30.01.2026, 16:00
Оқылды: 11

Халықаралық ақындар айтысы басталды

Оралда белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Мұстақым Ықсановтың 100 жылдығына арналған “Ел үшін туған ер еді...” атты халықаралық ақындар айтысы өтіп жатыр.

WhatsApp Image 2026-01-30 at 16.58.13

Айтулы шараның ашылу салтанатына аймақ басшысы Нариман Төреғалиев қатысып, сөз сөйледі. Облыс әкімі жылдар жүзінде жауапты қызметтерді абыройлы атқарған асқақ тұлғаның мемлекеттік мүдде, халық игілігі жолындағы ерен еңбегі ел есінде сақталатынын айтып, мерейтой аясында мазмұнды да тағылымды іс-шаралар жоспарланғанын жеткізді.

Айтыс аламанының тізгінін ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Аманжол Әлтай ұстады. Бекзат өнердің бәсекесінде бақ сынаушылар қатарында Қырғыз елінен келген Арген Биймырзауулы, шымкенттік Нұрлан Есенқұлов, павлодарлық Аспанбек Шұғатай, жамбылдық Алтынкүл Қасымбекова, қызылордалық Мейірбек Сұлтанхан, қарағандылық Тілеген Әділов, ақтөбелік Аруна Керімбек және Жансая Мусина бастаған батысқазақстандық ақындар бар.

Қатысушылардың өнерін айтыс көшін алға сүйреп келе жатқан Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Ерман бастаған қарымды қаламгерлер, танымал ақындар Ғалым Жайлыбай, Өміржан Көпбосын, Дариға Мұштанова, Ғайсағали Сейтақ, Бауыржан Халиолла сынды қазылар алқасы бағалайды.

WhatsApp Image 2026-01-30 at 16.58.13 (1)

Ақындардың алғашқы жұбы Мұстақым Біләлұлының азаматтық болмысы мен қайраткерлік қырын, ел басқару ісіндегі өлшеусіз еңбегін жырға қосып, тұлғаның ғибратты ғұмырын ұрпаққа үлгі етті. Айтыс кешке дейін жалғасады.

 

БҚО әкімінің баспасөз қызметі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале