18.06.2024, 10:44
Оқылды: 214

«WORLDSKILLS ORAL-2024»: жұмысшы мамандықтар дәріптелді

Оралда 300-ден астам колледж студенті «WORLDSKILLS ORAL-2024» өңірлік чемпионатында бақ сынады. Осымен тоғызыншы мәрте өткізіліп жатқан дода төрт күнге созылды.

227062BC-28A6-4CBB-9E53-3B16906F9B79

Сапалы білім беру «Білімді ұлт» ұлттық жобасын іске асыру аясында өткен чемпионаттың негізгі мақсаты – жұмысшы мамандықтарын насихаттау және еңбек адамдарының мәртебесін көтеру. WorldSkills Kazakhstan ұлттық қозғалысын қолдау және заман талабына сай жас мамандарды әзірлеп, әлемдік тәжірибеге бейімдеу.

– Облысымызда «World-Skills» кәсіби шеберлік шемпионаты 2015 жылдан бері өткізіліп келеді. Бұл – халықаралық стандарттарды өзіміздің оқу бағдарламамызға енгізіп, мықты мамандарды
даярлауға жол ашатын жоба. Сол себепті аталмыш чемпионаттың жастар арасында жұмысшы мамандықтарды дәріптеуде маңызы зор. Бүгінгі додаға қала және өңір аудандарындағы колледждерден келген қатысушылар бәсекеге қабілетті, жоғары білікті әрі сұранысқа ие маман болып шығулары керек. Ендеше, сіздерге сәттілік тілеймін, - деді «АMANAT» партиясының мәжіліс залында өткен чемпионаттың ашылу салтанатында сөз алған облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов.

Орал өнеркәсіп

Байқаудың негізгі бөлігі Орал қаласындағы колледждерде жасақталған жарыс алаңдарында өтті. Қатысушылар 50 аталым бойынша бақ сынады. Оның ішінде мобильді роботтық техника, бояу және сәндік жұмыстары, ағаш шебері, аспаз ісі, шаштараз өнері, сән технологиясы, кондитер ісі, жеңіл автокөлікті жөндеу және қызмет көрсету, флористика, мейрамхана сервисі, аутобояу, ландшафтық дизайн, желілік және жүйелік басқару, графикалық дизайн, компьютерлік ойындарға арналған 3D модельдеу сынды салалар бар. Студенттердің жұмыстарын өз саласының кәнігі мамандары бағалады.

Олардың кәсіби шеберлігіне 300-ден астам сарапшы баға берді.

– Бүгінгі кәсіптік чемпионатқа жалпы саны 318 студент қатысуда. 308 сарапшы, бұған қоса 9 тәуелсіз сарапшы қатысушылардың жұмысын бағаламақ. Биылғы доданың ерекшелігі – құзыреттілік санының өсуі. Осыған дейін 40 құзырет болса, биыл олардың қатары толығуда. Бұл бізге жұмысшы мамандықтарын жарнамалап, жан-жақты насихаттауға мүмкіндік беріп отыр. Былтырғы республикалық чемпионатта өңір намысын қорғаған студенттер 1  алтын, 1 күміс, 2 қола медальді қанжығасына байлады. Биылғы жыл да қатысушылар үшін жемісті болады деп сенеміз, - деді ұйымдастырушылардың өкілі Жанна Жәнібекова.

B43E8652-A19B-46D7-BE88-C85AC75F2A49

Өңірлік чемпионаттың қорытындысында жеңімпаз-жүлдегерлер осы жылдың күз айында өтетін «WorldSkills Kazakhstan – 2024» республикалық кәсіби шеберлік шемпионатына жолдама алды.

Аружан Аманжол

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале