15.02.2021, 15:33
Оқылды: 28

Хабарламаға құлақ аспағандарға  – айыппұл

Өткен аптаның соңында облыс әкімі Ғали Есқалиевтің төрағалығымен Орал қаласындағы көпқабатты тұрғын үй құрылысының жоспары және қаланы қардан тазалау мәселесі бойынша кеңес өтті. Кеңесте өңір басшысы uralsk.smartmap.kz сайтында жеке және бюджеттік инвестициялар есебінен салынып жатқан көпқабатты тұрғын үй нысандары туралы ақпарат орналастырылып жатқанын  мәлімдеді.

IMG-20210212-WA0016

- Жаңа өзгерістерге сәйкес еліміздің тұрғындары зейнетақы жинағының белгілі бір бөлігін тұрғын үй жағдайларын жақсарту мақсатында қолдана алатыны бәріңізге белгілі. Біздің мәліметіміз бойынша облыста 26 мыңнан астам салымшы зейнетақы жинағының бір бөлігін кәдеге асыра алады екен. Олар облыс орталығында қандай тұрғын үй салынып жатқаны жөніндегі ақпараттан хабардар болғаны жөн. Осы мақсатта арнайы сайт жасақталуда. Сондай-ақ қаланы қардан тазалау жұмыстары уақтылы және сапалы жүргізілуі қажет. Біз үшін адам өмірі мен денсаулығы бәрінен де маңызды. Көше жолдары, жалпы жаяу жүргіншілер жолы мен ортақ пайдаланатын орындарды  қардан тазалау және оны шығару шаралары дер кезінде жүргізілуі тиіс, – деді кеңесті ашқан облыс  әкімі Ғали Есқалиев.

Қалада неше үй салынбақ?

Қала әкімі Абат Шыныбековтің айтуынша, 2021 жылы бюджет қаражаты мен «ҚПО б.в.» компаниясының қаражаты есебінен жалпы ауданы 114,1 мың шаршы метр 10 көппәтерлі тұрғын үй, барлығы 1226 пәтер пайдалануға берілмек. Ақжайық ЕТЖК-де жалпы саны – 25,  3783 пәтерлік инженерлік желілері бар және абаттандырылған үш тұрғын үйдің құрылысы бойынша жобалау-сметалық  құжаттама  әзірленуде.

– Биыл 285,2 мың шаршы метр коммерциялық тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарлануда. uralsk.smartmap.kz  сайтында жеке қаражат есебінен салынып жатқан көппәтерлі 30 тұрғын үй туралы ақпарат орналастырылды. Зашаған кентіндегі 9 қабатты екі үй,  Желаев кентіндегі 3 қабатты екі үй, Орал қаласында 5 және 9 қабатты 25 үй туралы мәліметтер енгізілді. Сайтта құрылыс нысандары орналасқан жері, мекенжайы, құрылыс салушы ұйымның атауы,  пәтер саны, құрылыс компаниясымен байланысу туралы ақпарат орналастырылған. Сондай-ақ  БЖЗҚ және Отбасы банк сайттарына тікелей сілтемелерді табуға болады. Бұл жерде «зейнетақы калькуляторында» болашақ төлемдердің болжамды мөлшерін есептеуге де мүмкіндік жасалған, –  деп атап өтті Абат Абайұлы.

Қар қайда шығарылады?

Қала әкімдігінің берген мәліметі бойынша тазартылған қарды шығару үшін рұқсат етілген орындар бар. Қар «Асан» карьеріне және Зашаған кентімен осындағы «Балауса» шағынауданындағы арнайы орындарға шығарылады. Қосымша тағы да бір орын  қарастырылуда.

Көлік қозғалысының қарқындылығы жоғарылаған кезде жолда  қар-мұз қабаттары пайда болады. Мұндай жағдайларда қар-мұз түзілмеуі және көктайғақтың алдын алу үшін құм-тұз қоспасы қолданылады. Қар жауған кездегі бастапқы міндет – жолдарды қардан уақтылы тазарту, оның тығыздалуын және қар-мұз тү-зілімдерінің пайда болуының алдын алу. Мұндай кезде щеткалары бар қар тазалағыштар, құмшашқыштар, роторлы қар тазалағыштар, тиегіштер, аутогрейдер, бульдозерлер, самосвалдар, сыпыру-жинау аутокөліктері жұмыс істейді. Тәулігіне екі ауысымда 260 бірлік техника (күндіз – 140, түнде – 120), 350 жұмысшы (күндіз – 300, түнде – 50) жұмылдырылады. Бүгінгі таңда шығарылған қардың жалпы көлемі  439 632 текше метрге жуық. Орал қаласы бойынша 1 238 көпқабатты тұрғын үй бар, оларға 108 ПИК қызмет көрсетеді. Көпқабатты тұрғын үйлердің іргелес аумақтарын тазалау жұмыстарын ПИК қызметкерлері жүргізеді.

Санитарлық нормаларға сәйкес мемлекеттік аутокөлік жолдарын тазалау және қаланың тыныс-тіршілігін қамтамасыз етумен «Жайық таза қала» ЖШС айналысады. Кәсіпорын тәулік бойы жұмыс істейді, сондай-ақ кезек күттірмейтін, алдын ала болжанбаған жұмыстарды орындау үшін еңбек заңнамасының талаптарын сақтай отырып, демалыс және мереке күндері де қызмет көрсетеді. Кәсіпорын қызмет көрсететін мемлекеттік аутокөлік жолдарының жалпы ұзындығы  615  шақырымды  құрайды.

Орал қаласы бойынша жаяу жүргінші жолдардың ұзындығы – 162 шақырым, қазіргі таңда соның 65 пайызы тазартылған. Бұл бағытта «Жайық таза қала» күнделікті жұмыс істеуде. Қала бойынша барлық магистральды көшенің жаяу жүргінші жолын алты ВТЗ тракторы сыпырады. Бұдан басқа қосымша 20 бірлік құмсалғыш, төрт бірлік вакуумдық аутокөлік жұмыстануда. Зашаған кенті бойынша 172 көше болса, жалпы ұзындығы 157 шақырымды құрайды. Қазіргі таңда барлық көшеге ауто-грейдер арнайы техникасымен жол кеңейту жұмыстары жүргізіліп, 19704 м3 көлемінде қар шығарылған. Кент аумағында 45 адамды құрайтын үш бригада және 20 дана арнайы техника екі ауысымда күнделікті жұмыс істеуде. Кент аумағындағы ұзындығы 50,4 шақырымды құрайтын жаяу жүргіншілер жолының  75 пайызы  тазартылған.

Әрбір жаяу жүргінші жолын  екі трактор қатар жүріп сыпырып шығады. Магистральды көшелер бойынша төбеден түскен қар мен еріген қар сулары жаяу жүргінші жолына мұз болып қатып қалады. Оның үстіне энертті материал тұзды, құмды қоспа шашылады.  Құмды қоспа мұзбен араласқан соң, қайтадан сыпырылады. Мұз оятын бес мобильді бригада жұмыс істеуде. Қарды қолмен аршуға арналған тағы да қосымша роторлы үш  құрылғы алынды. «Жайық таза қала» серіктестігінде 750 адам жұмыс істейді. Қала бойынша арнайы бөлінген учаскелерді қолмен тазалап, сыпыратын 30 бригада бар екен. Шаһар кеңейіп,  жаңа шағынаудандардың пайда болуына байланысты штатты ұлғайту жоспарлануда.

Қала көшелеріндегі төбеден қауіп төндіріп тұрған мұздарды алдырту және көшелердегі жаяу жүргінші жолдарын тазалау үшін мониторинг топтар жұмыс істеуде. Олар тиісті мекемелермен бірге ПИК басшыларына, кәсіпкерлерге абаттандыру ережесіне сай тексеру жұмыстарын жүргізіп, ескерту парақтарын таратуда. Әлеуметтік парақшаларға берілген ескертпелер бойынша жасалған жұмыстардың дейінгі және кейінгі суреттері үнемі жарияланып отырады. Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 505-бабында көрсетілген құқықбұзушылықтарды болдырмау мақсатында тиісті іс-шаралар  алынуда. Яғни жергілікті атқарушы құрылымдардың қызметкерлері жергілікті полициямен бірлесіп, белгіленбеген орындарда қоқыстың шығарылуын жою мен қарды жинау бойынша рейдтік  іс-шаралар  өткізуде.

Өткен жылы Орал қалалық полиция қызметкерлері 505 бап бойынша 1 856 құқықбұзушылық анықтады. Оның көпшілігіне ескерту жасалды және 786 650 теңге көлемінде айыппұл салу туралы 17 қаулы шығарылды. Нәтижесінде 709 310 теңге өндіріліп алынған. 2021 жылдың қаңтар айынан бастап құқықбұзушылықтың 17 дерегі анықталып, ескерту түрінде әкімшілік жаза  қолданылған.

«Таза  Орал» қосымшасының  маңыздылығы қандай?

«Таза Орал» қосымшасы кәсіпкерлерге шатырлардан қар мен мұзды уақтылы тазарту туралы хабарлайды. Бұл туралы Орал қаласы әкімінің орынбасары Мирас  Мүлкәй  мәлімдеді.

– Шатырдан құлаған қар-мұз машинаны бүлдіргенде немесе адам жарақат алған кезде бірден кінәліні іздеу басталады. Әр адам өз үйі, мекемесінің айналасын қардан, шатырын мұздан тазалап қоюы тиіс. Осы мәселені шешу мақсатында Орал қаласының әкімдігі қысқы кезеңде ғимарат аумағын тазарту бойынша «Таза Орал» арнайы қосымшасын әзірледі. Бұл бақылау және құлақтандыру жүйесі шатырларын қар-мұздан тазартпайтын қала аумағындағы бизнес нысандарын қадағалайтын болады. Қала әкімдігінің мониторингтік тобы бизнес иелерінің электронды поштасына немесе ұялы телефонына хабарламалар жіберетін болады. Тазарту туралы хабардар етілген кәсіпкер  бір тәулік ішінде мәселені шешіп, бес метр радиустағы аумақты толығымен тазартуы керек, – дейді қала әкімінің орынбасары.  

Ғимаратты уақтылы тазаламай, жауапсыздық танытқандарға көлемді  айыппұл салынады.

Оның ішінде жеке тұлғалар – 20 АЕК, шағын бизнес – 30 АЕК, орта бизнес – 40 АЕК,  ірі бизнес 100 АЕК көлемінде айыппұл арқаламақ. Бұл 87 мыңнан 1 миллион теңгеге дейін жетуі мүмкін.

Кеңесті қорытындылаған облыс басшысы uralsk.smartmap.kz сайты мен «Таза Орал» арнайы қосымшасын әлі де толықтырып, жетілдіру қажеттігін айтты. Сондай-ақ тұрғындар тарапынан түскен жеке тұрғын үй салуға жер алып, оған екі-үш қабатты үй көтеріп, сататындар туралы шағым облыс әкімінің назарынан тыс қалмады. Аталған мәселеге және шаһарда тұрғын үйдің шаршы метрі күрт қымбаттап кетті деген БАҚ-тағы мәліметтерге орай зерттеу жұмыстарын жүргізіп, халыққа нақты ақпарат беруді қала әкіміне тапсырды.

Гүлжамал Кенжеғалиева,

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале