Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде «Ғылымға арналған ғұмыр» тақырыбында ғалым-ұстаз Дина Мендалиевамен кездесу өтті.

«Химиялық инженерия және процестер» білім беру бағдарламаларының «Химик» ғылыми үйірмесінің жұмыс жоспары аясында Индустриалды-технологиялық институтында ұйымдастырылған шара «Ғылымдағы әйелдер мен қыздардың халықаралық күніне» орайластырылды.
Оған университет оқытушылары мен студенттері және әр жылғы түлектер қатысты.

Алдымен бүгінде 80 жастың сеңгіріне шыққан химия ғылымдарының докторы, профессор Дина Кенжебекқызының өмірбаяны, ғылыми-педагогикалық қызметі және өнегелі еңбек жолытаныстырылды.
Құттықтау сөз алған Индустриалды-технологиялық институтының директоры Асқар Бакушев мерейтой иесін құттықтап, университеттің басқарма төрағасы-ректор А.Наметовтың құттықтау хатын табыстады. Бұдан әрі шақырылған қонақтар сөз алып, жүрекжарды лебіздерін білдірді.
Дина Кенжебекқызы – өңірімізге танымал тұлға, Социалистік Еңбек Ері, қоғам қайраткері Кенжебек Мендалиевтің қызы. Еліне адал қызмет еткен әкенің абыройлы жолына түскен қызы да саналы ғұмырын отандық ғылым саласына арнаған.
Соның ішінде қазіргі Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық университетінде «Химиялық инженерия және процестер» білім беру бағдарламасын ашуға ұйытқы болып, білікті кадрлар даярлау ісіне атсалысқан.
Нәтижесінде университетті әр жылдары бітірген химик-инженерлер бүгінде еліміз бойынша химиялық үдерістерді өндірісте жобалау, жетілдіру және басқару салаларында жемісті еңбек етіп жүр.
Жиын барысында ғалымның ғылым саласына қосқан үлесі, зерттеу бағыттары, кәсіби жетістіктері және шәкірт тәрбиелеудегі еңбегі туралы айтылды.
Қатысушылар Д.Мендалиеваның отандық ғылымды дамытудағы орны ерекше екенін атап өтіп, оның ғибратты ғұмыры мен табанды еңбегі жас ұрпаққа үлгі екенін жеткізді.
Түлектер ардақты ұстазға кәсіби жол көрсетіп, сапалы білім мен саналы тәрбие бергені үшін шынайы алғыстарын білдірді. Олар Дина Кенжебекқызын тек білікті маман ғана емес, өмірлік бағыт-бағдар беруші тәлімгер ретінде ерекше құрметтейтіндерін атап өтті.
Кездесудің мақсаты – білім алушылардың ғылымға деген қызығушылығын арттыру, ғылым жолындағы табандылық пен еңбекқорлықтың маңызын насихаттау болды. Ғұмырын ғылым саласына арнаған Д.Мендалиева – 400-ден астам ғылыми жұмыстың, жоғары оқу орындарына арналған аналитикалық химия бойынша қазақ тіліндегі типтік бағдарламаның авторы, сондай-ақ мектеп бағдарламалары мен бірқатар оқу-әдістемелік құралдардың тең авторы. 10-нан астам авторлық куәліктің иегері болған ғалымның ғылыми жетекшілігімен 10-нан астам кандидаттық диссертация қорғалған.
Өз кезегінде ғалым кездесуді ұйымдастырған Индустриалды-технологиялық институт ұжымына алғысын білдірді.
Әлия Оразова
аға оқытушы, магистр