Осыдан жеті жыл бұрын, яғни 2014 жылы Курск облысында қаза тапқан сарбаздардың сүйегі табылып, туған жерінде қайта жерленді. 1943 жылы Курск иінінде болған шайқаста қаза тауып, хабарсыз кеткен 70 сарбаздың ішінде тек үшеуінің есімдері белгілі болды. Іздеушілер тапқан сол үш сарбаз Қызыл Армия әскерлерінің тізімінде болмай, хабар-ошарсыз кеткендер қатарында саналып келген. Табылған сарбаздардың ішінде біздің жерлесіміз Хұси Жұмағалиев бар.
Оның қайда соғысқанын, қалай қаза тапқанын туысқандары тек 70 жыл өткесін білді. Іздеушілер соғыс сарбазының марапаттары мен каска, тиек, жолда алып жүретін ыдысы, қарындаш және ұстара сияқты жеке құралдарын туысқандарына берді. Хұси ағамыз жаумен шайқаста 1943 жылғы шілдеде 33 жасында қаза тапқан. Іздеушілер пулеметші Х. Жұмағалиевтің сүйегін Курск облысындағы Подзаборовка деревнясының аумағынан тапқан. Ол соғыстың алдында, яғни 1937 жылдан 1942 жылдың күзіне дейін Жымпиты орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, мектеп директоры болған.
Мектепті басқарғанда жас жеткіншектерге сапалы білім мен саналы тәрбие берудежоғары көрсеткіштерге жеткені үшін 1939 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының төрағасы М. Калининнің қолынан «Құрмет белгісі» орденін алған. Оның сүйегін іздеп тапқандар аталған орденнің нөмірі арқылы білген. Сарбаздың немересі Талғат Жұмағалиев атасының сүйегін елге алып келу үшін Курск облысының аталған деревнясына барған. – Атамның соңғы хаты 1942 жылдың қыс айында келген. Одан кейін басқа хабарошар болмаған, – дейді ол. Хұси Жұмағалиевтің табылған сүйегі Жымпитыға әкелініп жерленді.
Нұрым Нұрманов,
zhaikpress.kz