке әкеледі.

WhatsApp Image 2025-11-07 at 17.11.34
– Мысалы, Алматы және Астана қалаларында студенттер дропперлікпен айналысып, тергеуге алынған. Бұл – жастардың құқықтық білімінің төмендігін көрсетеді. Сондықтан әркім заңның үстемдігін түсініп, өз әрекетінің салдарын білуі қажет, – деді ол.
Дәріс барысында Қаржылық мониторинг агенттігінің өндірісінде болған нақты қылмыстық істер бойынша практикалық кейстер мен пайдалы бастамалар ұсынылды. Студенттермен ашық диалог жүргізіліп, олардың көкейлеріндегі сұрақтарға жауап берілді.

Шара соңында университеттің тәрбие жұмысы жөніндегі бөлім өкілдері жастарға заңды сақтаудың, азаматтық жауапкершілік пен мәдениеттің маңызын тағы бір мәрте еске салды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Заң мен тәртіп» аясындағы ақпараттық-ағарту шаралары жастардытан сақтап, олардың құқықтық сана-сезімін арттыруға сеп болмақ.

Гүлжамал Жолдығали,
«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале