Теректі ауданына қарасты Сарыөмір ауылында белгілі жазушы Хамза Есенжановтың туғанына 115 жыл толуына орай мәдени-көпшілік шара ұйымдастырылды. Тойдың даңқын қырдан-қырға сүйреп, ат шапты, балуан күресті. Түс ауа сол мерекенің меймандары Жымпиты кентіне келді. Оның да өз сыры бар.
Хамза жүрген жолдармен...
Иә, Хамзекең – Шалқар көлінің жағасында өскен бала. Руы – «балық түйреген» барқын. Хамзаның біз үшін ыстық көрінетіні сол, Жымпиты мектебінде білім алды. Өмір даңғылына Өлеңті жағасынан аттанды. Міне, тарихшылар мен жазушы ұрпақтарының Сырым еліне келіп сәлем беруінде осындай сыр жатыр.
Қадірлі қонақтар ішінде академик, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің профессоры, биология ғылымдарының докторы, жазушының немере інісі Айтқожа Биғалиев, Абылай хан атындағы Халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты, Х.Есенжановтың келіні Дина Есенжан мен туыстары, Ақпараттық технологиялар виртуалды шындық саласы маманы Х.Есенжановтың немересі Хакім Есенжан, тарихшы-хамзатанушы Сайлау Сүлейменов, тарих ғылымдарының кандидаты, профессор, алаштанушы, Сырым ауданының Құрметті азаматы Дәметкен Сүлейменова, Х.Есенжанов атындағы облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасының ұжымы бар екен. Оларды Сырым ауданының әкімі Жұмагелді Батырниязов бастаған бірқатар тұрғын ауылдың сыртынан ақ ұсынып, күтіп алды.
Алдымен Жымпитыдағы Қадыр Мырза Әли алаңында болып, көркемсөз оқу шеберлерінің өлеңдерін тыңдап, Қадыр ақын мүсініне гүл шоқтарын қойса, кейіннен "Алаш" саябағындағы Алашорда үкіметінің қайраткерлеріне арналған мемориалдық кешеннің алдында естелік суретке түсіп, "Алаш" музейіндегі жәдігерлермен танысып, кейіннен С.Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейінде қонақтар Х.Есенжанов жайында естеліктермен бөлісті.
Сайлау Сүлейменов, тарихшы-ғалым:
Қонақтар Алаш музейін аралап жатқанда, біз Хамзекеңнің жоқтаушы інісі, белгілі тарихшы, өлкетанушы Сайлау Сүлейменовпен аз-кем сұхбаттастық. Жазушының өміріндегі Жымпитының алатын орынын сұрадық.
- Мен Хамзаның шығармашылығын зерттеген адаммын. Шынымды айтайын, билікті, жүйені қаралау түгілі, саясатқа қатысты ештеңе таппадым.
Кеңес үкіметінің «Халық жауы» деген терминін тарихшылар қолданбаса екен деймін. Адам бір кісіге немесе билікке жау болуы мүмкін. Тұтас халыққа жау бола алмайды ғой. «Халық жауы» деген қара күйе Хамзекеңнің де өмір парақтарын аз айғыздаған жоқ.
Жазушының «тізімге ілініп кетуіне» бірнеше себеп бар.
Хамзаны Мағжан ақынның өзі жақсы көрді, қадір тұтты. Бір жағынан Жұмабаевқа «күйеулігі де» бар еді.
Ілиястің өзі ілтипат көрсетті. Бейімбеттен бата алды. Хамза Бейімбет Майлинді «Әкей...» - деп сыйлаған. Суық таныстық емес, Алаш зиялылары мен Хамзекеңнің арасында рухани байланыс болған.
Ең бастысы, Хамза – Батыс Алашорданың астанасы – Жымпитыда білім алды. Жазушы Алаштың мектебінен осы жерде өтті. Арыстардың идеясы – оған дәріс, Жымпитыдағы еркіндіктің ауасы – оған дәру еді.
Ағамыз Ленинградта оқып жүрген уақта Неваның суына шомылып, жағасында күнге қақталып жатпай ма? Шалқардың жағасында өскен бала:
- Пай, пай! Мына жерге ақ шаңқай киіз үйді тігіп, сары бауырсақты пісіріп, сорпа ішіп, рахаттанып жатса қалай болар еді? – деп керіледі келіп. Елді аңсау, балалықты сағыну ғой!
Осы сөз бояуы өзгерген күйде «үш әріптің» құлағына жетті. «Хамза бұрынғыны көксейді, жаңа билікті жақтырмайды» - деген айып жазушының мойынына бұғау салды. Ақыры қуғындалды, айдау көрді. Ардақты жары София азаматымен бірге жүрді. Тағдыр қайсар жанды сындыра алмады. Лагерь қабырғасында жатып-ақ ол өлмес туындыларының нобайларын түсіре берді. Ақыры, он шақты жыл қуғыннан аман келіп, атақты «Ақ Жайық» трилогиясын жазды,- дейді Сайлау мырза.
Тарихшы-өлкетанушы Сайлау Сүлейменов ағамыз Хамза жүрген жолдарға жарық алып түсіп, түнекте, тасада қалған деректерді іздеп тапқан, архив сөрелерінен сәулелі ғұмырдың сынықтарын қолдап жинаған адам. Жұбайы, ғалым Дәметкен Сүлейменова екеуі Хамза Есенжановқа қатысты "Даласына лайық дарын", "Аққу-махаббат", "Арманым үндеседі Ақжайықпен", "Ақжайығын аңсаған азамат" атты кітаптар жазды.
"Хамзекең шығармашылығын проза емес, өлең жазудан бастаған адам" - деген еді Сайлау Сүлейменов. Сол ойын "Әдебиет порталы" сайтына берген сұхбатында тереңірек тарқатады:
- Хамза ағамыз кезінде Жымпитыда жүргенде өзінің алғашқы "Бағлан-барқын" немесе "Көңілдің қошы келгенде" деген өлеңдер жинағын жазған екен. Соны тауып алдық. Хамза – драматург та болған. Энциклопедияларда оның драматург екендігі ретінде дерек жоқ. Бірақ, жазушы "Биғайша" пьесасының авторы! "Аққу-махаббат" жинағына ол туындысын да ендіздік. "Бәйдібек-найман" деген туындысы – үлкен тарихи дүние, онда Хақназар хан кезінде орыс патшаларымен тікелей терезесі тең ел, мемлекет болғанын көрсетіп, қайраткер ретінде мына уақытқа дейін мемлекет болған жоқ дегенге жауап береді. Хамзекең Ленинградтағы Әдебиет және өнер институты аспирантурасын бітірген, келгеннен кейін М.Қаратаевпен бірге қазақ әдебиетінің хрестоматиясын жазған. Бастауыш мектептің хрестоматиясын жазған. Өзі оқыған Альма матерде сабақ берген. Ол – ғалым, ұстаз! Хамза Шолоховты қазақша сөйлеткен аудармашы. Міне, біз осындай асылды танымай жүрміз!" - дейді тарихшы.
"Луврда да бұлай әсерленбеп едім..."
Бұл – жазушының немере інісі Айтқожа Биғалиевтің Алаш музейін аралап шыққан кейін айтқан сөзі. Сегіз тілді меңгерген полиглот, әлемнің бірқатар елін аралаған, тарихымен танысқан азамат Жымпитыда ерекше тебіренгенін жасырмады.
Хамзаның тойы – Жымпитының да тойы. Хамза "Өлеңті жағасында" деген әңгімесінде казактармен шайқасып, кесіліп, шабылып қалса да, Жымпитыға тірі жеткен Халиттің ерлігін суреттейді. Хамза да – өзінің кейіпкері Халит секілді, айдалды, қуғын көрді, сынбады. Бастысы – жазып үлгерді.
Ал бізге, "Өлеңті жағасындағы" Хамзаны тану – міндет!
Бауыржан Ширмединұлы,
Сырым ауданы
Суреттерді түсірген әрі ақпараттарды жинауға жәрдемдескен: Айжан Амангелдина