ЮНИСЕФ-тің волонтерлік бағдарламасына 6 мыңнан астам қазақстандық қатысуда. Бұл туралы Қазақстандағы ЮНИСЕФ өкілі Артур ван Дизен айтты.
«Осыдан бір жыл бұрын Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда Волонтерлер жылын бастап берген болатын. Бұл оқиға өзіміздің волонтерлік бағдарламамызды ашуға шабыттандырды. Бүгінде ЮНИСЕФ-тің волонтерлік бағдарласы бүкіл ел аумағында жүзеге асырылып жатыр. Оған жастармен қатар аға буын өкілдері қатысуда. Олардың барлығын «біздің әрқайсымыз төңірегіміздегі әлемді жақсарта түсуге үлес қосуға тиіспіз» деген ортақ идея мен сенім біріктіреді. 2020 жылдың наурызында волонтерлік бағдарлама іске қосылған сәттен бастап, біз 6 мыңнан астам волонтерді тарта алдық. Олар өз кезегінде онлайн-дәрістер арқылы 5 мыңнан астам оқушы мен 1,5 мыңнан астам ата-анаға, сонымен қатар әлеуметтік желілер арқылы жарты миллион жасқа маңызды ақпараттарды жеткізуге көмектесті. Біздің онлайн-волонтерлік бағдарламамызға жастардың барынша белсенді қатысқаны қуантады»,- деді ол Волонтерлік қызметті дамыту жөніндегі халықаралық онлайн конференция барысында.
Оның атап өтуінше, ЮНИСЕФ-тің волонтерлік бағдарламасы коронавирусқа қатысты ахуал туындағанға дейін іске қосылған. Бірақ, шынайы ахуал ескеріле келе бағдарлама онлайн-форматқа бейімделген.
«Бүгінде үйден шықпастан-ақ қоғамдық өмірге өз үлесін қосуға мүмкіндік беретін волонтерлік бағдарламамыз жастарды тиімді жұмылдырып отырғанын байқадық. Волонтерлік тек төңірегіндегілерге ғана пайда әкелмейді. Сонымен қатар ол жас волонтерлердің дағдылары мен құзіреттерін дамытады. Мәселен, біздің «пластик фри» волонтерлік бағдарламамыз волонтерлердің бойына экологиялық дағдыны сіңіреді. Ал табиғи апаттар тәуекелін төмендету жөніндегі жобамыз төтенше жағдай кезінде қалай әрекет етуге қатысты баға жетпес білім береді», - деді Артур ван Дизен.
inform.kz