Отандық ғалымдар елімізде ветеринария саласының шатқаяқтап тұрғанын айтудан да, жазудан да кенде емес. Алайда экономиканы өрге бастырып, ауыл шаруашылығын аяқтан тұрғызар саладағы түйінді түйткілдердің әлі күнге шешімі табылған жоқ. Мәселен, 2024-2028 жылдарға арналған агроөнеркәсіп кешенін дамыту жөніндегі «Қуатты АӨК» ұлттық жобасына ветеринария саласы енбей, жетім баладай ұмыт қалған.
«БҚО мал дәрігерлері» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, ветеринария ғылымдарының докторы, Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің ветеринария және биотехнология ғылыми-зерттеу орталығының директоры Ғайса Әбсатиров «Қуатты агроөнеркәсіптік кешен» жобасын жемісті жүзеге асыру үшін алдымен ветеринария саласын түпкілікті дамыту қажет деп есептейді.
– БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының мәліметтері бойынша, АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Италия, Германия сынды ветеринарлық қызмет жақсы ұйымдастырылған елдерде мал ауруларынан болатын жыл сайынғы шығын мал шаруашылығы өнімінің жалпы құнының 12,5-13 пайыз. Ветеринариялық қызметтің дамуы төмен елдерде бұл көрсеткіш 30-40 пайызға жетеді, – дейді Ғайса Әбсатиров.
Былтыр өңірде 21 түрлі аса қауіпті жұқпалы ауру тіркелген, соның салдарынан 1516 бас мал пышаққа ілінген. Тағы бір мәлімет келтірейік, былтыр облыста ветеринария саласын дамытуға 4,8 млрд теңге қаржы бөлінген. Алайда эпидемиологиялық қауіпсіздік саласындағы уәкілетті органдар арасындағы өзара іс-қимылдың жоқтығы, эпизоотияға қарсы іс-шаралардың тиімді ұйымдастырылмауы, жұқпалы ауруларды диагностикалау жұмысының жүргізілмеуі, оған қоса сала мамандарының тапшылығы мен отандық ветеринариялық препараттардың қолжетімсіздігі сынды қордаланған мәселелер сол шешілмеген күйі қалып отыр.
Ғалым ең алдымен, ветеринар мамандардың жалақысын арттыру арқылы мал дәрігерінің мәртебесін көтеру керек деп санайды.
«Бұл мамандық бойынша ЖОО-да оқуға жастар бармайды. Оқыса да, ауылда жұмыс істеуге құлықсыз. Өзге кәсіпті қол етіп, қалада қалып қояды. Егер жағдайды қазір түбегейлі өзгертпесек, 5-10 жылдан кейін мал дәрігерінсіз қалуымыз бек мүмкін. Өйткені қазіргі жұмыс істеп жүрген мамандар зейнетке шығады. Оларды алмастыратын ешкім болмайды. Қазір мал дәрігерлерінің не отыратын арнайы орны, мінерге жөні түзу көлігі жоқ. Жалақысы мардымсыз, ал жұмысы қиын. Маман тапшылығы қазірдің өзінде байқалуда. Ауылдық жерлерде мал дәрігерін табу оңай емес», – дейді профессор.
Ветеринария ғылымын түбегейлі зерттеумен айналысып келе жатқанына 40 жылдан асқан, 250-ден астам ғылыми еңбектің авторы, Хирш индексі 5-ке теңесетін ғалым су тасқынынан кейін төрт түлік арасында түрлі паразитарлық аурулар өршуі мүмкін екенін айтады. Өйткені ылғал қоры мол болғандықтан түрлі қансорғыштар мен зиянкестер күрт көбейіп, малға ауру тарату ықтималдығы артады. Осыдан екі жыл бұрын оралдық ғалымдар ойлап тауып, «Эпсилон» ЖШС өндіріске қойған «Дисалар», «Эстрозоль» және «Тимутин» ветеринарлық препараттары аз ғана уақыт ішінде жұқпалы аурулармен күресте тиімділігін дәлелдеп үлгерді. Бағасы импорттық дәрі-дәрмекке қарағандай әлдеқайда арзан әрі ауруға қарсы әсер ету уақыты да ұзағырақ.
– Кенелер динозаврлармен дәуірлес жәндіктер. Олар аш болса да ұзақ жыл бойы өлмейді, сақтала береді. Кенелер – экожүйенің мүшесі, ылғалды, жылы ауа райында өте тез көбейетін зиянкестер. Қазір өңірде кенелердің күрт көбейіп кетуін киіктер санының артуымен байланыстырады. Мүлдем олай емес. Ауыл шаруашылық жерлердің жөнді игерілмеуі, өңделмеуі мен мелиорациялық шаралардың сауатты жүргізілмеуі салдарынан кенелер үшін қолайлы жағдай туындап отыр. Ал олардың келтірер зардабы орасан зор. Түрлі қауіпті, жұқпалы ауруларды тудырып, төрт түлікке кесірін тигізеді, – дейді ғалым.
Қазір оралдық ғалымдар малдың терісін зақымдайтын шыбынқұрттарды емдеп жазатын «Вольфа Микс» және «Супер Гита» препараттарын ғылыми зерттеуді аяқтады. Алайда біздің ғалымдардың ғылыми ізденісінің жемісі мен жүйелі жолға қойылған өндірістің құзырлы министрлік пен уәкілетті органдар тарапынан қолдау таппай отырғаны қынжылтады. Тәжірибелі ғалым ғылымға әлі де жеткілікті көңіл бөлінбей келе жатқанына налиды. Бұрынғы қалыптасқан ғылыми әлеует пен инфрақұрылымды қалпына келтірмейінше, алға жылжуымыз қиын екенін айтады.
– Қазір ғылымға арқа сүйеген мемлекеттер әлемнің даму көшін бастап тұр. Ғылымды мемлекет дамуының өзекті мәселелерінен бөле-жара қарастыруға болмайды. Оны ел мен қоғам игілігі үшін тиімді пайдалану қажет. Бірнеше жыл бұрынғы пандемия, күні кеше болған су тасқыны, осының бәрі ғылымдағы әлсіз тұстарымызды ашып көрсетті. Ең алдымен – білікті мамандардың тапшылығы, іргелі ғылыми ортаның жоқтығы саланы дамытуға қолбайлау болып отыр. Еліміздегі жалғыз Ғылыми зерттеу институты Денсаулық сақтау министрлігіне өтті де ізі жоғалды. Соның салдарын енді көріп жатырмыз. Ашығын айтсақ, қазір әр ғалым өз қазанында қайнап жатыр. Әсіресе, өңірлердегі жағдай тіптен алаңдатарлық. Орталықтан келген құзырлы министрлік өкілдері жергілікті ғылыми ортамен кездесіп, пікір алмасуға, сұхбаттасуға ынталы емес. Ауыл шаруашылық министрлігінің ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті тарапынан қолдау жоқ. Ал ғылымсыз ел құрдымға кетеді, – дейді Ғайса Әбсатиров.
Ғалымның пайымдауынша, ғылыми қоғамдастық пен бизнес арасындағы өзара ықпалдастықтың тиімді тетіктерін жолға қою қажет. Ғылыми зерттеулердің нәтижелерін өндіріске кеңінен енгізу процесіне жергілікті әкімдіктер мен ірі кәсіпорындар мүдделі болса, ұтылмасымыз анық. «Қазір жастар ғылымға көп ұмтылмайды. Бұл өте алаңдатарлық жағдай. Дамыған елдердің тәжірибесі көрсетіп отырғандай, ғылымда ұрпақтар сабақтастығы үзіліп қалмауы керек. Ғылыми әлеуетті арттыруда жас ғалымдардың үлесі басымырақ, өйткені олар тәуекелшіл, жаңашыл, мобильді әрі өзгерістерге тез бейімделеді. Әсіресе, дарынды, қабілетті жастардың ғылыммен айналысуына жағдай жасау өте маңызды. Ғалымның пікірінше, ғылымды жан-жақты насихаттауға тұтас қоғам болып күш салуымыз керек», – деп қорытындылады сөзін бірлестік төрағасы.
Нұртай Алтайұлы,
«Орал өңірі»