1.09.2022, 10:00
Оқылды: 39

Ынтымақтың «Болашағы»

Өткен бейсенбіде Деркөл кенттік округінің Ынтымақ (Ветелки) ауылында «Болашақ» комьюнити орталығы ашылды. Орал қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің Мәдени-ағарту бірлестігіне қарасты орталық 2005 жылдан күні бүгінге дейін «Болашақ» аула клубы ретінде жұмыс істеп келген. Биыл меншігіне арнайы ғимарат бөлініп, ол күрделі жөндеуден өтіп, ауыл тұрғындары мен балалардың игілігіне берілді. 

5

Комьюнити орталығында тоғызқұмалақ, дойбы, көркем сөз, қамшы өру, атбегі, теннис, волейбол үйірмелері бар. Соған сай материалдық-техникалық базасы да жабдықталған. Мұнда жас мөлшеріне қарамастан, ауылдың кез келген тұрғыны келіп, қалаған үйірмесіне қатыса алады. Кітапханада кітап оқуға да мүмкіндік бар. Ғимараттың ашылу салтанатына жиналған тұрғындардың қарасы көп болды. Әсіресе, бүлдіршіндердің жүзінде нұр ойнап, көздерінен шаттық пен қуаныш сезімі байқалып-ақ тұрды. Іс-шара басталмастан бұрын ат жалын тартып мінген балалар «Аударыспақта мен сені жеңемін» деп бір-бірімен дауласып жатты.

7

– Азаматтардың құқығы мен бостандығының қорғалуын қамтамасыз ететін, мемлекет бірлігі мен тұтастығының кепілі саналатын негізгі құжат ол – Ата заң.  Осы мереке қарсаңында ынтымақтықтардың бос уақытын тиімді өткізуге арналған комьюнити орталығы ашылды. Өздеріңізге мәлім, «Болашақ» аула клубы бұған дейін жалпы орта білім беретін мектеп жанында болған еді. Енді, міне, арнайы ғимарат бөлініп, жабдықталып, орталық ретінде ауыл тұрғындарының, жас өрендердің игілігіне ұсынылуда. Мұнда ұлттық спорт түрлерін насихаттауға арналған үйірмелер бар. Ата дәстүрін жалғастырар ұлдарымыз көп болсын, – деді ғимараттың ашылу салтанатында сөз алған Орал қаласы әкімінің орынбасары Мирболат Нұржанов.

6

Орал қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің «Мәдени-ағарту бірлестігі» МКҚК-ның директоры Серік Тоқмамбетовтың айтуынша, шаһарда жалпы 12 аула клубы мен 7 комьюнити орталығы бар. Ынтымақ ауылындағы бұл орталықты күрделі жөндеуден өткізуге жергілікті бюджеттен жеті миллион теңге қаржы бөлінген. Үш ай мерзім ішінде ғимарат жөнделіп, пайдалануға беріліп отыр. Орал қалалық мәдени-ағарту бірлестігінде жалпы 104 үйірме жұмыс істейді. Оның 20-сы ересектерге арналса, 84-і мектеп оқушыларына қызмет етуде. Шаһардағы 1930 оқушы үйірмемен қамтылған.

– Ауыл тұрғындарының спортқа деген белсенділігі жоғары. Былтыр төрт мәрте ат жарысын өткіздік. Биыл ақпан айында балалар арасында асау жылқыны үйретуге арналған іс-шаралар мен көкпар жарыстары өтті. «Тұлпар» ат үйірмесі былтыр ашылды. Алғашында төрт бала қабылданса, бүгінде олардың саны отыздан асты. «Болашақ» комьюнити орталығына материалдық-техникалық базасы жабдықталған ғимарат бергеніне қуаныштымыз. Ауылдың қарадомалақтарының  да қуанышында шек жоқ. Бәрі мәз-мейрам болып жүр. Сондай-ақ оқушылар үш ай жазда бау-бақша өсіру бағытындағы  еңбек лагерімен қамтылды. Өздері көкөніс егіп, аптасына екі мәрте келіп суарды. Арамшөптерін жұлды. Бүгін сол көкөністерді теріп алмақ, – деді  «Болашақ» комьюнити орталығының жетекшісі Асылдана Нұрперзентқызы.

Орал қалалық мәдени-ағарту бірлестігінің қолға алған тың жобаларының бірі  – «Жасыл желек әлемінде»  атты бау-бақша өсіру еңбек лагері еді. Балаларды еңбекке тәрбиелейтін лагерь бірлестіктің төрт комьюнити орталығы маңындағы бос жерлерде ұйымдастырылған. Олар Круглоозерный кентіндегі «Шұғыла», Желаев кентіндегі «Ақ берен» және Ет комбинаты шағынауданындағы «Арай» мен осы Ынтымақ ауылындағы «Болашақ» орталығының ауласында. Әрқайсысында 40-50 жасөспірім қамтылған. Олар бақшаға қарбыз, қауын, қияр, қызанақ, сәбіз, баялды ақжелкен, пияз еккен. Кесте бойынша аптасына екі мәрте келіп су құйып, арамшөптерін жұлған. Осылайша, бүлдіршіндер маңдай тердің нәтижесін көріп, көкөністерді жинап алуда.

Комьюнити орталығының ашылу іс-шарасы спорттық ойындарға жалғасты. Жастар мен жасөспірімдер аударыспақ, волейбол, теннис және тоғызқұмалақ бойынша бақ сынап, жеңімпаздары алғысхаттарға ие болды. Ал бау-бақша лагерінің тәрбиеленушілері себетке жинаған көкөністерін ата-аналарына қуанып  алып бара жатты.

Гүлсезім Бияшева,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале