Қазақстанның инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетінде «Хан ордасы» алғашқы қорығының тарихи-экологиялық маңызы және Қазақстанды жаңғырту идеяларын іске асырудағы көгалдандырудың рөлі» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Хан көгалдандырған мекен
Қазақстандағы алғашқы орман шаруашылығының құрылғанына былтыр 135 жыл толды. Осы атаулы датаға орай өткен іс-шарада өңірдегі орман шаруашылығының жай-күйі мен мәселелері, тарихы жан-жақты баяндалды.
Бөкей ордасы ауданындағы Хан ордасы тарихи-мәдени, архитектуралық-этнографиялық музей қорығының әдіскері Жангелді Төлешев орман тарихына шолу жасады. 1832-1836 жылдары хан Жәңгірдің шақыртуымен Г. Карелин құм өсімдіктерін зерттеп, құм көшкіндері аумағының кеңейіп, көптеген өсімдікке жойылу қаупі төніп тұрғанына назар аударған. Хан Жәңгір көшкін құмды тоқтату шараларын дер кезінде қолға алады. 1831 жылы шілдеде Орданың батыс бетіне отырғызу үшін ағаш көшеттерін сұратып, Орынбор әскери губернаторы П. Сухтеленге хат жолдайды. Ағаш көшеттері 1832 жылдың көктемінде Саратовтан әкелініп, Хан ставкасының батыс беткейінен бастап егіліп, уақыт өте үлкен ну орманға айналған. 1890 жылдың 27 наурызында осыдан тура 136 жыл бұрын Нарын орман шаруашылығы мемлекеттік мекемесі құрылған. Оның жалпы аумағы 137242, 2 гектар болған. Орман шаруашылығының алғашқы орманшысы болып М. Турецкий тағайындалады.

1910 жылы Нарын орман шаруашылығының жанынан Жасқұс тәжірибе стансасы құрылып, арнайы ағаш көшеттерін өсіретін питомник ашылыпты. Жангелді Аманкелдіұлы баян еткендей, кезінде осы жерде өсірілген жүзімдер Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы көрмесінде жүлдеге ие болған. Ол бүгінде шаруашылықтың 0,6 соттық жерін алып тұр. 1910 жылы Хан ставкасында Қазақстандағы алғашқы орман кондукторларын даярлайтын орманшылар мектебі ашылған. Осылайша жергілікті жерде мамандар даярлана бастаған. Оқу орны 1922 жылға дейін жұмыс істеген.
«Орда орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі» мемлекеттік мекемесінің қарауындағы Нарын орманында кәдімгі қарағай, қырым қарағайы, нарын терегі, ақтерек, пирамида тәрізді терек, кәдімгі емен, қайың, ақ акация, жиде, қандыағаш және тал түрлері өседі. Мұнда ҚР Қызыл кітабына енген, тек осы орманда ғана кездесетін шағыр, елекшөп тәрізді қияқ, миятамыр, көк сағыз, қысқааталық қызғалдақ сияқты өсімдіктер бар. Сондай-ақ қара тырна мен айдарлы тырна, торғай, шіл, бөдене, қарақұс, үкі, дала қыраны және Қызыл кітапқа енген дуадақ, безгелдек сынды сирек кездесетін құстар мекендейді.
Құм астындағы су деңгейі төмендеп барады
Конференцияның жұмысына сәттілік тілеген ҚазИИТУ құрылтайшысы, ҚР Ұлттық инженерлік академиясының вице-президенті, академик Ақсерік Әйтімов үлкен-кішіні өңірдегі жайқалған жасыл желекті аялауға, туризмді дамыту арқылы экономиканың дамуына үлес қосуға шақырды. БҚО бойынша экология департаментінің басшысы Мұрат Ермекқалиев Бөкей ордасы ауданындағы Хан ордасы табиғи экожүйелерді сақтау, экологиялық мәдениетті қалыптастыру тұрғысынан ерекше маңызға ие екенін атап өтті. «Кезінде ханның тікелей басшылығымен өсірілген қарағай орманы халықтың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған ұзақ мерзімді жоба болды. Бүгінде экологиялық қауіпсіздік пен табиғатты сақтау мәселелері Мемлекет басшысы айқындаған елді жаңғырту бағыттарының негізгі құрамдас бөлігі саналады», – деді департамент басшысы.

Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Нұрлан Рақымжановтың айтуынша, өңірде осы салада 8 шаруашылық жұмыс істейді. Олардың арасында «Орда» орман шаруашылығы жазық далада орналасуымен ерекшеленеді. Аумағы 16 400 гектар орманның бір бөлігінде қарағай өседі.
– Соңғы жылдары Орда орманындағы қарағайлардың жағдайы алаңдатып отыр. Мұнда зерттеу жүргізген ғалымдар оның бірнеше себебін анықтады. Біріншіден, климаттың өзгеруі. Әрине, климаттың өзгеруі тек Бөкей ордасына емес, өзге аудандардағы жасыл желекке де теріс әсер етеді. Қыс пен жазда түсетін жауын-шашынның мөлшері азайды. Екіншіден, қарағайлардың зиянкестері де олардың жайқалып өсуіне кедергі келтіруде. Орманда қараусыз жайылып жүретін малдың да зияны бар. Үшіншіден, жерасты су деңгейінің төмендеуі себеп болып отыр. Әрине, жыл сайын жаңа көшеттер отырғызылып жатыр. Орманды жайқалту үшін бар күш-жігерімізді саламыз деп есептеймін, – деді Нұрлан Сағынтайұлы.

Ғалымның айтары бар
Конференцияға Қазақ аграрлық ғылыми-зерттеу университетінің құрметті профессоры, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген орман өсірушісі Бақытхан Жүнісов қатысты. Бүгінде Шымкентте тұратын ғалым 1988-1996 жылдар аралығында Орда орман шаруашылығында бас орманшы болып қызмет еткен. Сол жылдары Орда құмын ормандандыру жөнінде Ресейдің Волгоград облысындағы Бүкілодақтық агроорманмелиорация ғылыми-зерттеу институты ғалымдарымен бірлесіп, екі ұсыныс өндіріске енгізілген. Сол ұсыныстар негізінде агротехникалық, механикалық жолмен жылына 20-50 гектарға дейін бағалы қарағай көшеттері егіліп, оның 80-90%-ы жерсінген. Ал тұқымбақта жылына 400-500 мың дана екіжылдық қарағай көшеттері отырғызылған.

– Орда қарағай орманы ауа райына және жерасты суларына өте тәуелді. Жерасты суының деңгейі 2,0 метр жерлердегі қарағайлар жақсы сақталған. Олар биік бөлтек құмдардың солтүстік беткейлерінде жерасты су деңгейі 3,5 метр болса да өсетінін дәлелдедік. Ал жерасты суларының деңгейі 0,5-0,7 метр болғанда, тығыз өскен алқаптарда минералды заттар мен оттегінің жетіспе-ушілігінен зардап шегеді. Диаметрі жіңішке (4-16 см), биіктігі 6-10 метр діңдері нашар дамиды. Зерттеулер Нарын биік-шұңқырлы бөлтек құмдарының орман егуге жарамды (жерасты суларының деңгейі 3,5 метрге дейін) үлесі 40-75% екенін, ал Жасқұс деңгейінен оңтүстік шығыс бағытта төмендейтінін көрсетті. Өте тығыз өскен қарағай алқабы жылына 300-350 мм ылғал тұтынады. Бұл ылғалдың 30-50%-ы орманға түсетін жауын-шашын арқылы беріледі. Қалғаны жерасты суларынан алынады. Сондықтан жартылай шөлді Нарын құмын үздіксіз толық ормандандыру мүмкін емес. Дегенмен есептеулер көрсеткендей, мұндағы жерасты суының жылдық ағыны қарағайды 30-35% қамтамасыз етуге жеткілікті. Орда массивінде қосымша 30 мың гектарға жоғары сұрыпты қарағай, қандағаш, ақ акация және жабайы жеміс ағаштарын өсіруге толық негіз бар, – деді Бақытхан Көлбайұлы.
Алайда Бақытхан Көлбайұлы салыстырмалы түрде айтқанда, соңғы 30 жылда Орда құмының санитарлық жағдайы нашарлап, орманның азып-тозғанын атап өтті. Бірнеше себебін алға тартты. Оның айтуынша, 1996 жылдан бері Жәнібек және Бөкей ордасы аудандарына Әймекен жерасты су қорынан жылына 270-300 мың текше метр ауыз су алынып жатыр. Бүгінде Қандағаш құмында ертеден өсіп келген көптеген бұта-ағаш, шөптесін өсімдіктің түрлері кездеспейді. Ал бұл жерасты суы деңгейінің төмендеп кеткенін көрсетеді дейді. Суды үздіксіз алудың салдарынан ұңғымадағы су деңгейі 12-15 метрге, орман алқабындағы су деңгейі 3-4 метрге түсуі әбден мүмкін.
– Бұлай жалғаса берсе, Орда аймағын өте қауіпті экологиялық апатқа алып келетініне сенімдімін. Құм астынан су алу жобалары Орда ауылы тұрғындарының, орманшылардың қарсылығына қарамастан, тек су мамандарының анықтауымен дайындалды. Экологиялық сараптама мүлде жасалған жоқ. Тағы бір себеп – мал шаруашылығымен айналысатын тұрғындар, кәсіпкерлер Орда құмын есепсіз және нормасыз жайылымға пайдалануда. 1996 жылға дейін совхоздың малы қырға жайылымға шығарылып, күзде қыстаққа әкелінетін. Ал қазір шаруалар бір орында отырады, мал құм алқабында есепсіз жайылады. 1995 жылдары Ордада тек 15 мың ірі қара болған, бүгінде 35 мың ірі қара бар. Келесі бір себеп – кезінде Ресейдің әскери полигонына 1 млн гектар жер берілгенде орман шаруашылығының 87615 гектары қосылып кеткен. Қазір меншігінде бар болғаны 16 405 га жер бар. Ал 87 615 гектар орман мен құмды алқап ешқандай қорғаусыз, қараусыз қалуда. Осылай бола берсе, Қандағаш, Мешітқұм, Дүйсеқұмдарын жақын жылдары құм басады. Кезек күттірмейтін мәселенің бірі – полигон жеріне өтіп кеткен құмды орман алқабын мемлекеттік мекеме меншігіне қайтаруды ойластыру керек. Бұлай мүмкін болмаса, жалға беру төлемінің бір бөлігін Орда орман шаруашылығы мемлекеттік мекемесінің бюджетіне беруді қарастырған жөн, – деді ол. Маманның айтуынша, ормандағы аса бағалы қарағайлардың санитарлық жағдайы нашарлап барады. Себебі қарағайларда өте қауіпті зиянкестер (сосновый пилилчик) көбейген. Бақытхан Көлбайұлы Орда құмының орман алқаптарына мал жаюға тыйым салу керек, құм жағалай отырған жеке мал иелеріне жазғы жайылымға көшуді міндеттеу қажет деген ойын жеткізді.
Облыста көшеттердің жерсіну көрсеткіші нашар
Ғылыми конференцияда Бөкей ордасы ауданындағы Хан ордасы тарихи-мәдени, архитектуралық-этнографиялық музей қорығы бөлімінің басшысы Мира Кутушева, осы мекеменің әдіскері Алмагүл Забесова, РФ Мәскеу халықаралық академиясының ректоры Михаил Романчук және басқалар сөз алды. Ал РФ Орынбор мемлекеттік аграрлық университетінің оқытушысы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Сәуле Жаймышова, Қырғызстандағы Жүсіп Баласағұни атындағы Қырғыз ұлттық университетінің доценті Чолпонбек Сыдықбаев қашықтан қатысты. Мәскеулік ғалым жер бетінде әр минут сайын бір футбол алаңындай орман оталады деген дерек келтірді. Бұрын жер шарында 6 млрд ағаш бар деп келсек, оның айтуынша, қазір 3 млрд түп жасыл желек қалған.

Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы бөлімінің басшысы Ернияз Майхарин өңірдегі орман шаруашылығының қазіргі жағдайы жөнінде баяндады. Облыстың жалпы ауданы 15 133 900 гектар болса, соның ішінде мемлекеттік орман қоры жерінің ауданы – 224 699 гектар. Соның 88 762 гектары – орман. Өңірде негізінен ақ және қара терек, емен, шегіршін, ақ тал, қайың мен көктеректер өсетін шоқ ормандар басым. Ормандар негізінен қорғаны-штық, су қорғау, топырақ-егіс қорғау, санитарлық-гигиеналық, сауықтыру және басқа да экологиялық маңызды қызметтерді атқарады.
Бөлім басшысының айтуынша, кейінгі жылдары облыста орман дақылдарының жерсіну көрсеткішінің төмендегені байқалуда. Орман орналастыру жобасына сәйкес, жерсіну деңгейі кемінде 65% болуы тиіс. Алайда нақты көрсеткіштер мынадай: 2021 жылы – 44,9%, 2022 жылы – 41,6%, 2023 жылы – 41,3% және 2024 жылы – 34,7%. Көрсеткіштің төмендеуіне агротехникалық шаралардың толық сақталмауы, екпелерді күтіп-баптау жұмысының жеткіліксіздігі, жергілікті тұрғындардың бақылаусыз мал жаюы, қолайсыз климаттық жағдайлар (құрғақшылық), көктемгі су тасқыны себеп болған. Агротехникалық талаптарды қатаң сақтап, егілген орман дақылдары қосымша толықтырылған. Былтыр орташа жерсіну көрсеткіші 54%-ға жетіпті.
Конференцияға Орда өңіріндегі орман алқабын жайқалтуға үлес қосқан көп азаматтың бірі, орманшы Меңжан Папашевтің туғанына 126 жыл толуына орай осы әулеттің келіні Қансұлу Папашеваға сый-сияпат көрсетілді.
Меңжан Мұхамедәлиұлы Орда ауылында 1900 жылы дүниеге келген. РФ Санкт-Петербург қаласындағы ауыл шаруашылығы институтының орман шаруашылығы факультетінде оқыған. Еңбек жолын 1920 жылы Астрахан қаласында бастаған ол кейін Ганюшкиннен Ордаға дейінгі аумақтың инспектор-бақылаушысы қызметін атқарған. 1928 жылы Орда орман шаруашылығының директоры болып тағайындалған. Осы әулеттің келіні Қансұлу Папашева орманшы атасын ардақтап, еске алып, құрмет көрсеткен барша азаматқа ризашылығын білдірді. Конференция аясында өңірдегі орман шаруашылығынан сыр шертетін көрме ұйымдастырылды. Қазақстанның инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетінің ректоры Әліби Баяховтың айтуынша, конференция қорытындысында резолюция қабылданып, мақалалар жинағы жарық көреді.
Ясипа Рабаева,
«Орал өңірі»