8.11.2023, 11:15
Оқылды: 51

Халықаралық «ROBOLAND» байқауының жүлдегерлері атанды

«ROBOLAND – 2023» VIII халықаралық робототехника және инновациялық жобалар байқауында Орал қаласы NIS командасы ІІI орынмен қанжығаны майлады. Мектебіміздің 8-сынып оқушылары – Жомарт Кәрім, Алим Успанов және Жангир Жармухамбетов «Ғылыми жоба» категориясы бойынша бақ сынаған болатын.

453b63cc-07d7-49f2-bc50-0e06922112c6

Оқушылардың шығармашылығын дамытып, робототехника саласына қызығушылығын арттыру және инженерлік қабілеттерін шыңдау мақсатын өткен дәстүрлі байқау биыл Қарағанды қаласында ұйымдастырылды. Аталған сайысқа Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей, Грекия мемлекеттерінен және еліміздің әр өңірінен жас өнертапқыштар қатысты.

– Біз «Мұғалімнің көмекші роботы» жобасын ұсындық. Роботымыз ұстаздың жүктемесін өзі атқарады. Оқушылардың тест жауаптарын, білім деңгейін автоматты түрде жасанды интеллекті арқылы тексеріп береді. Сабақ кестесін реттейді. Сонымен қоса тоқсан соңында берілетін тапсырмаларды электронды түрде жасайды және тексерістен өткізеді. Камерасы бар. Сол арқылы қай оқушының шаршап отырғанын, қай оқушының ұйқысы келіп отырғанын анықтау қызметін істей алады. Бұдан өзге де қызықты функциялары бар, – дейді зияткерлер.

– Бұл байқаудың ауқымы кең болды. Мыңға жуық оқушы жұмысын таныстырды. Біздің санат бойынша барлығы 20 команда сынға түсіп еді. Оқушылар үмітті ақтады, 3-орынды иеленді, – деп пікір білдірді мектебіміздің робототехника үйірмесінің жетекшісі Нұрбол Қырықбаев.

Айта кетейік, Орал қаласы Назарбаев Зияткерлік мектебінде «Робототехника» үйірмесі жемісті жұмыс істеп келеді. Мектеп қоржынында бұл бағыт бойынша көптеген халықаралық, республикалық деңгейдегі жүлделер бар.

Мөлдір Латифова,

Орал қаласы Назарбаев Зияткерлік

мектебінің баспасөз-хатшысы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале