Оралда ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстан композиторлар Одағының мүшесі Донеділ Қажымовтың әндерін орындаушылардың «Ақ Жайық - ару мекенім» атты халықаралық ән байқауы аяқталды, деп хабарлады Ғарифолла Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның ақпарат бөлімі.
9-10 қазан күндері «Атамекен» өнер ордасында БҚО әкімдігі, облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының қолдауымен, Ғарифолла Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның ұйымдастыруымен Донеділ Қажымов әндерін орындаушылардың III халықаралық ән байқауы өтті.
Оған Маңғыстау, Қарағанды Қостанай облыстарынан, Астана, Шымкент, Атырау қалаларынан, Батыс Қазақстан облысы аудандары мен Орал қаласынан келген 21 дарын бақ сынады.
Байқау қазақ әндерінің дамуына өлшеусіз үлес қосып жүрген Донеділ Қажымов шығармашылығын келер ұрпаққа насихаттап, өнер әлемінде сазгердің әндерімен бірге өсіп келе жатқан жаңа жас таланттарды анықтауды мақсат етті.
Жас әншілердің өнеріне әнші-композитор Донеділ Қажымов, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Мұқтар Қалдаяқов, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, профессор, композитор, Қазақстан композиторлар Одағының төрағасы Серікжан Әбдінұров, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Айгүл Қосанова, Ақтөбе саз колледжінің директоры, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, ҚР мәдениет қайраткері Аманжол Исмагулов, Дәулеткерей атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижеры, «Құрмет» орденінің иегері, мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты, ҚР мәдениет саласының үздігі Еркін Нұрымбетов, мәдениет саласының үздігі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Жаскелең Ғайсағалиев төрелік етіп, жеңімпаздарды анықтады.
Өнер додасында Астанадан келген Армат Амандықов бас жүлдені жеңіп алса, ал бірінші орын батысқазақстандық Тарас Жауынбаевқа бұйырды.
Ақтөбелік Нұртас Омаров пен маңғыстаулық Серіжан Масжанов екінші орынға, тағы бір маңғыстаулық Ерхат Жакашев пен батысқазақстандық Мұрат Ахметов, атыраулық Бақтоты Какимова үшінші орынға ие болды.
Ал Түркістан облысынан келген үміткер Өсербай Бөріханов, Қарағанды облысынан Динара Дюсембаева, Қостанай облысының тумасы Әжібай Тасқын бауқаудың дипломанты атанды. БҚО-ның Жәнібек ауданынан қатысқан квартет «Көрермен көзайымы» аталымымен марапатталды.
zhaikpress.kz
Суреттер: Ғарифолла Құрманғалиев
атындағы облыстық
филармонияның ақпарат бөлімінен