Түркістандағы Халықаралық туризм және меймандостық университетінің (IUTH) 200 студенті жазғы уақытта жұмыспен қамтылады. Атап айтқанда, 134 студент тамақтану орындарына, 24 студент қонақ үйлерге және басқа да орналастыру орындарына, ал 42 студент демалыс және ойын-сауық орындарына жіберіледі. Бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт министрлігі хабарлады.
Студенттердің іс-тәжірибесіне ақы төленеді. Егер студент өзін жақсы қырынан көрсетсе, олар стипендияны сақтай отырып, ресми түрде жұмысқа орналасуына мүмкіндік қарастырылған. Айта кетейік, IUTH серіктестерінің қатарында Rixos water world Aktau, Rixos President Astana Hotel қонақ үйлері және басқа да орналастыру және демалыс орындары бар.
«Отандық туризм индустриясын дамыту үшін мамандарды белсенді даярлау жүріп жатыр. Өндірістік тәжірибе - бұл процестің маңызды бөлігі. Бұл ретте студенттер өз мансабын ЖОО-да оқуын жалғастыра отырып және стипендиясынан айырылмай бастауға мүмкіндік алады. Осылайша, студенттер диплом алғанға дейін барлық қажетті тәжірибе мен дағдыларды алады», – деді Мәдениет және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев.