14.10.2025, 16:15
Оқылды: 103

Ветеринариялық қауіпсіздікке – 4,8 млрд теңге

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт  Кемелұлы  Тоқаевтың  тапсырмасына  сәйкес  елімізде  ветеринариялық  қызметті  реформалау  жұмыстары  қарқынды  жүріп  жатыр.  Соның  аясында  ветеринар  мамандардың  жалақысын  арттыру,  цифрлық  технологияларды  енгізу,  процестерді  аутоматтандыру,  жаңа  нысандар  салу  мен  техникалық  жарақтандыру  бағытында  кең  көлемді  шаралар  қолға  алынған.  Бұл  өзгерістер   облыста  да  жүйелі  түрде  жүзеге  асуда.  Бұл  туралы  өңірлік  коммуникациялар  қызметі  алаңында  өткен  баспасөз  конференциясында  басқарма  басшысы Асхат Бралиев  мәлімдеді.

Бралиев брифинг

Биыл өңірдің эпизоотиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге 4,8 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген, оның 4,3 млрд теңгесі немесе 89 пайызы – жергілікті бюджет есебінен. Салыстырмалы түрде алғанда, 2024 жылы бұл мақсатқа 3,6 млрд теңге, ал 2023 жылы 2,8 млрд теңге бағытталған. Бөлінген қаражат эпизоотияға қарсы іс-шараларды жүзеге асыруға, санитарлық малдардың тасымалына, бұралқы ит-мысықтарды аулап, стерилизациялауға, ветеринариялық препараттар мен жануарларды бірдейлендіруге арналған сырғаларды сатып алуға, сондай-ақ материалдық-техникалық базаны нығайтуға жұмсалды.

Қазіргі таңда облыс көлемінде ветеринариялық іс-шараларды Орал қалалық және 12 аудандық ветеринариялық станция жүзеге асырады. Олардың құрамында 147 ауылдық ветеринариялық пункт бар. Жалпы штат саны 824 адамды құрайды, соның  643-і – ветеринар мамандар. 2022 жылдан бері мамандардың еңбекақысы кезең-кезеңімен өсіп келеді. Қазіргі уақытта еңбек өтіліне байланысты ветеринариялық дәрігерлер 309-320 мың теңге, фельдшерлер 228-256 мың теңге, санитарлар 160-190 мың теңге көлемінде жалақы алады. Басқарма басшысы мұның мамандардың әлеуметтік мәртебесін арттыруға және жұмысына деген ынтасын күшейтуге ықпал еткенін атап өтті.

Жануарлардың жұқпалы ауруларының алдын алу мақсатында биыл аса қауіпті 12 түрлі ауруға қарсы 11 млн-нан астам малды вакцинациялау және 2,2 млн басты диагностикалық тексеруден өткізу жоспарланған. Қазіргі уақытта облысқа қажетті 9,3 млн доза ветеринариялық препарат жеткізіліп, тоғыз айдың қорытындысы бойынша 7 млн 850 мың бас малға екпе жасалды.

Бруцеллез ауруын зерттеу барысында ірі қара малдың 683,7 мың басы тексеріліп, олардың 4 832-сінен оң нәтиже анықталған, сарыппен ауырғандары – 0,7 пайыз. Ұсақ мал арасында 1 млн
107 мың бас зерттеліп, 784 бас ауру жұқтырғаны белгілі болды, бұл 0,1 пайызды құрайды. Ауруға шалдыққан малдар облыстағы 10 мал сою орнында санитарлық жолмен сойылып жатыр. Осы уақытқа дейін 808 бас мал үшін иелеріне 10,8 млн теңге өтемақы төленген.

Жыл басынан бері облыс аумағында құтыру ауруының үш ошағы тіркелді. Олардың екеуі Бөкей ордасы ауданында, бірі Казталов ауданында болған. Барлық ошақта кешенді ветеринариялық іс-шаралар жүргізіліп, ауру толығымен жойылды. Қазіргі таңда өңірдегі эпизоотиялық ахуал тұрақты.

2025 жылы басқарма жануарларды бірдейлендіру жұмыстарын жүргізу үшін 1,3 млн-ға жуық сырға сатып алған. Оның ішінде 344 мыңнан астамы ірі қараға, 918 мыңға жуығы ұсақ малға, сондай-ақ түйе, шошқа және жылқы малдарына арналған. Жыл басынан бері 278,9 мың ірі қара, 418,7 мың ұсақ мал, 219 түйе, 10,4 мың шошқа және 53,1 мың жылқы бірдейлендіріліп, мәліметтері  дерекқорға  енгізілді.

Бұралқы ит-мысықтарды аулау және есепке алу жұмыстары да тұрақты жүргізілуде. Биыл 4 669 бұралқы жануар ауланып, оның 1 825-і биостерилизациядан кейін мекендеу ортасына қайта жіберілген, ал 2 844-і тұрғындардың өтініштері негізінде жансыздандырылған. Қазіргі таңда дерекқорда 27 120 ит пен мысық тіркелген, олардың 6 545-іне чип салынып, есепке алынған. Сонымен қатар жануарларды күтіп ұстау және серуендету қағидаларының бұзылуына байланысты 175 дерек анықталып, 3,6 млн теңге айыппұл салынған.

Материалдық-техникалық базаны жаңарту бағытында соңғы жылдары айтарлықтай жұмыс атқарылған. 2023-2025 жылдары ветеринариялық станцияларға 1,3 млрд теңгеге 147 жаңа қызметтік аутокөлік алынған. Қазіргі таңда облыстағы 147 ветеринариялық пункттің 34-і өз ғимараттарымен қамтылған, бұл – 23 пайыздық көрсеткіш. Биылдың өзінде жеті ветеринариялық пункт пайдалануға беріліп, тағы 12 нысанның құрылысы аяқталып, 10 нысанның құрылысы жалғасуда. Сонымен қатар ауылдық елді мекендерді мал қорымдарымен қамтамасыз ету де күн тәртібінде. Қазір өңірде 260 мал қорымы тіркелген, оның 62-сі биотермиялық үлгіде, 198-і шаруашылық тәсілмен салынған. Биыл Казталов ауданында бір мал қорымы пайдалануға беріліп, тағы жеті нысанның құрылысы аяқталды. Жыл соңына дейін 21 мал қорымын іске қосу жоспарланған.

Бұған қоса, облыс аумағында 222 сібір жарасы көміндісі тіркелген. Барлық көмінді мемлекеттік жер кадастры жүйесіне және топографиялық картаға енгізілген. 2024 жылы 125, ал 2025 жылы 97 көмінді цемент-бетон материалымен қоршалып, арнайы «Сібір жарасы» деген ескерту белгілері орнатылған. Алдағы 2026-2027 жылдары облысқа республикалық бюджеттен ветеринариялық станциялар мен пункттерді, сондай-ақ мал қорымдары мен инсинераторларды сатып алуға 3 млрд 528 млн теңге бөлу жоспарланып отыр.

Бүгінде облыс бойынша 33 мал сою нысаны жұмыс істейді. Оның төртеуі – ірі ет өңдеу кәсіпорындары («Кублей», «Жайық ет», «Батыс-Нық», «Терра Ақжайық» ЖШС-лары), сондай-ақ 15 мал сою пункті және 14 мал сою алаңы қызмет көрсетуде. Бұл салада 200-ден астам адам жұмыспен қамтылған. Биыл өңірде 3 жаңа мал сою пункті іске қосылып, жыл соңына дейін тағы төртеуін ашу көзделген.

Қорытынды сөзінде Асхат Бралиев облыстағы ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жұмыстарының алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасатынын атап өтті.

– Мемлекеттік қолдау мен тұрақты қаржыландыру ветеринариялық қызмет сапасын арттырып, ауыл шаруашылығының дамуына және тұрғындардың әл-ауқатына оң әсерін тигізуде, – деді басқарма басшысы.

Жанерке Мерекеқызы,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале