Мәншүк Мәметова атындағы мемориалдық музейде опера әншісі, веложорықшы, өзбек елінің азаматы Хурсанд Шеровпен кездесу ұйымдастырылды. Жеңістің 80 жылдығына орай Өзбекстаннан Мәскеуге дейін велосипедпен сапар шеккен азамат жолшыбай қазақ елі арқылы Невель мен Новосокольники жеріндегі қос батыр – Мәншүк пен Әлия мәңгілік тыныстап жатқан мекенге тағзым етіп қайтқан.

Кездесуді музей меңгерушісі Ахмедияр Батырханов ашып, сөзді «Қоғамдық келісім» КММ директоры Нұрғали Жолдасқалиевке ұсынды. Нұрғали Қаршығаұлы батыр қыздардың ерлігіне тоқталып, алыстан ат терлетіп келген мейманға құрметін білдірді. Ал Хурсанд Шеров бұл сапардың өзі үшін рухани аманат екенін айтып, М. Мәметова музейіне бұған дейін де соққанын, осы жерден Ресейге қарай жол тартқанын еске алды. Мәскеуде өткен Жеңіс шеруіне қатысқан ол Невель тұрғындарының Мәншүктің туған еліне жолдаған сәлемін жеткізді.

– Мен – өнерге ғұмырымды арнаған адаммын. Өзбекстан мемлекеттік өнер институтын тәмамдап, ұзақ жыл бойы театр мен Батыр Закиров атындағы ұлттық эстрадалық-симфониялық оркестрдің солисі болдым. Соңғы он жылдан астам уақыт бойы менің өмірімнің бір маңызды бөлігі – велосипед. Велосаяхаттар арқылы мыңдаған шақырымды бағындырып келемін. Жол үстінде кумирім Муслим Магомаевтың әндерін шырқаймын. Ән арқылы адамдарға қуаныш сыйлаймын. Өзім де «қуанышты», «бақытты» деген мағынадағы есім иесімін ғой, соған сай өмір сүруге тырысамын. Бәрі жүрегіме «ишемиялық ауру» диагнозы қойылғаннан басталды. Ем ретінде велосипедті таңдадым. Сол сәттен бастап мен үшін қозғалыс өмірге айналды. Аристотельдің «Қозғалыс – бұл өмір» деген сөзі бар ғой. Менің де ұстанымым осы. Былтыр ғана Астанадағы дүниежүзілік көшпенділер ойынына қатыстым. Ол кезде мен Ташкент – Шымкент – Тараз – Алматы – Алтай өлкесі – Ұлан-Батор (Моңғолия) – Улан-Удэ – Чита – Владивосток бағытында 11 000 шақырымнан астам жол жүріп өттім. Әрбір елді мекенде шағын концерт қойып, халықпен емен-жарқын жүздестім. Бұл жолы Ташкентке оралғанда 9000 шақырымды жүріп өттім. Маған Қазақстан ерекше ыстық. Өйткені бұл елдің басты байлығы – адамдары. Жол бойында таныс болсын, бейтаныс болсын, әрқайсысы жаны ашып, халімді сұрап, көмек ұсынып, үйіне дейін шақырып, шынайы ықылас танытады. Мен де олардың сол мейіріміне өнеріммен жауап беремін. Менің миссиям – өнер мен спорт арқылы ел мен елді, ұлт пен ұлтты жақындастыру, – дейді жасы жетпіске таяп қалса да, қимылы ширақ веложорықшы.

Кеш барысында Хурсанд Шеров «День Победы», «Журавли», «Смуглянка» секілді кеңестік жауынгер әндерін ерекше шабытпен орындап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Осы кеште «Гүлдәурен» аула клубының жас өнерпаздары Самир Каримуллин «Ер Тұран» және Сұлтан-Бейбарыс Үмбетқали «Жұмыр қылыш» күйін нақышына келтіре орындады. Шақырылған қонақтар атынан ауған соғысының ардагері Нұрлан Мұхамбетқалиев пен өлкетанушы Думан Мұғалұлы өзбек бауырымызға жүрекжарды лебізін жеткізіп, ел-жерге деген құрметіне алғыс айтты. Кеш соңында музей меңгерушісі Ахмедияр Батырханов қонақ Хурсанд Шеровқа естелік кәдесый табыстады.
Жанерке Мерекеқызы,
«Орал өңірі»