Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «ҚР Үкіметі мен Білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі БҰҰ арасындағы ЮНЕСКО аясында Мәдениеттерді жақындастыру халықаралық орталығын (2-санат) құру туралы келiсiмді ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданды.
Заң жобасының мақсаты - 2019 жылғы 25 маусымда жасалған, «Мәдениеттерді жақындастыру орталығы» мемлекеттік музейі» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының базасында Алматы қаласында ЮНЕСКО аясында Мәдениеттерді жақындастырудың халықаралық орталығының (2-санат) жұмыс істеуін көздейтін келісімді ратификациялау. Орталық ЮНЕСКО Бас конференциясының 36-шы сессиясында қолдау тапқан ЮНЕСКО аясында Мәдениеттерді жақындастырудың халықаралық онжылдығын (2013 – 2022 жылдар) өткізу туралы Қазақстан Республикасының бастамасын институционалдық қолдауды қамтамасыз етеді.
«Өздеріңізге мәлім, 2015 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ЮНЕСКО-да Қазақстан бастамасымен және БҰҰ Бас Ассамблеясы жариялаған Мәдениеттерді жақындастырудың халықаралық онжылдығын (2013-2022 жж.) өткізу аясында бұл бастаманы институционалды қолдау мақсатында ЮНЕСКО-мен бірлесіп, мәдениеттерді жақындастырудың халықаралық институтын құру туралы ұсыныс жасап сөз сөйлеген болатын. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің 2019 жылғы 2 қыркүйектегі «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауында этносаралық келісім мен дінаралық өзара түсіністікті нығайтуды жалғастыру қажеттігін атап өтті. Осыған орай шартты ратификациялау халықаралық деңгейде еліміздің беделінің артуына ықпал ететін болады», - деді Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова.
Халықаралық шартты ратификациялау аяқталғаннан кейін Орталық бұл жұмысты Қазақстан Республикасының мәдени саясатының басымдықтарына және БҰҰ-ның 2030 жылға дейін тұрақты даму саласындағы күн тәртібіне сәйкес жалғастырады.
Орталық:
- этностардың, мәдениеттер мен діндердің шығу тегі саласындағы іргелі және қолданбалы зерттеулер жүргізуге;
- түрлі өркениеттер мен мәдениеттердің өзара әсер етуінің кешенді процестеріне жарық түсіретін Ұлы Жібек жолын зерттеуге;
- мәдениетаралық қоғамдардың қалыптасуы және олардың ғаламшардың әр түкпірінде бірегейлігіне;
- түрлі этностардың мәдениеттерін жақындастыру бойынша форумдар, конференциялар, дөңгелек үстелдер, ашық дәрістер, тренингтер, онлайн-дәрістер өткізуге;
- халықаралық аудитория арасында бейбітшілік пен тұрақты даму мүддесінде мәдениетаралық диалог құндылықтарын таратуға бағытталған халықаралық ынтымақтастыққа арналған бірегей платформа болады.
«Бұдан басқа, алдағы 2022 жылы Мәдениеттерді жақындастырудың халықаралық онжылдығы бағдарламасының (2013-2022) аяқталуы күтіліп отырылғандығына байланысты Қазақстан атынан «Білім мәдениетінің халықаралық онжылдығы» бағдарламасын жариялау туралы бастама көтерілді. Білім мәдениеті мәдениеттердің жақындасуының дамуындағы келесі кезең, оның логикалық салдары болады. Жинақталған тәжірибе ЮНЕСКО-ның қамқорлығымен Мәдениеттерді жақындастырудың халықаралық орталығына қазақстандық қоғам мен жалпы адамзат қоғамының тұрақты дамуына ықпал ете отырып, осы идеяларды іс жүзінде іске асырумен табысты айналысуға мүмкіндік береді. Мәдениеттерді жақындастыру орталығына ЮНЕСКО-ның 2-санаты мәртебесін беру еліміздің ұлттық мүдделеріне сәйкес келеді әрі саяси және әлеуметтік тұрғыдан тиімді болады. Бұл өз кезегінде ЮНЕСКО жүйесінде Қазақстан Республикасының бастамаларын іске асыруды тиімді ілгерілетуге ықпал етеді», - деді министр.
inform.kz