26.03.2024, 10:15
Оқылды: 44

Юлия Путинцева мен Елена Рыбакина Майами турнирінің ширек финалына шықты

Бұл туралы Қазақстан теннис федерациясы хабарлады.

mayami_turniri_yuliy_1711428126

Фото: ktf.kz

Қазақстанның екінші, әлемнің 68-ракеткасы Юлия Путинцева Майами WTA 1000 турнирінің ширек финалына жолдама алды.

Қазақстандық теннисші 1/8 финалда әлемнің 36-ракеткасы, украиналық Ангелина Калининамен сынға түсті.

Бірінші партияда Путинцева 4:0 есебімен алға кетті. Қарсыласына бір брейк беріп қойғанымен, өз дегеніне жетті – 6:4.

Екіншісінде есесіне Калинина алға шықты – 4:1. Дегенмен Юлия таразы басын теңестіре білді – 4:4. Содан кейін тай-брейкте жеңісті жұлып алды – 7:6 (7:5).

Юлия Путинцева жартылай финалға шығу үшін кезінде дүниежүзілік рейтингіде көш бастаған, қазір 32-орындағы Беларусь өкілі Виктория Азаренкомен кездеседі.

Елена Рыбакина Майами WTA 1000 турнирінің ширек финалына шықты.

elena_rybakina_mayam_1711428300

Фото: ktf.kz

Қазақстандық теннисші төртінші айналымда әлемнің 18-ракеткасы, 2017 жылғы АҚШ чемпионатының финалисі, америкалық Мэдисон Кизбен шеберлік байқасты.

Киз Рыбакина үшін қолайсыз қарсылас деуге болады. Осыған дейін үш рет кездессе, соның екеуінде америкалық спортшы жеңіске жеткен еді.

Бұл жолы бірінші партияда есеп 4:3 болған кезде Рыбакина брейк жасай алды – 5:3. Сосын сетке доп бергенде, өз мүмкіндігін жіберген жоқ – 6:3.

Екінші сетте Елена брейкпен алға шықты – 3:1. Дегенмен Киз қалыспады – 3:3. Есеп 5:5 болған мезетте қазақстандық теннисші тағы бір брейкке қол жеткізді. Сосын матчты эйспен түйіндеді – 7:5.

Елена Рыбакина жартылай финалға шығу үшін әлемнің 9-ракеткасы, грекиялық Мария Саккаримен кездеседі.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале